Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні: ғашықтар мерекесі қалай пайда болды
Қазақ жастары жыл сайын көктемде Батыстан келген "Әулие Валентин" күнінің орнына Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін атап өтеді
Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні қашан
Мәңгілік махаббаттың символына айналған Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні елімізде 15 сәуірде мерекеленеді. Ғашықтар күнін көбіне мектеп, колледж, университет сияқты білім ошақтары атап өтеді.
Еліміздің болмысы мен салт-дәстүріне жат "Әулие Валентин" күнінің орнына Қозы мен Баян күнін атап өтуді алғаш рет 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған екен. Араға он екі жыл салып, 15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күні деген атаумен тойлана бастайды.
Бұл күн ресми түрде бекітілмесе де, бүгінде жастар арасында кең таралып келеді. Ғашықтар бір-бірін махаббат күнімен құттықтап, сыйлық тарту етеді, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын іс-шаралар ұйымдастырады.
Қозы мен Баян кім
Қозы Көрпеш — Баян Сұлу эпосы – халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы. Бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың қайғылы махаббатын жырлайды. Лиро-эпостық жыр XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың орта тұсында қағазға түсірілді.
Жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп құдаласуынан басталады. Олар Қозы мен Баянды күні бұрын атастырады. Алайда Сарыбай аң аулап жүріп қаза табады. Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кездері отарын жұттан құтқарған жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қозы мен Баян махаббат жолында түрлі қиыншылықты бастан кешеді. Қос ғашықтың арасына түскен Қодар айласын асырып, зұлымдықпен Қозыны өлтіреді. Сүйіктісінен айырылған Баян кек алуға көшеді. Ол Қодарды егер құдықтан су алып берсе, тұрмысқа шығатынын айтып алдайды. Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, қыз бұрымын кесіп тастайды. Сөйтіп Қодар көз жұмады. Ал Баян ғашығының моласына келіп, өзіне қол салады.
Қозы мен Баянның махаббат тарихы бір-біріне деген адалдығымен құнды.
Ел аузында ғашықтар Шығыс Қазақстан облысындағы Таңсық ауылы маңындағы кесенеге жерленген деген мәлімет бар.
1982 жылы қабір үстіндегі кесене тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды.
2013 жылы Аягөз қаласында қос ғашықтың құрметіне ескерткіш орнатылды.
Былтыр "Астана Балет" театры Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу аңызын көрсетті. Театр бұл жырды Қазақстанның таңғажайып табиғаты аясында түсірілген қысқа балеттік эскиз түрінде ұсынды.