Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов Instagram желісінде қызына қатысты соңғы жаңалықтың қалай ауыр тигенін айтып, құқық қорғау органдары істің ақ-қарасын ажыратып беретініне сенімді екенін жазды деп хабарлады BAQ.KZ.
Қадірлі достар, осы апта біздің отбасымыз үшін оңай болған жоқ. Ең қиыны - жаныңды ауыртатын жалаға қалуың екен. Адамның алдында да, Алланың алдында да арым таза!, - деді ол.
Сонымен қатар ол қиын сәтте өзіне қолдау білдіргендерге алғысын айтты.
Алдағы уақытта құқық қорғау органдары дүйім жұртқа ақ-қарасын ашып айтады деп ойлаймын. Осындай жүрек-жүйкеңе салмақ түскен кездерде маған сеніп, қолдау білдірген аға-бауыр, әпке-қарындастарыма және оқырмандарыма алғыс айтамын! - деді әзілкеш.
Айта кетейік, 15 тамызда Абзал Құспан есімді заңгер Тұрсынбек Қабатовтың қызы Әдемі Аманғалидың орнына ҰБТ-да тест тапсыруға басқа адам кіргенін хабарлаған болатын. Кейінірек Қабатовтың қызының орнына ҰБТ-ға өзге адамның кіргені расталды. Тұрсынбектің айтуынша, ол қызының орнына басқа біреудің кіргенінен хабарсыз болған.