Айтыскер ақын Сырым Әуезхан кейбіреулерге айтыста айтқан сөзі жақпай, жұмыстан шығарып жібергені туралы ашық айтты, деп хабарлайды Nur.kz сайты.
“Айтқан шындығыңызға бола, жолыңызға тосқауыл қойылған кездер болды ма?” деген сұраққа ақын: “Айтыста айтылған шумақтар үшін жұмыстан шығарған кездер болды. Бірақ ол маған тікелей жоғары жақтан қысым жасады деген сөз емес. Ол ортадағы адамдардың өздерінің көлеңкесінен болған дүние деп ойлаймын”, – деп жауап берді.
Сондай-ақ ол айтыс сахнасынан көрінбей кетуінің себебін түсіндірді.
“Айтыстың ұйымдастыруына байланысты мені шақырмаған кездері болды. Бірақ ол кезде мен телеарналарда қызмет етіп жүрдім. Қазір де мені айтысқа шақырса, бас тартқан кезім жоқ. Егер уақытым келіп жатса, ұйымдастыру деңгейіне көңілім толып жатса, қуана келісіп барамын”, –дейді Сырым.