Қазақстандық жұлдыздар өмірден өткен майталман маман, мінезді журналист Нұртілеу Иманғалиұлымен, қазақтың сыршыл ақыны Шөмішбай Сариевпен қимай қоштасты. Желіде ыстық естеліктерін айтып еске алды. 
"Қазақтың сыршыл ақыны, талай тамаша әндердің авторы Шөмішбай Сариев өмірден озды. Қазақ үшін орны толмас қаза. Шөмішбай ағамның отбасына, жақындарына, қазақ еліне қайғыра көңіл айтамын. Иманыңыз жолдас, жаныңыз жәннатта болсын, асыл аға! Айналасы 5 күннің ішінде қазақ руханияты екі бірдей нар тұлғасынан айырылды. Жаныңа жақын адамдардың жалған дүниеден өтіп жатқаны жүректі ауыртады. Қазақ журналистикасына құбылыс болып келген, телевидение саласында өшпес қолтаңбасы қалған Нұртілеу ағамда бұл өмірмен қоштасты. Кездесе қалсақ көңілдің сырын бөлісіп, ақылын айтып тұратын аяулы аға, жаныңыз жәннатта болсын", - деп жазды Мейрамбек Бесбаев.
 "Шөмішбай Сариев, Нұртілеу Иманғалиұлы. Уақыты түгесілген, дәм-тұзы таусылған ағаларымыздың қазасы хайырлы болсын! Талай айтыста Шөмішбай ағамыздың он балын да, оң бағасын да алған едік. Жарқылдап жүрген жақсы кісі еді.
"Жамбылдың жастық шағы" фильмі түсірілгенде, Жамбылдың махабаты болған ақын Бұрымның рөліне осы Нұртілеу ағамның үлкен қызы Гүлнара түскен еді. Содан бері қарай ет жақын араласып, &ldquoАсыл арна" ашылған кезде де ақыл-кеңесін аямай, ағалығын көрсетуден шаршамаған еді.
Кешегілердің дәрісін алған, бүгінгілердің ұстазына айналған майталман маман, мінезді журналист еді.
Ешкім тағдырдың жазғанынан қашып құтыла алмайды.
Бәріміз Аллаға тәнбіз әрі Аллаға қайтушымыз... Қайғыға батқан жақындарын көңіл айтамын. Алла сабыр берсін!", - деді Мұхамеджан Тазабеков.
"Ассалаумағалайкум. Нұртілеу ағамыз өмірден озды. Керемет адам еді. Жатқан жері жәйлі. Жаны жәннатта болсын", - деді Алмат Сақатов.
"Тағыда кетті жақсылар, әттең бір кем дүние. Алла көрмегеннің көшесінен жарылқасын", - деп жазды Еркебұлан Даиров.
"Екі бірдей ардақты ағаларымыз бақилық болды. Алла мейіріміне бөлесін. "Бәрін айттым" деп жүрсің бе? Сенде айтылмаған әңгіме көп, сыр сандығыңда сақтаулы сарқытты сапырып, бір сұхбаттасайық" деуші едіңіз, ағатай. Өзегім өртеніп отыр, асыл аға. Бақұл болыңыз! Жүрегі мейірімге толы жанды мейіріміңе бөлей гөр, жаратқан ием қазақ халқына, ағамыздың әулетіне қайғырып көңіл айтамын", - деп жазды Сәкен Майғазиев.
"Бір ай бұрын Шөмішбай ағамен Жұмагүл жеңгемізбен дастархан басында арқа-жарқа боп едік,бүгін ағадан айырылып қалдық,жаны жайсаң ағамыздың артында қалған жарына,туғандарына Алла сабыр берсін, ағамыздың иманы саламат болсын", - деді Мақпал Жүнісова.
"Алладан келдік, Аллаға қайтушымыз. Туған туыстарына, жақындарына, отбасыларына қайғыра көңіл айтамыз. Имандары саламат болсын", - деді Абай Бегей.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бүгін қазақ телевизиясы қара жамылды. Журналистиканың ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті.