16 қыркүйек күні Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әншілердің фонограммамен ән айтуына тыйым салынатыны туралы заң жобасын ұсынды. Аталған заң жобасы мәжілісте мақұлданды.
Azattyq Rýhy тілшісі аталған заң жобасына қатысты елімізге белгілі әншілер мен продюсердің пікірін білген еді.
КӨРЕРМЕННІҢ РУХАНИ ДЕҢГЕЙІ ДАМИДЫ
Жеңіс Сейдуллаұлы:
– Заңға енгізілетін соңғы ұсыныстар музыкалық өнер саласының жаңаша дамуына оң ықпалын тигізбек. Бұл жерде ең алдымен көрермен таңдау мүмкіндігіне ие болады. Мысалы әнші немесе өнер ұжымы концертте неше әнді жанды дауыста нешеуін фонограммамен орындайтынын алдын ала хабарлайды. Одан кейін халық ол концертке бару не бармауын өзі шешетін болады.
Осыған байланысты тыңдарманға ұсынылатын музыкалық туындылардың сапасы да, әншілердің кәсібилігі де, жалпы дайындығы арта түседі деп санаймын. Сондай-ақ сахнадағы нағыз шынайы өнерді тамашалап, әншілердің жанды дауысын, сапалы әндерді тыңдайтын көрерменнің музыкалық талғамы, рухани деңгейі де дамиды деп ойлаймын. Фонограмма бойынша заңдағы жаңа өзгерістер - қазақ ән өнерінің болашағы үшін жасалған дұрыс қадам. Алдағы уақытта фонограмманы әдетке айналдырмай, шынайы өнер көрсететін таланттар отандық музыканы әлемге танытып, бәсекелестігін арттырады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде отандық эстрада әншілерінің көбі жанды дауыста ән шырқап жүр. Өз басым, бас концерттік ұйымның басшысы ретінде, Қазақконцерт әншілерінен фонограммасыз шынайы өнер көрсетуді талап етемін. Біздің әр концерт тек жанды дауыста өтетінін көрермен бұрыннан-ақ біледі.
ЭСТРАДАЛЫҚ МУЗЫКА ҚАҢБАҚҚА ҰҚСАП ҚАҢҒЫП ЖҮР
Жұбаныш Жексенұлы:
– Бұл заңның қабылдануы керектігі ұзақ жылдар айтылып та, жазылып та келді. Әншілерге қаншалықты тиімді екенін білмеймін, бірақ тыңдарманға сөзсіз тиімді, ұнамды заң екеніне күмән жоқ.
Менің ше, осы заңға қосымша «көркемдік кеңес» туралы заң қабылданар болса, қазақ эстрадасында толыққанды оң өзгерістер орын алатын еді. Өйткені қадағалаусыз концерттерден ел шаршады. Себебі бабадан қалған дәстүрлі ән, дәстүрлі әншілік өнер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып өз бағытынан жаңылған емес. Классикалық музыка да өз құндылығын төмендеткен жоқ. Бұл екі бағыт, тамыры терең ұлттық құндылықтармен, фольклорлық негізі бар әуезбен тығыз байланысты. Мұндағы, тамырынан ажырап қалған, қаңбаққа ұқсап, қаңғып жүрген эстрадалық музыка. Кеңес одағы кезіндегі қазақ эстрада музыкасы туралы бұлай айта алмайсыз. Өйткені ол кезеңде көркемдік кеңес, цензура деген түсініктер толық қанды күшінде болды. Біз, Р. Бағланова, Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев, К. Дүйсекеев, С. Бәйтереков, Р. Рымбаева, Н. Есқалиева, М.Жүнісова, Сембек Жұмағалиев, Б.Оралұлы, Ж.Сейдоллаұлы, Ж.Ысқақовалар жасаған эстрадалық музыканы тыңдап, көріп өстік. Бірақ, солар жасаған эстрадалық мектепті қалыпты ұстай алдық па, бұл басқа әңгіме... Менің ше, біздің қазіргі эстрадалық музыканың жағдайы «мәз» емес. Сол үшін де жоғарыда аталған заң жобалары қажет уақытта қабылданғалы отыр. Бір әттеген айы, осыларды толықтыратын көркемдік кеңес болса ғой шіркін...
СҰРАНЫС ПЕН РЕЙТИНГ ТУРАЛЫ
- Маған кейде біздің қазіргі эстрадалық музыка өкілдері өздері түсінбейтін шығармашылық дағдарысқа ұшырағандай көрінеді. Өйткені қазір заман талабына сай «сұраныс», «рейтинг» деген мәселелер пайда болды. Жаңағы рейтингті көтереміз, сұранысқа ие боламыз деп жүріп, эстрадалық музыка жоғарыдағы аға-апаларымыз салған қалыпты жолдан адасты- ау деймін.
Осы күнге дейін қазақ эстрадалық музыкасындағы туындылар дәл қазіргідей жаппай сұраныс пен рейтинг үшін «жазылып» көрмеген болар деп ойлаймын. Негізінде музыка, оның ішінде ән – жанның тебіренісінен, жаны жадырап немесе жабырқағанда, жоқ дегенде ғашық болғанда композитордың қиялының ұшқырлығына, сезімінің тереңдігіне байланысты шығатын дүние емес пе еді!? «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей қазақ сахнасы көлденең көк аттының жүре беретін жері емес екендігін түсінетін уақыт жеткен шығар деп ойлаймын. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа керек. Сосын біздегі той әні, ой әні (концерттік ән- дейік жарайды) көше әні, конкурстық ән- деген түсініктерді де қалыптастырып жүрген сол баяғы сұраныстар мен рейтингтер, бұған кей әншімін деп жүргендердің шамасына қарамай танымал болуға құштарлығы мен рухани сауатсыздығы қосылып тұр.
ҚАЙРАТТЫ СЫНАЙТЫНДАР АЗАЯТЫН БОЛДЫ
Гүлзира Айдарбекова:
- Бұл заңның қабылданып жатқанына қуанып жатырмыз. Заңның арқасында нағыз әншілер іріктелетін болды. Бір шетінен жанды дауыста ән айтуға әншілер де бейімделетін еді. Себебі қазақ эстрадасындағы көптеген әншілер тірі дауыста ән айтуға қабілетті. Осы уақытқа дейін Қайратты да талай көпшілік жанды дауыста ән айта алмайды деп сынға алатын, енді ондай орынсыз сын айтушылардың саны азаятын болды.
КӨРКЕМДІК КЕҢЕСТІ ДЕ ҚОСУ КЕРЕК
Алтынай Жорабаева:
- Фонограммаға тыйым салуға қатысты пікірді өз басым баяғыдан бері айтып келе жатырмын. Аталған заң бірнеше жыл бұрын қабылдануы тиіс еді. Бұл заңнан бөлек, көркемдік кеңес болу керек. Қандай әнші, қандай ән, сөздің мағынасы, киім кию, сахна үлгісін көркемдік кеңес шешуі керек. Әркімнің өз пікір, өзд стилі болғанымен, сахнаның этикасы сақталуы тиіс. Осы уақытқа дейін жеке кештерімде ешқашан фонограммамен ән айтқан емеспін. Тек телеарналар студияның, дыбыстың талаптарына сай фонограмма қостырып жатады. Себебі біздегі кей телеарналардың аппаратурасы, монтаж құрылғысы сапалы болмай жатады. Салдарынан сен қанша жаныңды салып ән айтсаң да, әнші еместей болып көрінуің мүмкін. Сондай сәттерде ғана фонограммаға жүгініп жатамыз. Негізі нағыз талант тірідей айту керек. Заң жүзінде заң қабылданған соң, нағыз таланттар мен әншілердің сахнада қалатынына сенімдімін.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан