Қазақстанда әйелдерге арналған вагондар саны көбейеді
Әйелдер вагоны тағы үш бағдар бойынша қатынайтын болады. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, әйелдер вагондарына сұраныстың артуына байланысты "Жолаушылар тасымалы" АҚ қозғалыс географиясын кеңейтуді жалғастырып жатыр.
"Мұндай вагондар №3/4 "Астана – Алматы", №33/34 "Алматы – Ақтөбе" және №71/72 "Астана – Шымкент" бағытындағы үш пойыздың құрамына енгізіледі.
Пилоттық режимде бұл қызмет 2021 жылы енгізілген. Әйелдер вагондарындағы қозғалыс жайлылығын бірінші болып №77/78 "Алматы – Маңғыстау" және №351/352 "Алматы – Өскемен" пойыздарының жолаушылары бағалады", - делінген хабарламада.
Ұлттық компания 2022 жылдың ақпан айынан бастап әйелдер вагондарының санын арттырғанын мәлімдеді.
"Олар №37/38 "Маңғыстау – Семей", №47/48 "Астана – Атырау" және №45/46 "Павлодар – Түркістан" пойыздарының құрамында жүре бастады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.