"Омбудсмен тексереді": министр студенттерді дауыс беруге мәжбүрлеу жағдайлары жайлы
Астанадағы №111 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасауға келген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді сайлауға қатысуға мәжбүрлеуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрдің сөзінше, сайлауда студенттердің дауыс беру мәселесін қатаң бақылауға алынған.
«Ешқандай мәжбүрлеу болмайды. Бұл мақсатта біз жоғары оқу орындары басшыларымен жұмыс жүргізіп, нұсқаулық берілді. ЖОО-дағы сайлау учаскелерінде талапқа сай тиісті жағдай жасалды. Студенттерді дауыс беруге мәжбүрлеген жағдайда министрлік жанынан былтыр құрылған омбудсмен Айсұлу Ерниязоваға тікелей хабарласуға болады. Ол студенттердің құқығын қорғайтын уәкіл. Амбудсмен барлық студенттік ұйымдармен тікелей байланыста», - деді С.Нұрбек.
Айта кетейік, бүгін қазақстандықтар Парламент Мәжілісінің жаңа депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлайды. Республика бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскелері жұмыс істеп тұр.
Сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санау 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де басталады және 20 наурызда таңғы 8:00-де аяқталуы керек.
Бұдан бұрын "Еркіндік қанаты" қоры учаскелер ашылған сәттен бастап қандай бұзушылықтар тіркелгенін айтқан.