Борбасов Сайын Молдағалиұлы
Борбасов Сайын Молдағалиұлы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік- гуманитарлық білім беру және тәрбие» институтының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор
Борбасов Сайын Молдағалиұлы Шығыс Қазақстан облысының Аякөз ауданының Мыңбұлақ ауылында, 1954 жылы 3 науырызда туған. 1961-1971 жылдары Мыңбұлақ орта мектебінде оқыса, 1971-1976 жылдары С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқыды. Борбасов С.М. 1976-2000 жылдар аралығында Семей педагогикалық институтында оқытушылық, аға оқытушылық, доценттік қызметтер атқарды. 1985-1996 жылдарда 11 жылдан астам қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі болды. Пединститут университет болып қайта құрылғаннан кейін 1997-2000 жылдары Семей мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетінің деканы болды.
Абай атындағы ҚазҰПУ-да Борбасов С.М. 2001 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Қоғамдық қайраткер дәрежесіне көтеріліп қалалық, республикалық көлеміндегі қоғамдық - саяси жұмыстарға белсене қатысуда. Ол Алматы қалалық әкімшіліктің ономастикалық комиссиясының мүшесі, қалалық әкімшіліктің ішкі істер бөлімінің тапсырмаларын үнемі орындайды. «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі ретінде Президеттің халыққа әр жылға Жолдауларын насихаттауға, қоғамдық - саяси өмірге қатысты телехабарлар, радиохабарлар ұйымдастыруда аса үлкен жұмыстар жүргізіп келеді. Ол еліміздегі «Жоғарғы мектептің үздік қызметкері» атағын 2003 жылы алды. 2006 жылдан бастап саясаттану профессоры.
Саяси ғылымдарының докторы, профессор. Екі монографиялық зерттеуі, 1 оқу құралы, 300-дей мақалары жарияланған. Ғылыми еңбектері қазіргі саяси билік, этносаясат, конфликтология, халықаралық қатынастар мен әлемдік саясатқа қатысты. 1995 жылы жарық көрген «Қазақстандағы ұлттық процестер және ұлт саясаты» атты монографиясында ғалым Қазақстанның саяси ғылымында тұңғыш рет Кеңес дәуірінің дағдарыс себептеріне талдау жасай келе оның елдегі ұлттық дамуға еткен зиянды әсерлерін көрсетеді. Еңбекте тәуелсіз елдің азаматтарының ұлттық санасын, саяси мәдениетін қалыптастыру мақсатында тәуелсіз адамгершілік идеялогиясы жасалуы керек деген концепция тұжырымдалады. Тәуелсіз идеологиясының Кеңестік коммунистік идеологиядан айырмашылықтары ажыратылып айшықталады. Аталған еңбектің құндылығы «қазақстандық патриотизм» ұғымының саяси шындықтағы орнының жан-жақты талқылауына да байланысты.
Борбасов С.М. оқытушы бола жүріп 1983 жылы тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертация қорғады. 1999 жылы «Посттоталитарлық Қазақстандағы ұлттық процестер және ұлт саясаты» тақырыбына докторлық диссертация қорғады. Бұл еңбегінде автор елдің саяси, экономикалық, экологиялық қауіпсіздіктерін нығайту жолдарын сараптай келе осы факторлардың этникалық қатынастарды жетілдірудегі және өркениеттендірудегі орны мен рөліне баға берді. Диссертацияда транзитті қоғам жағдайында полиэтникалық Қазақстан халқын топтастырып, жинақтайтын ұлт саясатының негізгі бағыттары мен принциптері талданады. Автор елдегі тіл саясатның қолданбалық пәрмәнділігін арттыру мақсатында көптеген пікірлер айтады. Әсіресе мемлекеттік тілдің толыққанды дамуы туралы дербес пікірлердің қоғамдық маңызы даусыз. Зерттеуде мемлекеттік тілді қоғамдық қатынастарда пайдалануды күшейтудің нақты жолдары көрсетіледі.
Борбасов С.М. Қазақстандағы билік жүйесін жетілдіру, елді дамытудың барысында іске асырылатын негізгі құндылықтар мәселелерін 2000-ші жылы жарияланған «Тәуелсіздік танымы» монографиясында зерттейді. Автордың қазіргі әлемдік қайшылықтардың негізгі көздері Ирак, Ауғаныстан сабақтарына және қазіргі терроризм табиғатына арналған еңбектеріндегі пікірлер мен ойлардың саяси ғылым мен саяси сананы дамытуда өзіндік орны бар. Саяси ойды жаңартудың қоғамдағы саяси шындықты танудағы және модернизациялаудағы маңызы ғалым зерттеулерінің негізгі арқауы болып табылады. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында ғалымның 50 ден астам мақалалары енді.