Алматыдағы Саин көшесін ұзарту жұмыстары биыл аяқталады
Алматыдағы Жұмағали Саин көшесін созу жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Экспресс К.
Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуінде Мөңке би көшесі арқылы Рысқұловқа қосылатын бағыттың жыл соңына дейін ашылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, желтоқсан айында жұмыстар толық аяқталады.
Соның арқасында қаланың негізгі магистралдық көшелерінде, яғни Рысқұлов даңғылы мен Момышұлы көшесінде, сонымен қатар аудандық маңызы бар көшелерде көлік легі айтарлықтай азаяды, — деді қала әкімі.
Бұған дейін қаланы айналып өтуге негізделген ірі көше Рысқұловпен жалғасып кететін. Енді сол қиылысқан тұстан төменгі ықшамаудандарға тікелей өтіп кетуге мүмкіндік болады.
Сондай-ақ Ерболат Досаев биыл Алматыдағы жалпы ұзындығы 38 шақырым болатын 50 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетініне де тоқталды.