Тұрсынбек Қабатовтың әзіліне қатысты сын айтқыштар саны көп. Бір кездері Қазақтандағы барлық бағдарламаны Қабатов жаулап алды деп сынағандар болды. Әзілі мен сөйлеу мәдениетін сөз етті. Осы ретте әзілкеш өзін сынаған журналист Думан Рамазанға жауап берді.
Журналист, жазушы Думан Рамазан Тұрсынбек Қабатовтың театрын, сатирасын сынға алды. Ол туралы желіде арнайы пост жазғаны бар.
"Қабатовтың әзілге жақындығы жоқ деп айтуға келмейді. Оның таланты бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ өресі жоқ. Оның айтып жүргені сатира емес. Театр сатира театры емес. Сатира адамды күлдіре отырып жылату. Ой саларлық әзіл айту. Соңында адамның ақылына қонымды дүниені айту. Ал, Тұрсынбектің театрында барды ғана айтады. Болып жатқан жайттарды әзілмен қаз-қалпында баяндап береді. Тек күлдіреді. Алайда қорытындысы жоқ. Оның несі сатира? Оның қай жеріне күлу керек? Ит үріп, сиыр мөңіреп, кемпір кемпір болып жүргеннен қандай сатира күтуге болады?", - деп жазды ол.
Қабатов мұндай сын-айыптарды теріп, қазбалап отырмайтынын айтады. Журналиске белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың сөзімен жауап берді.
"Мен егер сол адамның өзін аңдып, өзі не істеп жатыр деп қазбалайтын бослам, біраз нәрсе шығады. Бір жерді шұқи берсең, шыға береді. Ол кісі өзі не тындырып жүр екен? Баяғыда Әшірбек Сығай ағамыздың көзі тірісінде кездесіп, дастархандас болған едім. Соған өзім қуанамын. Сол кезда ағамнан сұрадым. "Маман ретінде айтыңызшы, сіз сын айтсаңыз ренжімеймін. Тек шындықты айтыңызшы. Театр үшін не істей аламын? Театрдың кемшілігі бар ма?" деп сұрадым. Ол кісі "көрерменің бар ма?" деді. "Көрерменіміз көп" дедім. "Концерт аншлагпен өтеді" дедім. "Онда ешқандай мәселе жоқ. Көрермені бар театр - ол театр деді. Халық ақымақ емес. Жақсы мен жаманды ажырата алады" деп оң бағасын берген еді. Одан асып ешкім дау айта алмас дейді Қабатов Аман Тасығанмен сұхбаты барысында.