Жұрт қатарлы сұранысқа ие мамандықты игеріп, ортанқол қызметті атқарып жүріп, өз арманыңызға, сүйікті ісіңізге қалай қол жеткізуге болады? Отандық fashion-фотограф Айдын Ахмет даяшыдан сұранысқа ие маманға дейін қалай өскенін Stan.kz сайтына берген сұхбатында бөлісті.
Алғашында даяшы, кофеханада әкімші болып істедім. 2012 жылы немен айналысам, менің жолым қандай деген сауалдар мазалай бастады. Бәрін саралай бастадым. ЦУМ-ға телефон сатып алуға бардым. Жаңа телефоныма ескі телефонымнан суреттерімді көшіре бастағанымда, суреттерім өте көп екенін түсіндім. Бес мың шақты суреттерім бар екен, әріптестерімді, кофені - бәрін түсе беріппін. Мен осы іспен айналысуды жақсы көретінімді түсіндім де, фотосуретшінің жұмысы туралы хабарламаларды оқып, бірінші жұмыс орныма шықтым.
Сөйтіп Абай даңғылының бойында орналасқан мейрамханаға тойды, той қонақтарын түсіретін фотосуретші болып орналастым. Менің жұмыс тәжірибем бар ма деп сұрағанда бар деп айттым. Таксиде келе жатып, қазір бара сала, маған үйретіп жіберіңіз, мен бәрін тез қағып аламын деп қолқа саламын деп келемін. Бұған дейін қолыма тіпті фотоаппарат алып көрмегенмін. Басшым фотосуретшілердің терминдері туралы сұрақтарды жаудырып жатқанда, сол жерде досын кездестіріп, әңгімеге айналып кетті. Сен әзірге жұмыс істей бер деді. Мен суретке түсіре бастадым, бірақ суреттерім нашар шықты. Басқа фотосуретшінің қасына барып, оның барлық қимыл-әрекеттерін аңди бастадым. Өзімнің фотоаппаратымдағы баптауларды да өзгертіп, жарты сағаттан кейін флешкамды бердім, бір қарасам суреттерді жақсы алып жатыр екен. Кеш соңында бастығымыз мені мақтап, келісілген 5 мың теңге емес, 8 мың теңгесін берді. Сөйтіп ол кісіде бір жарым жыл істеп, өзімнің фотоаппаратымды сатып алдым, кейін сән әлеміндегі фототүсірілімдерге ауыстым. Болашақта ірі брендтермен шетелде жұмыс істегім келеді.
Өз жолыңды қалай табуға болады. Өзіңді іздеп, немен айналысқанды жақсы көресің, уақытыңның басым бөлігін неге бөлесің, соны бақылау керек. Мәселен, менің бауырым, фотосуретші болып істейтін, бірақ жұмысынан бос уақытын жаттықтыру залдарында өткізетін, мен оған кеңес бердім, бәлкім саған сондай ұнаса, сен жаттықтырушы болсаң деп. Ол қой, қайдағы деп басында ат-тонын ала қашқанымен, артынан оқуын оқып, қазір түрлі жарыстарда үздік орындардан көрініп жүрген Алматыдағы «жұлдызды» жаттықтырушылардың бірі. Тек өз-өзіңізді зерттей бастағанда ғана нағыз қызықты ісіңізді табу мүмкін. Тағы берер бір кеңесім – ата-анаңызбен сөйлесіп көріңіз, бала кезде немен ойнағанды жақсы көрдім деп.
Өмірде адам қандай іспен жан-тәнін салып айналысқанды жақсы көрсе, демек, оның нағыз ісі сол болғаны.
Сән әлеміндегі фотосуретші болу қиын, себебі бұл салада сұраныс аз, сондықтан сүйікті ісіммен айналыса отырып, нанымды табу үшін мен қосымша тойларда жұмыс істедім. Онымен қоса стритстайлфотограф ретінде имидж қалыптастырдым. Алты жылғы еңбегімнің нәтижесі енді ғана шығып жатыр. Мұндай түсірілімдерге деген сұраныс енді ғана көбеюде. Менің фотограф болғандағы мақсатым осы – сән әлеміндегі фотосуретші атану.
Тойларда фотографтар өте жақсы ақша табады. Себебі жұмысы да жеңіл емес, тойдың басынан, қалыңдықтың бет-әлпетін әрлеуден бастап, тортты әкеліп, бөлген мезетке дейін тапжылмай еңбек етесің. Оның сыртында қазақта той өте көп болады, тіпті ақша жоқ деген уақытта да тойларға ақша табылады. Несие алады, қарыз сұрайды, бірақ тойын жасайды.
Мен жұлдыздармен жиі жұмыс жасаймын. Олардың бір минусы – олар бартермен жұмыс істеуді сұрайды. Бір-екі рет бартермен істеуге болады, оларда жарнама қымбат тұрады ғой, ол да қажет біздің жұмысқа. Бірақ, төртінші-бесінші рет тағы бартер ұсынғанда бас тартуға тура келеді.
Жұлдыздардың басты проблемасы осы, олар ақша төлегісі келмейді, сараңдау келеді, сосын бізді «қызғанатын» кездері болады, яғни бір фотосуретшімен басқа жұлдыздардың жұмыс істегенін қаламайды. Одан кейін сен менің идеяларымды басқаларына ұсындың деп ренжитіндері бар.
Болашақта Қазақстандағы фэшниндустрия қандай болмақ? Бірінші шетелге барып жұмыс істеп, сол жерде мойындалу керек, тек сонда ғана өзіміздікілер бағалай бастайды. Қазір тіпті журналдардағы сәндік түсірілімдер үшін аз ақша төлейді немесе бартер ұсынады.