Бүгін "Мен Ресей президентін қолдаймын" деген депутаттың мәселесі қаралады
Мәжіліске "Ақ жол" партиясы атынан сайланған депутат Азамат Әбілдаевтың Украинадағы соғыс туралы сөздеріне қатысты партияның әдеп жиыны өтеді, деп хабарлайды Экспресс К.
Депутат кеше Азаттық радиосына берген сұхбатында Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты пікір білдіріп, елді шулатқан болатын.
Мен Ресей президентін қолдаймын. Бұл арнайы операция деп есептеймін. Осы жазға дейін Зеленскийді өз халқы ұстап, сотқа береді. Соғыстан қашып құтылуға болмайды. Мен Украинадағы арнайы операцияны қолдаймын, - дейді Азамат Әбілдаев.
Депутат А.Әбілдаевтың бұл сұхбатына қатысты "Ақ жол" партиясы президиумы хабарлама жасады. Депутаттың мәселесі бүгін партияның ұлттық кеңесінде қаралмақшы.
А.Әбілдаевтың сөздері "Ақ жол" партиясының позициясына қарама-қайшы ғана емес, сонымен қатар партиялық және де депутаттық этиканы да бұзып тұр. Партия қашан да дос мемлекеттердің тәуелсіздігі мен жер тұтастығын құрметтейді және қолдайды, – дейді партия төрағасы Азат Перуашев.