Әскери міндетін өтемеген азаматтарды мемлекеттік қызметке алмау қажет пе?
Көптеген елде әскер қызметтің бір саласы ретінде ғана қарастырылған. Яғни азаматтарды әскерге баруға ешкім міндеттемейді, қалаған адам ғана келісімшарт арқылы бұл қызметті атқарады. Ал әскерге барғысы келмейтіндер мемлекетке басқа салалар арқылы қызмет етеді. Кейбір мамандарымыз Қазақстанға осы тәжірибені енгізу қажет деп есептейді. Ал екінші жағынан алып қарасақ, қазіргі күні жастар арасында «Отанға қызмет ету» деген ұғым азайып бара жатқан секілді. Сондықтан да екінші бір мамандар «әскери міндетін өтемеген, жалтарған азаматтарды мемлекеттік қызметке алмау керек» деген пікір ұстанады. Бұған ел арасында жүрген беделді азаматтар не дейді екен?
Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:
Иә
– Бүгінгі күні патриоттық тәрбие мәселесін күн тәртібіне шығарып, оны талқылаудың маңызы өте зор. Себебі жас мемлекет болғандықтан, бізге елдің еңсесін көтеріп, оған адал қызмет ететін азаматтар керек. Менің ойымша, әскери міндетін өтемеген немесе одан жалтарған азаматтар ертең мемлекеттік қызметте де мандытып жұмыс істемейді, оның еңбегінің берекесі болмайды. Сондықтан мұндай азаматтарды мемлекеттік қызметке алмау керек. Халық сенім артып отырған мемлекет қызметкері өзінің қалтасы мен қарын қамын ойлап отырса, ол кімге жақсы? Халықтың мемлекетке деген сенімі мен үміті азайып кетпей ме? Оның мемлекетке, керісінше, шығын келтіріп, атына кір жұқтырмасына кім кепіл?
Қазіргі күні Ресейде де осы патриоттық мәселені бірінші орынға шығарып жатыр. Жастарға мемлекетшілдік, Отанға қызмет ету, тәрбие беру жағынан үлкен көңіл бөлінуде. Бұл жағынан біздің көрші елден үйренетініміз көп. Әрине, қазір жастардың көбі білім алуға, жоғары оқу орнына түсуге барынша талпынып, талаптанады. Бұл өте жақсы үрдіс екені белгілі. Бірақ осы ретте Отанды қорғап, әскери міндет атқаруды да ұмытпау қажет. Егер бала оқуға түссе, әскери кафедрада оқысын. Ал кафедраға түсе алмай қалған бала оқуды аяқтаған соң, әскерге барсын. Дамыған көптеген елдерде осы тәжірибе қолданылады. Оның үстіне, қазір әскери борышты бір-ақ жыл өтейді. Бұрын біздің ағаларымыз үш жыл әскерде болатын. Біздің қатарларымыз екі жыл қызмет етті. Әрине, әскерге, негізінен, жағдайы төмен отбасылардың балалары барып жатыр деген пікір де жоқ емес. Оны жоққа шығарсам, өтірік айтқан болар едім. Бірақ, менің ойымша, азаматтарды бай және кедей деп бөлуге болмайды. Әскери міндетті адамдар әлеуметтік жағдайына қарай өтемеуі керек. Ондай заң еш жерде жоқ. XI ғасырда Жүсіп Баласағұн бабамыз «Құтты білік» кітабында: «Жақсыдан қабылда, жақсыдан қабылдаған заңды қадағала. Азаматтарды бай мен кедейге бөлмесін, сонда ғана қоғам дұрыс болады», – деген. Міне, бабамыздың бұл сөзі әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Рас, кейде кейбір жастардың теріс жолда жүргенін, жаман әрекеттерге барып жатқанын көргенде, жаның ауырады. Болашағы, елдің ертеңі үшін алаңдайсың. Сондықтан оларға БАҚ арқылы, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында барынша патриоттық тәрбие беруге тырысу керек. Жастарымыз тәрбиелі болғанда ғана біз дамыған, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бірі боламыз. Себебі тәрбиелі азамат бар ақыл кенін Отанына жұмсайды. Олар Отанға қызмет етуден, Отанды қорғаудан еш уақытта қашпайды.
Динара МҰРАТОВА, «Аяла» қайырымдылық қорының жобалар үйлестірушісі:
Жоқ
– Менің ойымша, «әскери міндетін өтемеген азаматтарды мемлекеттік қызметке алмау керек» деген пікір қате. Егер азамат интеллектуалдық жағынан дарынды болса, оны қалайша мемлекет маман ретінде қажет етпейді?! Өздеріңіз білесіздер, қазіргі кезде бізге мемлекеттік саясатты алға жылжытатын, мықты стратегиялық бағдар жасайтын, еңбектенетін мамандар қажет. Елімізде әскерге бармаған, бірақ мемлекеттік қызметін сапалы, адал атқарып жүрген адамдар көп қой. Егер оларды әскери міндетіңді өтемедің деп, қызметінен шеттетіп тастасақ, жақсы мамандарымыздан айырылып қалмаймыз ба?! Оның үстіне, олар мемлекеттік қызметті тастағаннан соң, қайда барып қызмет етеді?!
Міне, осындай сұрақтарды шешіп алмай жатып, бірден әскери қызметтен шеттетпеу керек. Иә, Ресей бұл мәселені қолға алып жатыр. Бірақ Ресей мен Қазақстанды салыстыруға болмайды ғой. Онда адам ресурсы да, ішкі табиғат та бізден бөлек. Сондықтан «ана ел мынадай жасап жатыр екен» деп, басқаларға еліктеудің қажеті жоқ. Біз, ең алдымен, өзіміздің ішкі жағдайымызды зерттеп алуымыз керек. Сондай-ақ қазір шетелге оқуға кетіп жатқан жастарымыз бар. Олар елге қайтып келген соң, әскери міндетіңді орындамадың деп, шеттетуге болмайды. Олардың, керісінше, тәжірибесін алуымыз керек, идеяларын алуымыз қажет мемлекет үшін. Ал шетелге тек байдың балалары кетіп жатыр деген сөзге өз басым келіспеймін. Өзге елде оқып жатқандардың ішінде қарапайым отбасынан шыққан жастар көп. Егер бұлай айтатын болсақ, біз қоғамды тапқа бөліп немесе әлеуметтік теңсіздік тудырғандай боламыз. Тағы бір мәселе – бүгінгі күні әскерде неше түрлі жағдайлар орын алып жатыр. Бір ғана мысал айтып кетейін: таяуда ғана Алматы облысына қарасты Іле әскери гарнизонында оқу-жаттығу жұмыстары кезінде бір сарбаз қайтыс болды. Бір жауынгер қасында тұрған сарбазға қарай оқ атқан. Міне, осындай жағдайлар бізде әсіресе соңғы уақытта жиі орын алатын болды. Мұндай оқиғалардан кейін балалардың да, ата-ананың да әскерге деген көңілі басылып қалады. Егер біз өркениетті елге айналамыз десек, әскери өмірді де мықтап бақылауға алуымыз керек. Онда әскери борышын өтеушілерге барынша жағдай жасалуы тиіс деп ойлаймын. Кейбір дамыған елдерде әскери өмірге қызмет деп қарайды. Әскери өмірді қалаған адам мемлекетпен келісімшартқа тұрып, өз қызметін атқара береді. Бір жағынан, олар Отанды қорғаса, екіншіден, өзіне жұмыс табады. Ал уақытын әскерде өткізгісі келмейтін адам мемлекетке басқа жағынан пайда келтіреді. Отанға қызмет ету тек әскери парызды өтеумен шектелмесе керек. Өз қызметіне адал болу да Отан алдындағы парызға жатады.
Бейтарап пікір
Ким СЕРІКБАЕВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, запастағы полковник:
– Әрине, Отанға қызмет етпеген адамның мемлекетке не керегі бар?! Егер елді қорғаудан жалтарған адамды мемлекеттік жұмысқа қойсақ, олар тек өз пайдасын ғана ойлайды. Отан деген сөз – отбасы, ошақтың қасы, үйдің шаңырағы деген мағынаны береді. Отанға қызмет ету отбасынан үйретілуі керек. Егер бала кішкентай күнінен елін ойлайтын болса, ол ешқашан әскери міндетін өтеуден қашпайды. Жалпы, елге қызмет ету адамның жасымен өлшенбейді, адамның жан дүниесімен, адалдығымен таразыланады. Сондықтан мемлекеттік қызметке жібермес бұрын, балаға Отан деген қасиетті ұғымды барынша түсіндіру керек.