Осыдан екі ай бұрын отандық эстрада жұлдызы Жанар Хамитова дүниеден озды. Өнер әлемінен біршама уақыт қол үзіп, кейін шоу-бизнеске қайта оралған өнер иесі көзі тірісінде бірқатар әріптестерінен қолдау тауып үлгерген еді. Қиын кезеңде әншінің қасынан табылған жандардың бірі Рысбек Аташ болатын. Сахна серісі марқұм әріптесі мен "Арай" тобы жайлы және өзіне қатысты басқа да мәліметтерді KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында баяндады.
Сұхбат барасында талай хит әндерді әріптесі Медет Көжекбаевпен бірге орындаған Рысбек Аташ "Арай" тобының не себепті тарап кеткенін ашық айтқысы келген жоқ.
"Медет екеуміз сондай шешім қабылдадық. Тоқтатқанды жөн көрдік. Егер қосылу керек болса, бүгін де, ертең де мүмкіндігіміз бар. Дегенмен, солай шештік. Себептерін ашып айта алмаймыз. Бүгінде Медетпен өте жақсы қарым-қатынастамыз. Өміріміздің жартысын бірге өткізгеннен кейін бауыр басып, сағынып тұрамыз ғой", - дейді ол.
"Арай" тараған соң жеке шығармашылыққа бет бұрған Рысбек Аташ көп қиындыққа кезіккенін жасырмады.
"Жеке әншілікті бастаған кезде барлығы қиын көрінді, қиыншылық көп болды. 11 жыл жасалған еңбек бар. Содан кейін қайта бастау оңай дүние емес. Бірақ, Аллаға шүкір, еңбектің арқасында барлығы жақсы болып келе жатыр. Қазір продюсерім жоқ", - дейді әнші.
Сонымен қатар, ол әлеуметтік желіде атышулы "Қалаулым" қатысушысымен түскен видеоларына қатысты да жауап берді.
"Сұлуфан менің жерлесім, өзімнің қарындасым. Бейнебаяннан кейін де белгілі болды ғой. Ол танымалдылығы бар қыз болған соң сөз болатыны да белгілі. Оны назар аударту тәсілі деп атай ма, жоқ па білмеймін. Жалпы әрбір жұмыс жұрттар көрсе екен деп жасалатын дүние ғой", - деп түсіндірді Рысбек.
Эстрада жұлдызы отандық шоу-бизнестегі барлық әріптесін сыйлайды. Ол кез келген өнерпаздың еңбегі өз бағасын алуы керек деп есептейді.
"Әркімнің белгілі бір дәрежеде жасап жатқан еңбегі бар. Сол себепті, оны бағалау керек. Біреу ұнамайды, біреу ұнайды дей алмаймын. Мен білетін, танитын әріптестеріме оң көзқараспен қараймын. Өзім отандық шоу-бизнестегі әр адамнан керегімді аламын. Әркімнің өз харизмасы бар, ән айту, өзін ұстау немесе киіну жағынан болсын, барлығын қараймын. Бірақ, өзім жеке тұлға ретінде қалыптасқым келеді", - дейді әнші.
Дегенмен, өнер иесі көзін бояп, құлағын тесетін жаңа буын әншілерін құп көрмейді. Мұндай әрекеттер дінге де, менталитетке жат дейді ол.
"Қазақ деген ұяты бар, ар-намысы бар халықпыз. Әулетімізге, ата-анамызға, елімізге сөз тимесе екен деп жүргеннен кейін ардан аттамауымыз қажет", - деген Рысбек шашты қызыл, сары түске боямаған абзал екенін айтты.
Ал өнердегі досы Жанар Хамитованы өлімі эстрада жұлдызына қатты әсер еткені мәлім. Ол, тіпті, әлеуметтік желдегі парақшасына марқұммен түскен видеоларын жариялап, қимастығын білдіріп жүрді. Әнші көзі тірісінде Жанардың Нұржан Керменбаевпен кездестіруді сұрағанын да жасырған жоқ.
"Қаралы хабарды таңертең ұйқыдан тұрған кезде естідім. SMS-хаттар келді, көптеген адамдар қоңырау шалды. Содан кейін жақындарына хабарласып, нақты хабарын білдім. Нұржанмен кездестіруді сұрағаны рас. Бірақ, реті келмеді. Оған уақыт керек еді. Өкінішке қарай, үлгермедік", - дейді өнер иесі.
Бүгінде төрт баланың әкесі атанған әнші 2009 жылы шаңырақ көтерген. Қазір жұбайы бала тәрбиесімен айналысады. Ал түздің жұмысы Рысбек Аташтың өз қолында. Бір қызығы, әнішнің жұбайы әріптесі Медет Көжекбаевтың нағашы қарындасы.
Эстрада жұлдызының алдағы уақытқа жоспарлары көп. Келешекте елге айтар жаңалығым баршылық деп отыр.