САХНАДАН СЫРТ ҚАЛҒАН ӘНШІЛЕР ҚАЙДА ЖҮР? (ФОТО)
Бір кездері сахнаға жарқ етіп шығып, көптің ыустық ықыласына бөленген өнер жұлдыздарының бір тобы бүгінде ел назарынан тыс қалуда. Олардың біршамасын былайғы жұрт сахнадан көруден қалды. Сол жұлдыздар қазір қайда жүр? Немен айналысуда?
Бұл сұрақтың жауабын Baistars.kz әзірлеген шолудан табарсыз, бәлкім.
Бақыт Шадаева өнердегі жолы 1988 жылы бастаған. «Жас жігер» байқауына қатысқан жас әнші лауреат атанды. Студияны бітірген соң мемлекеттік «Гүлдер» ансамбліне жолдама алды. Шадаева шырқаған «Аңса жаным», «Жауын», «Алматым – сұлу астанам», «Достарым», «Өмір – арман» әндері тыңдарман қауымға кеңінен танымал. Десек те, әнші соңғы кезері ел алдына көп шыға бермейтін болған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Шадаева жаңа ән жазып, бейнебаян түсіруді қолға алыпты.
Қайрат Түнтеков "Superstar kz" тележобасы жұлдызын жаққан өнерпаз. Екінші жылы өткізілген жобада Қайратты ел таңдап, жеңімпаз қылады. Әндер жазып, бірнеше халықаралық ән байқауларында өз бағын сынап көреді. Бірақ 2013 жылы әншінің қатысумен жол апаты орын алады. Әнші масаң күйде көлік жүргізгені және құжаттары дұрыс еместігі анықталады. Осы көлік қақтығысы ел назарына ілігіп, әншінің абыройына нұқсан келген болатын. Міне, содан бері Қайрат көгілдір экраннан көрінбей кетті.
«Нұрлан мен Мұрат» тобы 2000 жылдары ерекше танымал еді. Топтың "Жұлдызым", "Шашы ұзын қыз", "Ләйлә", "Жаулап алды махаббат" әндері хит еді. Топтың ғұмыры ұзаққа бармай, Нұрлан мен Мұрат екі жаққа кетеді. Ал Мұрат 2007 жылы әнші-сазгер, гитарашы Ұлықпан Жолдасовтың бастамасымен құрылған «Каспий» тобына құрамында ән салады. Уақыт өте келе, "Каспий" тобы да тарқайды. Қазіргі кезде Нұрлан мен Мұрат қайта бірігіп, баяғы танымалдықтарын қайтарғысы келіп жүр.
Сырым Исабаевты "Мен сені сүйеді екенмін", «Ақ гүлдер», «Кекілді қыз», әндері арқылы халық жақсы таниды. Ол қазіргі кездегі ең танымал әншілердің бірі Қайрат Нұртаспен бірге «Бекер-ақ жолыққан екенмін», «Қимаймын», «Жас дәурен» сынды әндерді дуэт болып орындаған болатын. Талай қыздың арманы болған Сырым 2012 жылы шаңырақ көтереді. Ал 2011 жылы Сырым «Алып қашу оперциясы» атты фильмде басты рольді сомдайды. Қазіргі уақытта Исабаев мырзаны халық мүлде көрмей кетті.
"Ақ келін" әнімен талай қызды "ұзатқан" әнші Гауһар Әлімбекованың дауысын естімегелі біраз жыл болды. "Шақырса болды, жүгіріп баратын немесе: «көптен бері шақырмай кеттіңдер ғой», – деп өзі хабарласып, сұранып эфирге шығатын әншілерді де білемін. Бұл дұрыс емес. Ел бізді қалай құрметтесе, олардың патша көңіліне біз де сондай құрметпен қарауымыз керек" -дейтін әнші халыққа ренжіді ме, мүлде сахнадан көрінбей кетті.
Көптеген хит әндердің орындаушысы, әсем әндерімен халықтың жүрегіне жол таба білген Асқар Жүнісбеков қайда жүргені беймәлім. Ол "Хат жазып тұр", "Толғанай", "Періштем", "Ақ қайың" сияқты үздік әндерді ұсынған әншіні халық сағынды.
Әнші, актриса, әндер авторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Мюзикола» тобының әншісіі Карина Абдуллина тұрмыс құрғаннан кейін әншілігін ысырып қойды. 2015 жылы дүниеге ұл бала әкелген әнші сахнадан уақытша кететіндігін айтқан. "Баланы дүниеге әкелу мен үшін жауапты қадам. Эстрадада сәтті карьера жасадым, енді өзімді бала тәрбиесіне арнай аламын", - деді Карина. Әнші қайтадан өнерге келеді ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді.
Жеке бизнесін қолға алған әнші Динара Қырықбаева сахнадан алыс кетті. Кәсіпкерлік ісі алға дөңгелеткен Динара жеке өміріне көңіл бөлген-ді. Бүгінде ол - жас ана. Қызы Айшаның қызығына тоймай жүрген әнші әншілігін тастап кеткен сыңайлы. Десек те, қылықты қыздың әндері тыңдармандарының есінде.
"Мен қазақпын" деп бар қазақты патриоттыққа шақырған әнші Ерболат Құдайбергеновті ел әлі ұмыта қойған жоқ. Жастарды ерекше әндерімен баурап алған Ерболаттың көптеген әндері хит болған-ды. Десек те, әнші қазір сахнада емес, жеке студиясында жұмыс істеп жүрген екен.
2000 жылдары танымал болған "NNBek" тобы да сахнадан алыс кетті. Тыңдармандарының жүрегіне «Қыздар-ай» әнімен жол тауып, кезінде хит шерудің алғашқы сатысынан көрінген топ 2014 жылы жаңа құраммен, жаңа бейнебаянмен көрермен алдына шығады деген. Бірақ, халық топтың жаңа әндерін естімеді.