Лондон Олимпиада ойындарында бәс тігілген медальдар көлемі мен салмағы жағынан бұрынғыларынан әлдеқайда ауыр болғанымен, өзіндік құны мен құрамы бойынша арзанырақ болып шықты. Алайда жан алысып, жан берісер бұл үлкен додадан жүлделі қайтқан спортшыларымыз үшін біздің еліміз ағылшындар секілді үнем жасап отырған жоқ.
Ағылшынша үнем
Олимпиада жүлдесі спорт әлеміндегі теңдессіз мәртебе екені белгілі. Сондықтан бұл жүлдені жеңіп алу – кез келген мемлекеттің, соның ішінде спортшылардың бас арманы. Бірақ қиян-кескі айқас әрі жылдар бойғы маңдай термен ғана қол жеткізілетін мұндай медальдардың өзіндік құнын бізде бірі білсе, бірі біле бермейді. Кеше ғана бір айға жуық уақыт ішінде көз алдымызда өткен Олимпиаданың ХХХ жазғы дүбірлі додасына тігілген медальдар спорт тарихындағы ең көлемдісі болып табылды: салмағы шамамен 400 грамм, диаметрі 85 миллиметр, қалыңдығы 7 миллиметр (2008 жылғы Бейжіңдегіден екі есе жуан). «Бірақ, шынтуайтында, мәртебесі болмаса, бұл жолғы Олимпиада медальдары құнды деп айта алмаймыз» деп жазады ағылшынның Daily Mail газеті. Аталған басылымда келтірілген дәйектерге сүйенер болсақ, Лондонда берілген алтын медальдың 1 пайызы ғана алтыннан тұрса, қалған 92,5 пайызы – күміс және 6,16 пайызы мыс екен. Яки жергілікті ақшаға шаққанда ол шамамен 410 фунт стерлингті немесе 706 долларды құрайды. Күміс медальдың құрамында арзан мыс көбірек. Өзіндік құны – 210 фунт стерлинг немесе 329 доллар. Қола медальдың 97 пайызы – мыс, ал қалғаны – цинк пен қалайы, бағасы – шамамен 3 фунт стерлинг немесе 4,7 доллар. Осылайша құрамынан үнемдеген ағылшындар медальдың бағасы тұрғысынан ұтып тұрған көрінеді. Мәселен, Бейжіңде берілген алтын медальдың өзіндік құны сол кезде 215 доллар, оның алдыңғысында Афиныда 155 доллар, Сиднейдегісі 80 доллар болған еді. Ол кезде халықаралық нарықта бағалы металдарға деген сұраныс та айтарлықтай емес еді. Тек соңғы кезде әлемдік қаржылық дағдарыс қыспаққа алып, валюта нарығында тұрақсыздық қалыптасқанда бағалы металдардың бағасы шарықтап шыға келді. Сол себепті де ағылшындар медальды дайындауда үнем жасауға тырысқан көрінеді.
Қалай дегенмен де шетелдік бизнес басылымдардың жазуынша, Олимпиада медалінің иегерлері жүлдесін сатқысы келсе, оны бөлшектеп ломбардқа өткізбейді, ақылға қонымдысы – аукцион. Мәселен, таяуда еBay электронды саудасында Олимпиаданың күміс медалі 7 мың долларға сатылыпты.
Олимпиада медаліне берілетін сыйақыға спортшылар зәру ме?
Төрт жылда бағы мен бабы бір сыналар сәттегі жүлдеге ілігуші спортшыларын қаржылай марапаттауға келгенде де ағылшындар сараңдық танытыпты. Ұлыбритания үкіметінің шешімі бойынша, «өз жері мен елі алдында өнер көрсетіп жатқандықтан, мұндай ынталандыру сыйлығын спортшылары қажет етпеуі тиіс».
Жалпы, экономикалық жағынан дамыған елдерге қарағанда дамушылары бұл ретте жоғары ставка белгілеген. Олимпиадаға қатысушы 204 мемлекеттің ішінде алтын медальды 1 200 000 долларға бағалаған ел де бар көрінеді.
Ал Қазақстан алтынды иемденген жүлдегеріне – 250 000, Беларусь – 150 000, Ресей мен Украина 120 000 доллар тағайындаған. Батысқа бас бұрсақ, Италия алтын медальға – 172 000, Франция – 50 000, АҚШ – 25 000, Германия 18 300 доллар көлемінде сыйақы белгілепті.
Бұл деректерден белгілі болғаны, Олимпиада медаліне берілетін сыйақы қаражаты әр елде әртүрлі. Оның себебі неде? Саясаттанушы Уәлихан Төлешов: «Бізге қарағанда батыстың спортшылары мұндай ынталандыру қаржысына зәру емес», – дейді.
Уәлихан ТӨЛЕШОВ, саясаттанушы:
– Біздегі Олимпиада жүлдегерлеріне белгіленген сыйақы көлемін жылдан- жылға қарай арттыра беру керек деп есептеймін. Өйткені бұл спортшыларымыз үшін ынталандырудың ең тиімді тетігі болып табылады. Бізде батыстағыдай коммерциялық спорт дамымаған. Сондықтан бұл салаға көбі қызықпайды. Ал ынталандыру қаржысы – спортшыларға серпін беретін бірден-бір тетік. Батыс үшін танымал болсаң жеткілікті. Жеңімпазды дамыған елдерде аяғын жерге тигізбей әр корпорация келісімшартқа отырғызып, жұмыспен, үлкен қаржымен қамтиды. Көбіне оларды жарнама беті үшін пайдаланады. Мәселен, ресейлік теннисші Мария Шарапова бірқатар халықаралық корпорациямен келісімшартқа отырып, жарнамаға түседі. Оның жылдық табысы – 10-20 млн доллар. Канада, Солтүстік Америка хоккейі құрамында ойнап, ресейлік хоккейшілер де жылына миллиондаған табыс тауып отыр. Демек, мықтылардың коммерциялық спортқа кетіп қалмасы үшін оны бізде де жетілдіру керек. Оған дейін Олимпиада жеңімпаздарына берілетін сыйақыны арттыра беру керек деп ойлаймын.