«Алимент мөлшерін азайту керек» деген ұсыныспен келісесіз бе?
Елдегі ажырасушылар санының жыл санап артып бара жатқанына алаңдаған мамандар «алимент мөлшерін азайту керек» деген ұсыныс айтуда. Олар «балаларымды алиментпен-ақ асыраймын» деген ұстаныммен аналарымыз кейбір жағдайда ажырасуға мүдделі болады деген пікірде. Алайда бүгінгі күні қоғамда жиі айтыла бастаған осынау ұсынысқа қарсылық танытып, «ажырасушылардың көбеюінің алименттің мөлшеріне қатысы жоқ. Болмашы мөлшердегі алиментпен жалғызбасты аналар баласын қалай асырайды?» деушілер де жоқ емес. Соңғы кездері алиментке қатысты мәселелер көбейіп, қоғамымызда да сан түрлі ұсыныстар айтыла бастады. Тақырыпқа орай мамандар пікірін сұрастырып көрген едік.
Ләйлә АХМЕТОВА, «Ер-азамат» дағдарыс орталығының төрайымы:
иә
– Өмірде түрлі жағдайлар орын алады ғой. Осы орайда біздің дағдарыс орталығына да түрлі тағдырлы ер-азаматтар келіп жатады. Сонда көзімнің жеткені – олар баласы үшін барын беруге бар, бірақ әлеуметтік тұрғыдан оған шамасы жете бермейді. Сондықтан алимент мөлшерін азайтса, берешек әкелердің көбі өзінің шамасы жететін алимент мөлшерінен қашпай-ақ, төлеуге ұмтылар еді. Бүгінгі күні жиналып қалған талай берешектің де көлемі азаяр еді.
Осы орайда айта кетер жайт, ең болмаса алимент төлеуге шамасы жетпейтін әкелеріміз үшін мемлекет тарапынан балаға алимент төлейтін арнайы әлеуметтік қор құрылса дұрыс болар еді. Мәселен, Украинада мынадай норма бар екен, балаға қажетті алимент төленбесе, мемлекет бюджетінен өтеледі екен.
Бізге мемлекет бүгінгі күні еш қамқорлықсыз қалып отырған балаларымыз үшін осындай әлеуметтік қор арқылы алимент төлеуге мүмкіндік тудырса дұрыс болар еді. Сосын шамасы келген уақытта ер-азаматтарымыз оны мемлекетке қайтаратындай жүйе енгізілсе, мәселе шешілер еді. Ал оны мемлекетке қайтарғанға дейін берешек әке мемлекеттік шекарадан аттай алмайтындай, банктерден несие ала алмайтындай жүйелер енгізу керек. Өйткені көп жағдайларда ер-азаматтар сыртқы тұлғасы мықты көрінгенімен, жан дүниесі нәзік келеді. Жарынан ажырасқан уақытта балаларынан да айырылғанын көтере алмай, ішіп, маскүнемдікке салынып кетеді. Мұның соңы олардың жұмыссыз қалуына себепкер болады да, алиментін де төлей алмайтындай күйге түседі. Ал бұл оған тіпті үлкен соққы болады. Осылайша ер-азаматтарымыз сынып кетіп жатады. Ал оларға сондай сәтте мемлекет тарапынан құрылған әлеуметтік қор көмектессе дұрыс болар еді.
Ер-азаматтарымыз тектен-текке алимент төлеуден қашып жүрген жоқ. Қай әке өзінің туған баласын қамтамасыз етуді жек көреді дейсің? Алайда сананы тұрмыс билеп, олар жұмыссыздық салдарынан еріксіз алимент төлей алмай қалады. Мемлекеттік әлеуметтік қор тәжірибесі Франция, Ұлыбритания, Австрия, Дания, Норвегия, Финляндия секілді көптеген елдерде сәтті қолдануда екен. Ендеше, біз де әлеуметтік қор арқылы ер-азаматтарымызға жәрдемдессек, талай балаға қамқоршы болған болар едік. Ал ер-азаматтарымыз оны несие есебінде шамасы жеткен мөлшерде азайтып, жалақысының мөлшеріне қарай есептетіп, мемлекетке қайтарып төлер еді.
Ғабиден ЖАЙЛИН, заңгер, «Әділет» демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары:
жоқ
– Мен бұл ұсыныспен келіспеймін. Алимент мөлшерін азайтудың қажеті жоқ. Бұл ұсыныс онсыз да алимент төлеуден жалтарып жүрген берешек әкелерімізді тіпті босаңсытады. Сондай-ақ бүгінгі күні әкесіз өсіп жатқан мыңдаған баланың құқының шектелуіне алып келеді. Сонда жалғызбасты аналар балаларын қалай қамтамасыз етеді? Бүгінгі күні бұл ұсыныс балалар тағдырына алаңдаушылық білдіріп отырған кейбір Мәжіліс депутаттарын да алаңдатып отыр. Осы орайда депутаттардың «бұл өзгерісті енгізудегі мақсат – берешек көлемін азайту арқылы статистиканы формалды түрде жақсарту ғана» деген пікірімен де келісемін. Біз бәрінен бұрын алимент көлемін азайтса, жарытып тамақ ішу мен жөнді киім киюден қағылғалы тұрған балалар тағдырын ойлауымыз керек.
Бұл – әлеуметтік мәселе. Қарап отырсаң, бүгінгі күні халықтың алатын жалақысының мөлшері де мәз емес. Ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен жағдайда бір бала үшін баланың әкесі жалақысының төрттен бір бөлігін, яғни 25 пайызын, ал екінші баласы үшін 30 пайызын, яғни жалақысының үштен бірін аударып тұруға міндетті. Онсыз да жалақысы мәз емес әкелер жалақысының 25 пайызын аударып тұрса, баласы үшін бұл айтарлықтай мөлшердегі қаржы деп санамаймын. Ал бұл мөлшерді одан әрі азайтатын болсақ, сонда баланы қалай қамтамасыз етуге болады? Баланың ішіп-жемі, киімі, балабақшасының ақысы мен мектепте оқитын бала болса, оның керек-жарағы, қатысатын үйірмелерінің ақысының бәрін есептегенде мұның бәрін жалғызбасты ана қалай қамтамасыз етуі керек? Шын ынтымағы бұзылған отбасы алимент мөлшеріне қарап ажырасудан бас тартады дегенге де сенбеймін. Біз алимент мөлшерін азайту арқылы ерлі-зайыптыларды зорлап, қосақтап ұстап отыра да алмаймыз. Тіпті керек десеңіз, бүгінгі күні алимент төлеуден қашқақтап жүрген берешек әкелердің соңынан қуаламай-ақ, баласын өз күшімен жетілдіріп жатқан аналарымыз да жетерлік.
Айта кетер жайт, бізге бүгінгі күні алимент мөлшерін азайтудан гөрі, әкелердің жауапкершілігін күшейту қажет. Әке балалары үшін, жалпы, отбасы мен жары үшін әрқашан қамқор болуы керек. Ал бүгінде алимент төлеуі тиіс әкелер өздерінің жұмыс істемейтіндігі туралы түрлі жалған құжат әзірлеп, реті келсе, баласына қамқорлық көрсетуден қашып тұрады. Шын мәнінде бұл – қазақтың ер-азаматтарына жараспайтын қылық. Сондықтан біз барынша әкелердің жауапкершілігін күшейту жолдарын іздестіргенде ғана отбасының сақталуына себепкер боламыз.
Бейтарап пікір
Ерболат МҰСАБЕКОВ, ҚР Статистика агенттігінің Әлеуметтік және демографиялық статистика департаменті директорының орынбасары:
– Бұл біржақты қарастыратын мәселе емес. Ерлі-зайыптылар дәм-тұзы жараспай, ажырасып кетіп жатқан күннің өзінде бала тағдыры үшін екеуі бірдей жауапты болуы керек. Өйткені олар баланы өмірге бірге әкелді. Ендеше, оның тәлімді тәрбие, сапалы білім алып, таршылық көрмей өсуіне екеуі де жауапты. Сондықтан бұл жерде, ең алдымен, бала мүддесі ескерілуі керек. Негізі, біз алимент деген ұғымды ұмытатындай жағдайға жетсек дұрыс болар еді. Айналып келгенде, мұның бәрі – қоғамымызда ажырасушылардың санының көбеюіне орай туындап отырған мәселе. Сондықтан алименттің мөлшерін азайтып, көбейтуден бұрын, біз ажырасушылардың санын азайту жолдарын қарастыруымыз қажет. Ажырасудың алдын алумен айналысуымыз керек. Отбасы шағын мемлекет дейміз ғой. Ендеше, осы шағын мемлекет бетпе-бет келіп отырған мәселелерді тереңінен зерттеп, отбасының ыдырауына себеп болып отырған мәселелерге назар аударып, шешуіміз керек. Сонда біз алимент мәселесіне көп бас ауыртпас едік.