Жаз өмірі – жыр-дастан, жансерігі – домбыраны өзіне сырлас еткен әнші-жыршы Айгүл Қосанова таяуда өзінің жеке ән кешін өткізбек. Дәстүрлі әндер мен термені нақышына келтіріп орындайтын, эстрадалық әндерді де шебер шырқайтын әнші 19 наурызда Астана қаласының Конгресс-холында өтетін «Айдыны шалқар аққумын» атты жеке ән кешіне шақырады. Осы орайда "Алаш айнасы" Айгүл Қосанованың өмірдегі, өнердегі оқырманға қызық деген бірнеше ерекшелігін топтап ұсынып отыр.
Айгүл бала кезінен ән айтты. Оған әншілік қасиет анасынан берілген. Отбасында Айгүл жетінші перзент. Анасының айтуынша, Айгүл ешкімге салмақ салмай, оқуын жақсы оқып, жоғары оқу орнына да өз күшімен түскен. Бүгін Айгүлдің өзі де үш баланың анасы. Айша, Тұрлан, Айнамкөз атты балалары бар.
Айгүл Қосанова – ең алғаш қалың жұртшылыққа дәстүрлі әнші болып танылды. Әншінің өзі айтқандай ол дәстүрлі әнші болып қала бермек. Өнерде Айгүлдің бағын ашқан Ғарифолла Құрманғалиевтің «Әнші даусы» мен Мұхиттың «Айнамкөзі».
Маңғыстауда туып, Алматыда жұлдызы жанған әншінің дәстүрлі әндерінен өзге, эстрадалық әндері де көрерменнен қолдау тапты. Әнші өзінің басқа қырын сынап көру үшін де эстрадалық әндерді орындағанын айтады.
Айгүл Қосанова – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық конкурстың, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, мәдениет саласындағы ҚР Президенттік шәкіртақы иесі, Астана қалалық әкімшілігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының солисті. Ол әрқашан ізденісте жүреді. Алдағы концертте Айгүлді дәстүрлі әншілігімен қатар, өнердің өзге түрімен де көрінбек. Бала кезінен әнші болуды армандаған Айгүл Мақпал Жүнісоваға еліктеген екен. Мектепте ашылған үйірмелерге, конкурстарға қатысып жүргенде Наурыз мейрамында қолына домбыра алып, Мақпал Жүнісованың «Тықылдаған таяқтан қорқамын» әнін орындап шығыпты. Бұл оның алғашқы үлкен сахнаға шығуы болатын.
Қосанованың репертуарындағы «Шіркін-ай», «Сағынышым», «Еділ мен Жайық», «Маралдым», «Айнамкөз», «Бара жатыр құс қайтып», «Қаздар қайтқанда», «Құстар әні» секілді ән-термелер мен танымал халық әндері және жаңа шығармалар оркестр сүйемелдеуінде орындалады. Ән кешінде өнердегі әріптестері, қазақтың дәстүрлі ән-жыр мектебінің өкілдері Ахан Әбдуали (Жетісу ән-жыр мектебі), Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева (Арқа ән мектебі), Руслан Ахметов (Сыр мектебі), Клара Төленбаева (Нартай мектебі), Қайрат Кәкімов (Батыс Қазақстан мектебі), Ақылбек Өтешов (Маңғыстау мектебі) өнер көрсетеді.
Дәстүрлі әншілердің ән айту мақамы әр түрлі. Бұл қасиет әркімнің туған өлкесінің ерекшелігіне, табиғи болмысына байланысты. Яғни, ата-баба қанымен, ана сүтімен даритын қасиет. Айгүл де оқуға түсерде таза Маңғыстау мақамымен өлеңдетіп ән айтып беріпті. Ал бүгінде, Әміре Қашаубаев пен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Республикалық конкурстың І-ші сыйлығының лауреаты басқа да дәстүрлі ән-жыр мектептерінің әндерін орындай алар ма екен? Оны алдағы концерттен байқайтын боламыз.
«Кез-келген дәстүрлі әнші өз мектебінің шеңберінде қалып қоймай, әртүрлі мектеп мақамында ән орындай алуы керек. Басқа мақамдағы мектептің әндерін зерттеп, салыстырмалы түрде зерделеп отыруы тиіс. Соның нәтижесінде, өзіңнің орындау шеберлігіңді шыңдап отырасың», дейді Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Айгүл Қосанова.
Ұстаздық жолын 1996 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінен бастаған Айгүл профессионалдық тұрғыда мектеп қалыптастырып, шәкірт тәрбиелеп кеткен Ғарекеңнің (Ғарифолла Құрманғалиев) орнында сабақ берді. Ең алғаш ұстаздық қызметін киелі шаңырақта бастау Айгүл үшін үлкен бақыт болған еді. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, Айгүл шәкірт тәрбиелеуден еш жалыққан емес. Алғашқы жылдары қиынға соққан ұстаздық жүкті жүрексінбей көтеруге тура келді. Қайрат Байбосынов, Ғарифолла Құрманғалиев сияқты өнер майталмандарының аяғының табы қалған қасиетті жерде жұмыс істеу, шәкірт тәрбиелеу 21 жастағы бойжеткен үшін жауапты кезең болған еді. «Бұл жалпы менің өнердегі алғашқы баспалдақтарым. Қолымнан келгенше дәстүрлі ән, жырды басқаларға үйретуден жалыққан емеспін», дейді Айгүлдің өзі.