Толымбек Әлімбекұлы
Толымбек Әлімбекұлы 1954 жылы 18 наурызда Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Амансай ауылында дүниеге келген. 1971 жылы орта мектепті бітірді. 1974 жылы әскери борышын өтеп келген соң, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1979 жылы аяқтады. Жамбыл ауданының «Шұғыла–Радуга», Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газеттерінде қызмет істеді. Сол облыстың Красногор аудандық «Коммунизм жолы – Путь к коммунизму» газетінің редакторы болды. Содан кейін республикалық «Ара–Шмель» сатиралық журналына бөлім редакторы боп ауысты. Қазақ теледидарының «Орда» шығармашылық бірлестігінде Бас редактор, республикалық «Ара–Шмель» сатиралық газетінде жауапты хатшы, Қазақстан Жазушылар одағында Әдебиетшілер үйінің директоры, М.Әуезов атындағы Қазақ драма театры көркемдік жетекшісінің әдеби кеңесшісі болды. 2000 жылдан Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрадацирк колледжінде актерлік бөлімінде дәріс берді.
Сықақ әңгіме, өлеңдері «Қарлығаш», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Кімге күлкі, кімге түрпі», «Тамаша», «О несі, ей?» жинақтарында жарық көрді. «Когда солнце смеется» жинағына әңгімелері орыс тіліне аударылып басылды. «Ләммим», «Аһүһ» кітаптарының, «Ымжым», «Тойда жолығайық» (І), «Тойда жолығайық» (ІІ), «Қалай болса – солай» атты сықақ өлеңдер жинақтарының авторы.
«Күйеуіңізді сатыңызшы» (М.Задорнов), «Отыз ұлың болғанша» (Ф.Буляков), «Желіккен жастар» (Г.Белецкий) комедияларын аударып, М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында және «Темір қуыршақ» (Э.Берджес) драмасы Қостанай облыстық драма театрында сахналанған. «Тамаша», «Бауыржан шоу» сатиралық театрлардың репертуарларына арнап сценарийлер жазды. «Хабар» телеарнасынан ұсынылған «Сүйінші», «Бозбала шақтың соңғы жазы» атты көркем фильмдердің сценарийлерінің, «Қазақстан» телеарнасындағы «Әзілкештер ауылы», «Хабар» телеарнасындағы «Әзілің жарасса...» бағдарламалардың авторы.