Есмұхан Несіпбайұлы Обаев
Есмұхан Несіпбайұлы Обаев 1941 жылы 23 маусымда Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік консерваториясын, Мәскеудегі Максим Горький атындағы академиялық театр курсын тәмамдаған. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, халық әртiсi, өнертану ғылымының профессоры, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты.
Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының, Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының қоюшы режиссері, Абай атындағы Семей облыстық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының ректоры болған. 1995-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, орынбасары, Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры – көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған.
Ол режиссер болып З.Ақышевтің «Жаяу Мұса», Тахауи Ахтановтың «Боран», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», Ш.Құсайыновтың «Сертке серт», Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» және «Қашқар қызы», Бейімбет Майлиннің «Шұға», Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі бойынша, Роллан Сейсенбаевпен бірлесіп жазған «Өзімді іздеп жүрмін» мен Әкім Таразидің «Індет» спектакльдерін қойды. Семей музыкалық драма театрының бас режиссері болып, осы театрда бірқатар спектакльдерді сахналады: Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», «Абай», «Қарагөз», Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты», Евгений Брусиловский мен Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу», Сафуан Шаймерденовтың «Әнім сен едің», Е.Рахмадиев пен Ғабит Мүсіреповтің «Қайран, Майра», Дулат Исабековтің «Әпке» мен «Ертеңді күту», О.Бодықовтың «Қош бол, Бөрібасар», М.Сәрсекеевтің «Жарылыс», Қалтай Мұхамеджановтың «Комиссар Ғаббасов», Ж.Файзидің «Башмағым», Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш».
«Парасат» орденімен марапатталған. Ол Германияда, Индияда, Кореяда, Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда, т.б. елдерде өткен қазақ өнерінің мәдени күндеріне шығармашылық жетекшілік жасаған.