Мектеп бітірушілерге екі сатылы тест тапсырту туралы бастаманы қолдайсыз ба?
2015 жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеу екі сатыға бөлінбек. Бірақ биылдан бастап бұл жүйе сынақ түрінде іске асырылады. Білім және ғылым министрлігі Бақылау жөніндегі комитет төрағасы Серік Ырсалиевтің мәлімдеуінше, биыл ҰБТ-ның төңірегінде бірнеше өзгеріс енгізілген. Біріншіден, ҰБТ-ны өткізу сапасын Білім және ғылым министрлігінің 1,5 мыңнан аса өкілі қадағалайды. Мамандар тестілеу пункттерінің басым бөлігіне металл іздеушілер орнатып, металл детекторлар пайдаланады. Екіншіден, мектеп түлектері биылдан бастап мектепте тестілеуден және оқу орнына түсу үшін тағы бір тестіден өтеді. «Биыл 16 аймақтың 32 мектебінде байқап көру мақсатында тесті өткізіледі, оның қандай да бір заңды күші болмайды. Эксперименттің мақсаты тестінің жаңа форматын балалар қалай қабылдауда, соны түсіну», – дейді С.Ырсалиев мырза. Бірінші кезеңде алынған бағалар аттестатқа енгізіледі деп көзделуде. Бірақ аталмыш формат бекітілмей тұрып-ақ қоғамдық пікір екіге бөлінді. Бірі екі сатылы ҰБТ-ның пайдасы көп десе, бірі түлектердің құқығы жерге тапталады деген баға беріп отыр.
Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры:
иә
– Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі сатымен жүргізу – ҚР Білім және ғылым министрлігінің осыдан бес жыл бұрын, тіпті одан да ертеректе жоспарлап, қолға алмақ болған идеясы. ҰБТ жүйесі біздің білім беру саламызға енбей, оны жүргізудің тәртіптері бекітілмей тұрып көтерілген мәселе болатын. Бірақ соны іске асырудың ыңғайы 2015 жылға келіп тірелген тәрізді. ҰБТ-ның мектептерге берері де, пайдасы да көп. Тестілеу аттестат алуға, оқуға түсуге, ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық мектептердің рейтингісін анықтап беруге мүмкіндік береді. Осы үш басымдықтың арқасында ел арасындағы қобалжу үдеп бара жатқанға ұқсайды.
Бүгінгі таңда ҰБТ-ның көмегімен қазақтың тарихында болмаған білім сапасына деген қызушылық оянды. Қазір мектептердегі білім беру деңгейіне аудан, облыс әкімдеріне дейін араласады. Бұрын қай кезде облыс әкімі қай мектепте, қандай білім беріліп жатқанымен жұмысы болып еді? Мектеп білім сапасының көрсеткішін керемет деп көрсетіп берсе, «керемет екен» деп отыра беретін әкімдердің бүгінгі әрекеті өзгеше. Ал қазір мектептен бөлек, білім басқармаларының өзінің жұмысы қатаң бақылауда. Ата-аналардың да ҰБТ-ның арқасында білім беруге қатысты ақпарлары артып, мектептерді таңдауға келгенде салыстырмалы түрде дұрыс шешім қабылдай алуы үшін зор мүмкіншіліктер туды. Әйтпесе бұрын ата-ана да қай мектептің қандай білім мен сапалы тәлім-тәрбие беретінінен бейхабар еді. Ал бұл дегеніміз – сапалы білім беру мәселесіне қоғам да араласты деген сөз. Қанша жерден ҰБТ-ны жамандасақ та, пайдасының көп екені анық. Жастардың өз-өзіне қол салуы, ауқатты отбасылар мен жағдайы төмен отбасынан шыққан балалардың арасындағы санасушылық, тест тапсырмастан жоғары оқу орындарына түсіп кетіп жатқан жастар мен университеттегі профессор, ректор ағаларының арқасында оқып жүргендерге қатысты қоғамдық кикілжіңдердің барлығын жоюға осы ҰБТ себепші болды. Яғни екі сатылы ҰБТ-ның да берері мол болмақ. Әрине, зиянды жақтары да болар, себебі адамның қолымен жасалған дүниенің 100 пайыз пайдалы бола беруі мүмкін емес. Бірақ біз пайданың қаншалықты, зиянның қаншалықты ірі екенін аңғаруымыз керек. Егер мектеп түлегі екі сатылы ҰБТ-ның бірінші сатысынан өтіп, аттестат алып, ақылы бөлімге оқуға түсе алатын мүмкіншілікке ие болса, бұл жүйенің пайдалы жағы болмаса, зияны болмайды. Ең бастысы, ЖОО-ға оқуға түсу үшін тапсырылатын тестілеулерді оқу орындарының қолына бермеуді қадағалаған жөн. Олай дейтініміз, өмірдің мәні ақшаға айналған нарықтық заманда ҰБТ-ның кез келген форматы табыс көзіне айналып кетуі мүмкін. Егер ҰБТ осылайша тестілеу орталықтары мен Білім және ғылым министрлігінің бақылауымен, тіпті үкіметтік дәрежеде тапсырыла беретін болса, біршама әділеттіліктің орнайтынына күмәнім жоқ. Білім саласында қандай реформа қолданылып, өзгеріс енгізілсе де, Үкімет те, министрлік те, мектеп те, білім беру ұйымдары да, ата-ана да бір нәрсені ұмытпауы тиіс, ол – баланың мүддесі әрдайым жоғары тұруы. Егер кез келген жаңалықтың балаға қаншалықты пайдалы екенін ойластырар болсақ, ешқайсымыз жаңылмаймыз деп есептеймін.
Маргарита ӨСКЕМБАЕВА, Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институтының директоры:
жоқ
– Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі сатылы жүйемен жүргізуді өз басым мектеп түлектерінің құқығын жерге таптау деп есептеймін. Себебі ҰБТ бастапқыдан-ақ тек балалардың білім деңгейін анықтау үшін ғана құрылған болатын. Бірақ қазіргі көзделген мақсат біршама күрделенгенге ұқсайды. Онсыз да халық үшін қиын кезеңге айналған бір реттік тестілеу енді екі рет жүргізілетін болса, балалардың құқығы да екі еселеп бұзылатыны анық. Біріншіден, психикалық күйзеліс екі есеге артады, екіншіден, білім алу мүмкіншілігі шектеледі. ҰБТ тапсыру басталғалы бері баладан бөлек, ата-ананың жүйке жүйесі тозып, мектептердің бірімен-бірі жарысып, рейтинг үшін үлгерімі нашар оқушыларды тестілеуден шеттету де көбейіп кетті емес пе?
Сонда ол тестілеуді екі рет өткізу керек деген бастаманы көтеріп отырғандар қалайша оқушылар мен ата-аналардың халін ескермейді? Әрине, Қазақстан Болондық жүйеге көшкелі бері ҰБТ-дан қалай болған күнде де бас тарта алмайды, біздің де қарсылығымыз жоқ, десек те, суицидтің көбеюі, жастардың мінез-құлқының күрделі өзгеріске ұшырауы – өте үлкен мәселе. Менің ойымша, ҰБТ-ны жүргізудің жаңа ережелерін қарастыру керек, ең бастысы, балалар қиналып, жапа шекпеуі тиіс. Бұл аздай, тағы 1,5 мың адам тестілеу залдарында қадағалаушы маман ретінде Білім және ғылым министрлігінің атынан аттанбақ. Олардың қандай қажеттілігі бар? Онсыз да түлектерді бақылаушылар жетеді емес пе?! Ешкімге де жасырын емес, сол 1,5 мың адам, яғни 1,5 мың жұмыс орны, әйтеуір мемлекеттің қаржысын қымқыру керек. Оларды оқытады, жалақы төлейді, сөйтіп, пайдасыз дүниеге тағы да ақша шығарамыз. Залдағы бақылаушы адамдардың артуы түлектердің ойын жинақтауына да кері әсерін тигізері сөзсіз. Ол адамдардың қандай мінезді, психикалық тұрғыда қандай екенін де бір Құдай білсін. Сондықтан мектеп түлектерін екі сатылы тестілеуден өткізу керек деген бастамаға баланың жайы мүлдем ескерілмеген деген баға бергім келеді.
Бейтарап пікір
Ербол СЕЙІТҰЛЫ, Алматы қалалық дарынды балаларға арналған №165 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры:
– Екі сатылы тестілеуді біздің білім беру жүйемізге баяғыда-ақ енгізу керек болатын. Мұның пайдасы мынада: қазір бүкіл мектептер орталықтандырылған жүйемен ҰБТ тапсырады. Кейін әрқайсысының нәтижелерімен рейтингілер құрастырылып, жарыс басталады, тап бір бәйге сияқты. Рейтинг шығармаңдар, жасамаңдар десе де, жасалады. ҰБТ алғаш рет іске аса бастағанда ешкім-ешкімнен рейтинг сұраған жоқ, әркім өз ритмінде жұмыс істеді. Енді сол рейтингілік жүйені осы екі сатылы тестілеу жоюы мүмкін. Бала ҰБТ-ның бірінші сатысының арқасында әділ, тиісті бағасын алады, ал екінші сатысын оқуға түскісі келсе тапсырады да, түскісі келмесе, тапсырмайды. Қазір көптеген мектеп оқу үлгерімі төмен оқушылардан ҰБТ-ға бармауын өтінеді. Неліктен? Әрине, мектептің рейтингісі үшін. Ол аздай, мектептің, мектеп директорының және ұстаздардың бір жыл бойы жасаған жұмысы ҰБТ-дағы 11-сыныптың бір көрсеткішімен бағаланады, мен қарсымын, себебі дұрыс емес. Бірақ екі сатылы ҰБТ бұл олқылықтардың орнын толтырарына сенімім мол.