Мектеп директорларын қоғамдық сайлау арқылы жемқорлыққа шектеу қоя аламыз ба?
Еліміздегі орта мектептер білім берудің емес, сыбайлас жемқорлықтың отанына айналып бара жатқандай. Себебі қазір ел арасында «мұғалім болып орналасу – пара, босанған әйелдің өз орнына қайта оралуының өзі – пара, сағат бөлу – пара» деген сияқты әңгімелер қоғамымызда жиі айтылуда. Оның үстіне, ішкі істер министрінің деректеріне қарағанда, өткен 2008 жылы Семей қаласында сегіз мектеп директорының үстінен қылмыстық іс қозғалса, бұл сан оңтүстікте 17-ге бір-ақ жеткен. Осыны ескерген кейбір қоғам қайраткерлері «мектептегі жемқорлықты жою үшін мектеп директорларын қоғам болып сайлау керек» деген ұсыныстар айтуда. Бүгінгі ой-көкпарымыз да осы сұрақ негізінде болмақ.
Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері, Алматы қалалық мектеп директорлары кеңесінің төрайымы:
Иә
— Өкінішке қарай, мектеп директорларының атына кір келтіретін басшылардың барын жасырмауымыз керек. Қазіргі кезде мектепке білікті басшының келуіне жергілікті жердегі білім басқармаларының басшылары жауапты. Өйткені мектеп директорын әкімшілікке ұсыныс жасау арқылы осылар шешеді. Егер білім беру мекемесінің басшысы өзінің жұмысына шын жаны ашыса, онда ол таза әрі әділ сайлайды. Ал басшы қу құлқынның қамын ойлап, нәпсінің соңынан кетсе, оның арты жақсылыққа апармайды. Осындай қитұрқы сұрақтардың барлығы (Мектеп директорларын қоғамдық сайлау арқылы жемқорлықты шектей аламыз ба? – авт.) әлгіндей проблеманың кесірінен туындап отыр. Демек, басылым беттерінде мектеп директорларына қатысты сыни пікірлер көп айтылса, онда қазіргі жергілікті Білім басқармалары кадр таңдауда қателіктерге бой алдырды деген сөз. Себебі таяқтың ұшы мектеп директорына тигенмен, оның екінші ұшы Білім басқармаларына да тиеді.
Мен Алматы қалалық директорлар кеңесінің төрайымымын. Мектеп директорын сайлау кезінде сол жиналысқа сөзсіз қатысамын. Сонда директорлыққа үміткерге сұрақтар қою арқылы өз пікірімді айтамын. Оның білім саласындағы еңбек өтілі қанша, бұрын қай жерде жұмыс істеген, қандай жетістіктері бар осының барлығы ескеріледі. Осы жерде-ақ үміткердің білімі, деңгейінің қандай екендігі білініп қалады. Сосын оны сыртқа шығарып, комиссия мүшелері дауысқа саламыз. Ал енді кейбір аймақтарда директорды тағайындауды білім беру мекемесінің басшысы өзі ғана шешеді. Ондай басшылар қалай болса да ебін тауып, қалтасын томпайтып отырады. Сондықтан да осындай келеңсіздіктерге жол берілмес үшін мектеп директорларын қоғам болып сайлағанды қалар едім. Өйткені кей жерлерде кадр таңдауда білім басқармаларынан құрылған комиссия да кемшіліктерге бой алдырып жатады. Әрине, олар періште емес… Сол үшін таңдауды білім басқармаларына емес, тікелей халыққа беруді, көпшіліктің ұсынысы арқылы шешуді қалар едім. Бірақ бұл ретте бір нәрсені ескерген жөн. Сайлауды тамыр-таныстыққа, рушылдыққа айналдырмауымыз керек. Мектеп директорларын сайлаудың өзіндік бір механизмін жасап, әділ әрі шын мәнісіндегі директорға лайық адамды таңдауымыз қажет. Кейбіреулер бұған қоғам дайын емес деуі мүмкін. Біз бұлай жүре берсек, он жыл жүре беретін түріміз бар. Ата-аналарды, мұғалімдерді, жалпы қоғамды осы бастан сайлауға тартып, мектепке білікті директорды таңдауды халықтың өзіне қалдыру керек. Сондай-ақ жұмыстан шығару да көпшіліктің еншісінде қалсын. Сонда ата-аналар да, мұғалімдер де, жалпы жұртшылықтың да мектеп директорына деген көзқарасы өзгереді. Егер біз сайлау механизмінің жақсы тетігін тапсақ, жемқорлық та сонда тыйылады.
Құлбек ЕРГӨБЕК, жазушы-ғалым:
Жоқ
– Қазіргі әкімдердің барлығының ұлттық болмысы күшті, сауаты мықты деп айта алмаймыз. Сондықтан да олар қандай әкім – сондай оқу бөлімі (департамент) болғанын қалайды. Білім саласын елдің ыңғайына, мемлекетіміздің даму арнасына қарай емес, өзінің дүниетанымына, құнты-пейіліне қарай жасақтайды. Көбіне оқу бөлімі меңгерушісіне (департамент басшысына) әкім өзінің адамын қояды. Оның міндеті – жергілікті оқу бөлімдері басшыларын, әйтпесе мектеп директорларын тағайындау жолындағы қара параның делдалы болу ғана. Қазіргі таңда оқу бөлімі Елбасының, қала берді, министрдің оқу саясатын жүзеге асырушы-жүргізушіден гөрі жергілікті әкімқаралардың қолшоқпары, ақша жасағыш күмәжніксісі міндетін атқаруға саяды. Әлеуметтік саланың (оның ішінде ағарту саласының) сын көтермейтін халге жеткені, міне, осыдан!
Мектеп директорын қоғам болып сайлау біздің қоғамды сыбайлас жемқорлықтан құтқара алмайды.
Мектеп директорын қоғам болып сайлау сыбайлас жемқорлықтан құтқармайтын себебі – сайлау арқылы ол орынға ел, елдің ертеңі деп емешегі үзілетін шынайы педагог емес, ағарту саласына бөлінетін қаржыны жергілікті билікпен бөлісіп жейтін бизнесмен келеді. Одан да оқу бөліміне арлы, білімді азаматты тағайындап, оны қолжаулыққа айналдырмай, яки оны пара ұйымдастырушыға, сайлау шоқпарына айналдырмай, өз алдына қаракет ететін, өз ісіне шығармашылықпен қарайтын ТҰЛҒАҒА айналдыру керек! Одан жергілікті әкім пара талап етпеуі керек. Ол да мектеп директорларынан пара талап етпей, ақ, адал жолмен кадр іріктесін... Бірақ, бірақ... оқу бөліміне басшыны адал жолмен тағайындаған күні әкім асылып өліп қалуы мүмкін. Сондықтан ол күні, ол сағатта ықтият болып, «сақтықта қорлық жоқ», «Жедел жәрдем» көлігін әкімшілік ғимаратына таяп әкеліп қоюды ұмытпаған жөн...
Түйін
Қалай дегенмен де, ағарту саласы – мемлекеттің басты буыны. Ол лайланса тұтас қоғам лайланады. Қоғам лайланса – мемлекетке қатер. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ – елдің ертеңгі тұтқасын ұстар азамат. Сондықтан тұтас мемлекет, мұқым жұрт парақорлық, жемқорлықтың құрсауында қалмас үшін, бүгін, тап қазірден бастап еліне, мемлекетіне жаны ашитын жастар тәрбиелеп, ағарту саласын сыбайлас жемқорлықтан арылту үшін, Білім министрлігі барынша атсалысуы керек. Олай болмаған жағдайда күні ертең кеш болып, сан соғып қалуымыз ғажап емес.