Жақында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері атағын алған әнші, актриса Жанар Айжанова бұл атақтың өзіне шабыт беретінін, қосымша жауапкершілік жүктейтінін айтты. Айжанова бұрынғы енесімен әлі күнге дейін сырлас. Қазіргі жолдасы ол үшін ешқандай қарсылық танытпайды.
Бұл туралы әнші Жанар Айжанова Ең алғашқы бағдарламасында айтып берді.
«Атақ мені өзгертті деп айта алмаймын. Алайда, адамға шабыт береді. Осыдан 20-25 жыл бұрын алып кетсем, қадірін түсінбес пе едім. Тағуға намыстанар едім. Ал қазір ұялмай тағам. 32 жылда еңбегім бағаланды. Нағыз толысқан шақта нағыз еңбегіммен алған атақты ұялмай тағасың, көрсетесің. Шынымен де маған концерт беру керек сияқты, осы атаққа лайықты жүру керек сияқты жауапкершілік қосып алған сияқтымын», - дейді өнер иесі.
Өзінің айтуынша, бұл Жанар Айжанованың ең алғашқы атағы екен.
Тағдырдың салуымен бірінші жолдасы көз жұмып, бүгінде екінші рет тұрмыс құрған Жанар Айжанова бұрынғы енесімен байланысы үзілмегенін, бүгінде сырлас жандарға айналғанын айтады.
«Жанар жақсы келін болды, ақылы бар. Балам қайтыс болғаннан кейін өңменімнен итерген жоқ. Екінші рет күйеуге шығарда маған айтқан «Апа, руым енді басқа болайын деп тұр» деп. Өй, көкем, бақытты бол. Сен Алладан тілеген жоқсың, Айжұлдызға дұрыс қарайтын бала болса, қосыла бер деп, рұқсатымды бергенмін», - дейді марқұм күйеуінің анасы.
Екінші рет азаматтығы биік жанға тұрмысқа шыққан Жанар Айжанова отбасында марқұм болып кеткен бірінші күйеуіне құран бағышталатынын, өлгенге ешкімнің таласы жоқтығын баяндады.
«Бүгінде бас қосқан азаматым Ерболат – екінің бірінің басына бұйырмайтын бақ. Өткен-кеткеннің бәріне, әке-шешеме, қайтыс болған алдыңғы күйеуіме қой сойып, құран оқимыз. Бұрынғы күйеуімнің отбасымен байланыс үзілген жоқ. Айжұлдыздың (ред.еск. – қызы) әжесі, күйеуімнің шешесі, ең алғаш аяғымды аттап басқан босағамдағы енем. Екеуіміз қазір жақсы сырласпыз, телефонмен хабарласып тұрамыз. Жаңалықтарымды айтым тұрам. Ол енді менің міндетім деп ойлаймын» , - дейді Жанар Айжанова.