Ішкі істер министрлігі мен Қарағанды облысының полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері 2019 жылдың мамыр айының соңында Атасу ауылындағы өз үйінің ауласында мылтықпен жараланған Жаңаарқа ауданының тұрғыны Ғала Бақтыбаевтың өліміне қатысты қылмыстық істі ашты деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Аса ауыр қылмысты ашу үшін Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі мен облыстық полиция департаментінің криминалды полициясының тәжірибелі қызметкерлерінің арасынан жедел-тергеу тобы құрылды.
Тергеу барысында қызметкрелер жәбірленушінің үйінен тәркіленген құжаттарды қарап шықты. Ол құжаттар бойынша марқұм азамат бірнеше рет түрлі мемлекеттік органдарға шағымданған.
Қылмыстың түрлі себептері тексеріліп, тиісті сараптама жүргізілді.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері төрт жергілікті тұрғынды әшкерелеп, ұстады, олардың үшеуі бұрын сотталған және біреуі бұрынғы полиция қызметкері болып шықты.
Ұсталғандар кісі өлтіруді өзара дұшпандық қарым-қатынастар негізінде жасағанын мойындады.
Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, айғақты зат ретінде мылтық тәркіленген. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.