Баян Есентаеваның күйеуі кім? (фото)
Әдетте көпшілікке танымал қыз-келіншектер өздерінің өмірлік серіктері жайлы жариялай бермейді. Алайда жеке өмірлерін көзден таса, сөзден ада ұстағысы келген сайын жұртшылық жұлдыздардың жеке өмірін білуге қызығады. Әсіресе шоу-бизнестің қайнаған ортасында жүрген нәзікжандылардың жеке өмірі, отбасы, бала-шағалары туралы ақпарат көпшілікті үнемі қызықтыратыны белгілі ғой. Сұлу да, сымбатты, танымал қыз-келіншектердің күйеулері бар ма? Бар болса, немен айналысады? Жұбайы жұлдыз болған соң ер-азаматар өздерін көлеңкеде қалып қойғандай сезінбей ме? Міне, дәл осындай сұрақтар біздің редакциямызға оқырмандардан жиі түседі. Бүгін «Алаш айнасы» оқырмандарды қызықтырған «жұлдыздардың» жарлары туралы деректерді жинақтап көрген еді.
Қазақстандағы ең сұлу және іскер келіншек, шоу-бизнес әлемінің патшайымы атанған Баян ханымның жарынан бастасақ. Баян Есентаева өзінің некеде 20 жыл бірге тұрып келе жатқан күйеуі туралы жиі айта бермейді. Сондай-ақ олардың жұрт алдында қол ұстасып бірге жүруі де сирек. Сондықтан Ел аузында «Баянның бай-қуатты, қалталы магнаттың әйелі екен, сондықтан ол ақшаны қалауынша шашып, музыкалық жобаларға прдюсерлік етіп, кино да түсіріп жүр» деген қауесет те тарады. Алайда Баян Есентаеваның айтуынша, ол күйеуі екеуі талай қысылтаяң кезеңдерден бірге өткен, жетістіктерге де бірге жеткен көрінеді. Шоу-бизнестегі шоқ жұлдыз өзінің сұқбаттарында күйеуінің сондай парасатты жан екенін, нағыз азаматқа тұрмысқа шыққанын жасырмайды. Баян ханым өзінің әйел ретінде бақытты екенін, өйткені сүйікті екенін мақтанышпен айтады. Бұл жұп Айсәуле, Айару атты екі қыз тәрбиелеп отыр. Баянның өмірі, әрбір іс-әрекеті миллиондаған көрерменге әйнектің ар жағында тұрғандай айқын. Оның бір ғана құпиясы – жан жары. Ол өзінің күйеуі туралы ақпараттардың жариялы болғанын қаламайды. Баянның жары да жұбайының танымалдығы екеуіне жетеді дейтін болса керек, өзін жарнамалауға тырыспайтын көрінеді. Ғаламторда Баян ханымның күйеуімен түскен бір ғана суреті бар. Естуімізше, Айсәуле мен Айарудың әкесі қыздарын ерекше еркелетеді екен.
Жанар АйжановаДаусы ерекше, тілі шешен, өзі көркем Жанар Айжанованың да өмірлік серігі туралы білгісі келетін жұрт көп. Жанардың өнерін сүйетін, өзін құрметтейтін көрермен әншінің Айжұлдыз атты қызы бар екенін біледі. Оның салған әсем әнін әлем сүйіп тыңдайтын Жанар ханым қызын жалғыз тәрбиелеп отырғанын білетінбіз. Жақында ол өзінің Айжұлдыз атты ару қызының кәмелет жасына арнап той жасап, өзіне жар, қызына әке боп отырған Ерболат атты азаматты көпшілікке таныстырды.
Майра МұхаметқызыТөрткүл әлемге өзінің өнерімен танылған бірегей әнші Майра Мұхаметқызы да отбасылық өмірде бағы жанған нәзікжандының бірі. Майра ханымның күйеуі Ахсан мырза белгілі спортшы. Майра ханым өзінің жан жарын студент кезінде кезіктіріпті. Сол кезде Ахсан мырза Бейжіңнің атақты спортшысы болған. «Мен жолдасымды кездестірген кезде ол мықты кісі, мықты спортсмен болды. Рухы да, өзі де күшті болатын. Ал менің мінезім жұмсақ болды. Мықты адамдарды ұнататынмын. Ал кейін өзім өсіп, жетілгеннен кейін енді оның кейбір кемшілігін көргенде, өзімді кешірімді болуға үйреттім. Махаббат деген, ең алдымен, үлкен түсіністік» дейді әнші.
Гүлмира АқүрпековаАлғаш сахнаға гитарасын құшақтап шығып, әсем даусымен миллиондаған тыңдарманының жүрегін баураған белгілі әнші Гүлмира Ақүрпекова жас кезінде талай жігіттің арманы, бір жігіттің жан жарына айналған. Әншінің айтуынша, ол өзінің студенттік кезін ешкіммен жүрмей өткізген. Аспирантураға түскенде де өзіне лайық жігіт таппапты. «Алыстан іздеген бақытым қасымда жүрген екен. Ол кісіні байқамаған себебім, жақын құрбымның ағасының досы еді. Оны да аға сияқты көріп жүрдім. Бірақ Фархат бұрыннан сыртымнан қарап жүреді екен. Ал мен осы кісі алғашқы махаббатым, кейіннен күйеуім болады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті», дейді әнші. Өкінішке орай, Гүлмира Ақүрпекова мен жары Фархаттың өмір жолдары екіге айрылған екен. Гүлмира ханым жалғыз қызын өзі жетелеп өсірді.
Толқын ЗабироваБелгілі әнші, сұлу әйел, ардақты ана Толқын Забированың өмірлік сергі – Сафар Ядулаевич атты азамат. Сафар Бабаевтың есімі шоу-бизнесте кеңінен танымал. Ол көптеген музыкалық жобалардың жетекшісі әрі продюсері. Ол «Дауыс International», «FreШ.kz» секілді топтарға продюсерлік еткен. Еліміздің көптеген атақты әншілерімен бірге жұмыс істейді. Толқын өзінің жарымен шоу-бизнес ауылында жүріп танысып, отбасын құрды. Бұл Сафар мырзаның екінші некесі. Бүгінде олар Шахрияр, Дияр, Санжар есімді ұлдарын тәрбиелеп отыр.