Лондон қаласының тұрғындары жауынгерлер киімін киіп, қару-саймандарын асынған қазақ жігіттеріне таңқалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Лондонның танымал Трафальгар алаңында қалың жұрттышылық қазақтың батырлары болып киінген жігіттердің айналысына жиналып, олармен бірге жаппай сурет пен видеоға түскен болатын. Кейіннен батырлар Елизавета ІІ-ші ханшайымның қаладағы ресми резиденциясына бет алды.
Букингем сарайының алдына келген туристер алаңда бойы 2 метрден асатын батырларды көреміз деп мүлдем ойламапты. Олар мұндай тарихи сәттің қайталана бермейтіндігін айтып, шеттерінен батырлармен суретке түсуге асықты.
Думан, Елуар, Олжас және Бектөре есімді қазақстандық жігіттер «Орда» этно-жобасы аясында екі жылдан бері халқымыздың ұлттық киімдері мен салт-дәтүрлерін бүкіл әлемде насихаттап жүргендіктерін жеткізді. Қатысушылардың бірі Ұлыбританияға келудегі басты мақсат қазақ халқын әлемге паш ету екендігін айттты.