Белгілі ақын Айқынның әнінің сөзін сынап тастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BEY бағдарламасына сілтеме жасап.
Айқынның қоржынындағы "Туған жер" әнінің сөзін түкке тұрғысыз деп таныған ақын Бақытгүл Бабаш өнер иесін сынның астына алды. Ол әдемі әуенді әрсіз сөзбен құртып тұрсың деп айыптады өнер иесін. Алайда Бақытгүл Бабаш Айқынның орындау шеберлігіне шүбә келтірмеген.
"Шеберлік деп осыны айтуға болатын шығар деп ойлаймын. Айқынның орындаушылық шеберлігі, сахнадағы өзіндік мәдениеті және әннің өңделуі туындының сөзіне назарымызды аудартпай отыр. Сондықтан, байқамай кетуіміз де мүмкін", - дейді ақын.
Бірақ сөз қадірін жетік білетін ақын Айқынға музыканы қорламайық, мүмкін басқа мәтін жазармыз деп ұсыныс айтқан. Өйткені, бұл мәтінде мағына жоқ көрінеді. Бақытгүл Бабаш Айқынды осылайша сөздің қадірін білуге шақырады.
"Бірақ, мәтінді қағазға шығарып қарасаң, ешқандай сын көтермейді. Ең алдымен шығарманың идеясы, айтатын ойы болуы керек. Сөз сол ойға қызмет етуі керек. Ал бұл әнде көркемдікті былай қойғанның өзінде, мағына кездестірген жоқпын. "Айналайын" деген сөз осы әннің жүгін көтеріп кеткен сияқты. Бірақ мен Айқынға ұсыныс айтайын деп едім. Осындай әдемі әннің сөзін қорлап қоймайықшы. Мүмкін басқа сөз жазу керек шығар", - дейді Бақытгүл Бабаш.