Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы
Қазақстан Республикасының халықаралық шарты – Қазақстан Республикасы шет мемлекетпен немесе халықаралық ұйыммен жазбаша нысанда жасасқан және мұндай келісімнің бір құжатта немесе өзара байланысты бірнеше құжаттарда екендігіне қарамастан, сондай-ақ оның нақты атауына қарамастан халықаралық құқық реттейтін халықаралық келісімді түсіну керек.
Мұндай келісім бір құжатта немесе өзара байланысты бірнеше құжатта жасалғанына, сондай-ақ, нақты атауына (мысалы, конвенция, пакт, келісім және т.б.) қатыссыз халықаралық құқықпен реттеледі. Халықаралық шарттар, Қазақстан Республикасы атынан – мемлекетаралық шарттар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан – үкіметаралық шарттар, орталық атқару органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар атынан – мекеме аралық шарттар болып табылады.
Азаматтардың құқықтары, бостандықтары және міндеттеріне қатысты ресми жарияланбаған халықаралық шарттар қолданылуға жатпайды. Қазақстан Республикасы ратификацияланған халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады.
Ратификацияланған халықаралық нормаларды сот практикасында белсенді қолдануды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты 2008 жылдың 10 шілдесінде «Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының нормаларын қолдану туралы» нормативтік қаулы қабылдады. Онда ол судьяларды Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы құқықтық құрамдас бөлігі болып табылатын Республика қатысатын халықаралық шарттардың нормаларын басшылыққа алуды міндеттеді.
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005-жылғы 30 маусымдағы заңының 20-бабына сәйкес, мемлекет қолданыстағы әрбір халықаралық шарт міндетті түрде орындауға тиіс.
Халықаралық құқықтық нормаларды қабылдау – мемлекеттіктің ішкі және сыртқы саяси ахуалдың мүддесіне бағытталған, яғни Қазақстан халықаралық шарттарға қатысушы мемлкет болғандықтан, онда көзделген құқықтық нормаларды жүзеге асыруға міндетті мемлекет болып табылады.
Қазақстан БҰҰ Жарғысында және Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында адам құқықтарын қорғаудың жалпыға танылған қағидаларын қолдайтынын мәлімдеді. Қазақстан Республикасының Конституциясында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең құнды байлықтары деп көрсетілген.
Қазақстан адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауда аз жұмыстар атқармады. Ұлттық Құқықтық саясат тұжырымдамасында 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейін құқықтық мемлекет қағидаларын одан әрі бекіту процесінде бір жағынан, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың ықтимал кепілдіктеріне барынша, ал екінші жағынан, барлық мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, азаматтар мен ұйымдардың конституциялық міндеттерді сөзсіз және толық орындалуына қол жеткізу болып табылады.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ішінде заңнаманы жетілдіру және оны біздің еліміз ратификациялаған адам құқықтары туралы халықаралық құжаттармен сәйкестікке келтіру жөнінде жұмыстар атқарып келеді. Осыған байланысты, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия сияқты құқық қорғау мекемелері құрылды. Егеменді еліміздің өркендеуіне, алға қойған мақсатына жетіп, әлемдік қауымдастықта беделді орынға иеленуде халықаралық шарттар - маңызды құралдардың бірі.
Асем Жетписбаева,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық сотының маманы