Көкшетау жоғары техникалық мектебіндегі оқиғаның видеосы пайда болды
Интернетте Көкшетау жоғары техникалық мектебінде болды делінген оқиғаның видеосы тарай бастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Еске салайық, ақпарат құралдары екі апта бұрын 17 жастағы студент физика пәнінің 24 жастағы оқытушысын ұрып-соқты деп хабарлаған еді. Үзіліс кезінде оқытушы Саят Қапаров шулап жүрген студенттерге ескерту жасайды. Мұны жақтырмаған оқушылардың бірі Артем Валерин оқытушыны баспалдақтан түсіріп, оның басын қабырғаға ұрады. Қалған оқушылар оқиғаны сырттай үнсіз бақылап тұрады. Бұл жаңалық қоғам мүшелерінің наразылығын туғызды.
Бірақ өзін оқиға куәгеріміз деп атаған Tengrinews.kz оқырмандары "оқытушыға ешкім көмектескен жоқ" деген нұсқаны теріске шығарды. Олар редакцияға жоғары техникалық мектептің бақылау камераларына түсірілген бейнежазбаны жолдады. Роликтен Саят Қапаров деп топшыланған ер адамды көруге болады, ол кабинетке кіреді (4:45), 20 cекундтан кейін шығып, қайта кіреді, сол кезде соққы алған болуы керек, еденге құлайды. Оған қызметкерлер мен оқушылар көмекке ұмтылады. Видеодан зардап шегушіні аудиторияға алып келіп жатқанын көруге болады.