Бүгінгі бокс бұрынғыдан мүлдем өзгерген
Өзін көрмесек те, бұл комментатордың дауысына әбден қанықпыз. Лондон Олимпиадасының аясындағы ол жүргізген репортаждарды жібермей қарадық. Енді ше, қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрі болғандықтан, спорттың өзге түрлері бір төбе де, боксымыз бір төбе ғой. Финалдық жекпе-жектер аяқтала салысымен кездесудің сәті түсіп, екі апта бойы Тұманды Альбиондағы айқастарды жүргізген комментатор Данияр КӘРІМЖАНМЕН сұхбаттасқан едік.
– Біріншіден, бокссүйер қауымды Серіктің керемет жеңісімен құттықтағым келеді, – деп бастады сұхбатты Данияр Кәрімжан. – Өткен Олимпиадада төрешілер аяғынан шалып еді, осы жолы финалда шаршы алаң қожайынымен кездессе де, ешкім оны тоқтата алмады. Керемет жеңіс! Одан бөлек, Вэл Баркер кубогына ие болды. Серік – бұл кубокқа бірден-бір лайық боксшы.
– Ал, сіздіңше, Сәпиевтен бөлек, Баркер кубогына лайықты басқа боксшылар болды ма?
– Серіктің мықтылығына күмән келтірмей-ақ қоялық. Ол бәрінен де бір басқа жоғары тұрды ғой. Барлық қарсыласын бір деммен жеңді. Тіпті Андрей Замковойдың өзі оған еш қауқар көрсете алмады. Десек те, өзіме ұнаған боксшыларды айтып өтейін. Бірінші кезекте Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычконың да техникасы жетік екені көрініп тұрды. Өзге боксшылардан Василий Ломаченконың кереметтілігін атап өтер едім. Сондай-ақ ирландиялық Джон Джо Невиннің жұдырықтасу мәнері қатты ұнады. Қарсыласын қасына жақындатпай, алдыңғы қолымен алға созып, қашықтан жұдырықтасатын бұл боксшының өзгелерден артықшылықтары көп екен. Эвалдас Петраускастың мықтылығына тәнті болдым. Жартылай финалға дейін өте керемет өнер көрсетті. Жұдырықтасу мәнері өзгеше екен. Жаныңа бір жақындап қалса болды, біттім дей бер.
– Біздің боксшылардың өнер көрсетулері жайлы өзіңізге қандай ой түйдіңіз?
– Жалпы алғанда, федерацияның жоспары орындалды. Естеріңізде болса, дүбірлі дода алдында ұлттық құрамамыздың бас бапкері Мырза Айтжанов бір алтын, бір күміс, бір қоламен оралуға уәде берген. Шынымен де солай болды. Дегенмен де бокста жүлде қорымыз одан да көп болуы мүмкін еді. Әсіресе Біржан Жақыпов пен Данияр Елеусіновке обал болды. Қарсыластарына қарсы керемет жұдырықтасқандарымен, төрешілер жеңісті бермеді. Сондай-ақ алыптардың айқастарын қарап отырсаңыз, техникалық мәнері жөнінен Ваняға жетер ешкімнің жоқтығына көз жеткізесіз. Жартылай финалда шаршы алаң қожайынына қарсы терезесі тең өнер көрсетті. Егер бұл дода Англияда емес, басқа елде өткенде төрешілер, сөз жоқ, жеңісті Дычкоға берер еді. Ал Әділбекке аздап сәттілік жетіспеді. Бірақ, бастысы, Мехонцевті жеңуге болатынын түсінді. Бір сөзбен айтқанда, комментатор болып отырғанда боксшыларымыз үшін көңілім тоқ болды.
– Данияр, Олимпиада ойындарында бокс бағдарламасына комментаторлық еткендіктен, барлық айқастарды жібермей қарап отырдыңыз. Осы орайда, бұл дода бұрынғыларымен салыстырғанда қандай ерекшеліктерімен есте қалды?
– АІВА-ның бүгінгі саясаты мен ережесінің дұрыстығына көз жеткізіп отырмын. Бүгінгі бокс бұрынғыдан мүлдем өзгерген. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын алғашқы екі раундта басым түскен боксшы соңғы раундта қашқақтап жүріп-ақ жеңіске жететін. Бұл жолы ондай жекпе-жектерді мүлдем көрмедім. Соңына дейін жанын салған боксшылар ғана жеңіске жетіп жатты. Алғашқы екі раундтағы басымдылық жеңістің кепілі бола алмайтынын көрсетті.
– Енді өзіңіз жайлы әңгіме қозғасақ. Ең алғаш комментаторлық өнерді қашан, қалай бастаған едіңіз?
– Негізі, мен журналистикаға кездейсоқ келгендердің қатарынанмын. Әлбетте, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің 2-курсында қаржы мамандығы бойынша білім алып жүрген кезім. Бір күні Қазақ радиосында кастинг жүріп жатқанын естіп сонда бардым. Ұнасам керек, бірден жұмысқа қабылданып, үш жыл бойы сонда қызмет атқардым. Тіпті «Спортивный Казахстан» атты жеке бағдарламам болатын. Кейін «Қазақстан» телеарнасына ауыстым. 2009 жыл болатын. Кәсіпқой бокстан промоутерлікке ауысқан Марат Мәзімбаевтың жекпе-жек кешін өткізе бастаған кезі. Мәкеңе барып, комментатор болу жайлы ойымды білдіріп едім, бұл мәселе бойынша «Қазақстан» телеарнасының сол кездегі спорттық продюсері Сәуле Мықтыбаеваға жолығу керектігін айтты. Содан не керек, «Бүгін саған мүмкіндік беремін. Егер сәтті жүргізсең қаласың, сынақтан өте алмасаң, комментаторлық карьераңмен қоштаса бер», – деді. Продюсердің сенімін ақтау үшін жанымды салдым. Содан бері комментаторлық қызметті атқарып келемін. Бүгінде санап отырсам, Лондон Олимпиадасына дейін елу шақты репортаж жүргізіппін.
– Дегенмен ол репортаждардың барлығы Лондон Олимпиадасымен теңесе алмайтын шығар?
– Әлбетте. Мәселен, осы Олимпиадада бірінші күні эфирден шыққанымда құдды бір бірінші рет комментаторлық жасағандай әсерде болдым. Ертеңінде бүкіл таныстарым телефон шалып құттықтап жатты.
– Көрермендердің сын садағына жиі ілінетіндердің бірі – комментаторлар. Жалпы, сынайтындар көп пе? Сынды қалай қабылдайсыз?
– Сынайтындар бар, әлбетте. Ғаламтор парақтарынан өзіме қатысты пікірлер жазылып қалса, міндетті түрде оқимын. Өзіме қатысты орынды сындарды көріп қалсам, шыны керек, қуанамын. Өйткені сол арқылы ғана кемшілігіңді түзеуге болады. Ал жөні жоқ сындарға мән бермейтін болғанмын.
– Эфир алдында отырғанда естен кетпес қызықты оқиғалар немесе ыңғайсыз жағдайлар болды ма?
– Кібіртіктеп қалған немесе сөз таппай қалған кездерім болмапты. Бірақ кейде боксшыларды таныстыру кезінде ыңғайсыз, атауға келмейтін есімдер кездесіп қалып жатады. Мәселен, бір жолы қытайлық бір боксшының есімін атай алмай қатты қиналдым. Айтайын десем ыңғайсыз. Сосын бастапқыда аты-жөнін толық таныстырдым да, артынан «қытайлық боксшы Ли» деп атай бердім. Тағы бірде жерлесіміз бен тайлық боксшы кездесіп қалды. Оның да аты-жөні қызық – Саман Сучисан. Содан біразға дейін кездескен таныстарым «Қалайсың, Саман Сучисан?» деп амандасып жүрді. Иә, егер репортаждар жүргізе берсем, әлі талай қызықтарға кенелетін шығармын.