Мектеп инспекторларын ІІМ-нен алып, Білім және ғылым министрлігінің қарамағына беру мектептердегі тәртіп мәселесін одан әрі ақсатпай ма?
Жақында Елбасының құқық қорғау жүйесін реформалау туралы тапсырмасына орай, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарының қызметіне байланысты функциялары мен өкілеттіктері Ішкі істер министрлігінен алынып, Білім және ғылым министрлігінің қарамағына берілетіні белгілі болды. Бұл өзгеріс қазірдің өзінде көптеген мамандардың пікір қайшылығын тудырып отыр. Бірі «бұл өзгеріс мектептегі балалар арасындағы әлімжеттік, тәртіпсіздік мәселесін одан әрі ушықтырып жібереді» десе, енді бірі «бұрынғы өзгеріс халықаралық талапқа сай емес еді, жаңа өзгеріс дұрыс болды» деседі. Аталмыш өзгеріс жөнінде мамандарды сөйлетіп көрген едік.
Алтыншаш ЖАҒАНОВА, қоғам қайраткері:
Иә
– Мектеп инспекторларын Білім министрлігінің қарамағына беруді мүлдем қолдамаймын. Онсыз да бүгінгі күні кәмелетке толмаған жасөспірімдердің тәртіп мәселесі ушығып тұр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде 17000-нан астам жасөспірім қылмыстық есепте тұрған көрінеді. Ал былтырғы жылы 4500-дей жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл еліміздегі кәмелетке толмағандардың тәртібінің нашарлап бара жатқанын көрсетеді. Жеткіншектердің тәртібіне құқық қорғау орындарының өзі ие бола алмай отырғанда, педагогтердің жөнге келтіре қоюы екіталай. Осы орайда өз басым тәртібі нашарлаған жасөспірімдермен жұмыс жүргізуде педагог мамандардан гөрі құқық саласы қызметкерлерінің жұмысы әлдеқайда жемісті болар еді деп ойлаймын.
Жасөспірімдердің тәртіп мәселесі дәл осылай ушығып тұрған кезеңде бұл өзгеріс олардың тәртібін одан әрі нашарлатып жіберуі әбден мүмкін.
Адам темірдей тәртіп арқылы ғана тезге түседі. Айта кетер жайт – жасөспірімдердің тәртібімен айналысатын мектеп инспекторларының қызметі Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткеннен кейін темірдей тәртіп бола қоюы екіталай. Онсыз да бүгінгі күні ұстазын ұстаздай сыйлап, құрметтейтін оқушылар жоқтың қасы. Мектеп инспекторы ІІМ-нің қарамағында болған кезде оқушылар оған құқық қорғау қызметінің қызметкері ретінде қарап, формасының өзінен оның қатал тәртіптің адамы екенін ұғып тұратын. Қанша айтқанмен, қызметкердің қызмет функциясы өзінің саласына қарай болуының маңызы зор.
Білім және ғылым министрлігінің мойнына оқушылардың біліміне қоса, тәртібіне де жауап беруді ілуіміздің қажеті жоқ. Олар мектеп оқулықтарының, берілген білімнің сапалы болып, білімді ұрпақ қалыптастыруға күш салса да жетер еді. Өйткені бүгінгі күні мектеп оқушыларының ҰБТ-дан жоғары көрсеткіш жинап, сапалы білім көрсеткішін көрсетуінің өзі үлкен мәселе болып отыр. Бізге мұндай өзгерістен гөрі мектеп инспекторларының санын одан әрі арттырып, тәртіп мәселесін қатайтумен айналысқанымыз дұрыс еді.
Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты:
Жоқ
– Мектеп инспекторлары ІІМ-нің қарамағында болғаннан гөрі Білім және Ғылым министрлігінің қарамағында болғаны жөн. Кәмелетке толмағандардың біліміне қоса, тәртібінің де бір министрліктің құрамында болуы жауапкершілікті күшейтіп, жақсы нәтиже береді деп ойлаймын.
Негізі, тәрбие мен білім қатар берілуі керек. Әл-Фарабидің «Тәртіп пен тәрбие егіз берілгені жөн. Тәрбиесіз білім апат әкеледі. Өйткені ол білімді бола тұра, зиянды нәрсе ойлап табуы мүмкін. Сондықтан білім мен тәрбиені қатар қою керек» деген сөзі бар. Мектеп инспекторлары бұрын Білім және ғылым министрлігіне бағынбай, өздерін жеке сезінетін. Оның үстіне, бүгінде мектептерде мектеп инспекторларының жетіспейтіні жиі сөз болады.
Кейбір жерлерде мектеп инспекторларының жетіспеушілігінен бірнеше мектепті бір мектеп инспекторының қарамағына берген де жағдайлар кездесіп жатыр. Егер балалардың тәртібі тек қана Білім және ғылым министрлігінің қарамағына берілетін болса, онда олар жауапкершілікті күшейтіп, мектеп инспекторларының санын көбейтуді де қолға алып, тәрбие жұмыстарын күшейтер еді. Ал мұндай өзгерістер нәтижелі болары сөзсіз. Бүгінде жасөспірімдердің тәртібіне ата-аналар – мектепті, мектептегі ұстаздар «алдын алу жұмыстарын жүргізбейді» деп, құқық қорғау орындарын кінәлап шыға келеді. Ал бұдан былай кәмелетке толмағандардың білімі мен тәртібінің жауапкершілігін бір ғана мекемеден күтетін боламыз. Оның үстіне бұдан былай Білім және ғылым министрлігі, Білім басқармалары қарамағындағы мектеп инспекторларының жұмысына көңілі толмаған жағдайда талап қоя алады, тіпті ауыстыруға мүмкіндіктері болады. Ал бұл мектеп инспекторының жұмыс сапасын арттырары сөзсіз. Дәл қазіргі таңда мектеп инспекторы мектептерде бақылаушы, қарауылдың ғана қызметін атқарып отыр. Өзгеріс енсе, олардың да жұмыс сапасы артып, тәрбие мәселесімен көбірек айналысуы әбден мүмкін. Тағы бір айта кетер жайт – мектеп инспекторы Білім және ғылым министрілігінің қарамағына өткен жағдайда олар мектеп өміріне дендеп араласар еді. Қазіргі таңдағы жасөспірімдердің тәртібінің нашарлап кетуінің себебі – өз басым мектептерде ер адамдардан гөрі әйел адамдардың санының артуынан деп түсінемін. Біздің оқушы кезімізде мектептерде ер мұғалімдер көптігінен бе, оқушылар өте тәртіпті еді, ұстаздарын қатты сыйлайтын. Ал қазір бұл жағдай өзгерген. Сондықтан бұл өзгеріс жақсы нәтиже береді деп ойлаймын.
Бейтарап пікір
Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері, №59-мектептің директоры, Алматы қалалық мектеп директорлары кеңесінің төрайымы:
– Жасөспірімдердің тәрбиесі мектеп инспекторынан бұрын үйден берілетін отбасындағы тәрбиеге байланысты. Алматы облысы Тұздыбастау ауылындағы мектеп оқушыларының өз-өзіне қол жұмсау оқиғасына байланысты мектеп пен құқық қорғау орындарын айыптауда. Егер оқушы жоғары сынып оқушыларынан қысым көріп жүргенін алдымен үйдегі ата-анасына айтпаса, мектептегі мұғалімге, мектеп инспекторына мүлдем айтпайтыны онсыз да түсінікті. Үйде ата-анасы баласына дұрыс тәрбие беріп, балаларымен ашық сөйлесіп отырса, ондай қайғылы оқиға орын алмас еді. Бала ата-ананың сеніміне ие болуы қажет. Мектептегі мұғалім сабағына қоса, баланың тәртібімен айналысуына уақыты жоқ. Мектеп инспекторы да мектептегі мыңдаған баланың тәртібімен толық айналысуға шамасы жетпейді. Сондықтан ең алдымен отбасынан берілетін тәртіпті күшейту керек.