Әлеуметтік желіде еліміздің оңтүстік өңірі жастарының атын пайдаланған Данияр Алан есімді әлеуметтік желіні қолданушы Қытайда өнер байқауында ел намысын қорғап жатқан Димаш Құдайбергенге қарсы шықты.
Ол өзінің Facebook-тегі жеке парақшасына: “Димашқа Оңтүстік жастары қарсы” деген ұранға ұқсас бір ауыз сөз қалдырған. Сөйткен ол Димаш пен Арайдың түскен суретін жариялапты.
Суретте Димаштың сахнадан кейінгі кейіпте екенін анық аңғаруға болады. Өйткені, оның бетінен опа-далап білінеді. Өз кезегімізде айта кетелік, телевидения түсірілімі кезінде бет жылтырап қалмас үшін, бояудың қанықтығы мақсатында адамдарды опалап, білдірмей бояндырады. Мұны телевизиялық бағдарламаларға қатысып жүрген ағаларымыз да жақсы білуі керек. Біздіңше, Данияр Аланның Димаштан ұнатпағаны осы болып тұрған секілді.
Қалай дегенмен де бұл жазба әлеуметтік желіде жариялана салысымен, үлкен наразылыққа ұшырады. Оңтүстік жастарының өздері: “Бүтін өңірдің атынан сөйлейтін сен кімсің„ деген сөздер де айтты.
Ал Facebook желісін қолданушы Қаламқас Серікқызы: “Қазақстанда Димашқа қарсы ақпараттық шабуыл басталды„ деген тақырыпта сыни жазба жазды.
Ол тасада тұрып тас ататын осындайларға:
“Тәйт„ дейтін ағалар қайда, жан-жағымызды сипалап қалдық қой„, — деп шырылдайды.
Расында, біз де бұл пікірді қолдап, Қаламқастың жазбасын сол күйінде бере кетуді жөн көрдік:
“Иә, Қазақстанда Димашқа қарсы ақпараттық шабуыл басталды.
Әлеуметтік желіден “Димашқа Оңтүстік жастары қарсы„ деген ұранды көргенде қаным басыма шауып, көз алдым тұманданып кетті. Қазақты жек көрінішті көрсететін Ринат деген блогер де қалыспай бір видеоны беріпті. Оған оның дауысы ұнамай қалыпты-мыс.
Ұят жоқ! Қазақтың баласы ұлтын әлемге танытып, халықаралық бәйгеде аттын басын жіберіп, елдің намысын жыртып жатқанда күндес қатындар құсап күңкілдеуге қалай ауыздары барды екен?..
Еркек екендері рас болса, тасада тұрып, осылай арттан тас атқанша, Димаш елге келгенде айтарларын көп алдында айтпай ма?.. Құдай-ау, айтады дейтіндей де түгі жоқ.
Құр сандырақ, құр далбаңдау!
Бұл арадан мен екі-ақ себеп көріп тұрмын: біріншісі, міне, деген қоғамда талқыланып жатқан №1 тақырыпты пайдаланып, өз-өздерін жарнамалаудағы өлермендік, екіншісі, шынымен де қазақ мүддесіне қарсы жұмыс істейтін жат пиғылдылық.
Меніңше, соңғысында көбірек шындық бар секілді. Ал аттанға аттан қосып, қолдайтындардікі — мүмкін өлермендік.
Сөз соңында айта кетейін. Өнер мен өмірді еш шатастырмаңыздар. Өнер — ол сахнадағы көрініс қана, ақиқи дүние емес. Мәселен, Димаш қатысып жатқан байқау 14 кезеңнен тұрады. Әр кезең сайын оған талап күшейеді, соның ішінде, стиліне де, киім-киісіне де, өңіне де. Ол қаласын-қаламасын, сол үдеден шығып, рөлді ойнап, елдің намысын қолдан бермеуді мақсат етеді.
Бастысы — Димаш бізде біреу, оны жүрегі әлем деп емес, қазақ деп соғады,
бірақ оны көтермелеп жатқан өзге әлем, неге біз де оған қосылмаймыз, неге өз ұлымызды өзіміз аялай алмаймыз?..
Димашқа күйе жаққысы келетіндерге:
“Тәйт„ дейтін ағаларымыз қайда? Жан-жағымызды сипалап қалдық қой. Айтыңыздаршы, соны?..„
Камшат Сатиева