Ақылбек Жеменей «Ақ кеме» әнімен халыққа танылып жүрген жас әнші Нұрболат Абдуллинді жетекшілігіне алды.
Ақтөбе облысынан шыққан әнші Нұрболат Абдуллин осыған дейін «Жас қанат-2012» ән байқауында дипломант атанған. Сондай-ақ, «Күміс көмей, жез таңдай», «Тәуелсіз жылдар әндері», «Бақыт құшағында», «Арай», «Менің Қазақстаным», «Әсеттің әсем әндері-ай» сынды бірнеше республикалық ән байқауларда бағын сынап, жеңімпаз атанған. Елімізде өткен «Turkvision» байқауына да қатысты. Бүгінде әншінің қоржынында «Ақ кеме», «Сезім сыры» атты әндеріне түсірілген екі бейнебаяны және «Сүйгенің қайда», «Ақтөбе достарым», «Ағажан», «Көңілім-ай», «Сезім сыры», «Өзің сәулем» сынды 20-ға жуық әндері бар.
Әнші қазір продюсерімен жұмыс бастап, жаңа әндер жазу жұмысымен айналысып жатыр. Ал Ақылбек Жеменей осыған дейін өзі продюсерлік ететін «Самал» тобымен бірге «Ақ баян» атты әніне бейнебаян түсіріп, жарыққа шығарған болатын.