Құттықожа сахаба сағанасы

Қазақ даласының кез келген топырағында көне заманның шежіресінен сыр шертетін көптеген тарихи орындар бар екені белгілі. Осындай атаулы аймақтар Сыр өлкесінде де жетерлік. Солардың бірі – Жаңақорған ауданы аумағындағы Құттықожа сахаба кесенесі. Бұл киелі орын аудан орталығынан таяқ тастам жерде жатыр.
Біз ол жайында бала кезімізден біліп өстік. Саясат­тың сойылын соққан белсенділер сол кезде дін жайын­да жақ аштыра қоймаушы еді. Осыған қарамастан, үлкендер киелі орындарды құрмет тұтып, қолдан келгенше тәу етіп жататын-ды. Құттықожа сахаба кесенесі басынан адам аяғы үзілмейтін. Қасындағы бұлағынан су ішетін. Оны талай көзіміз де көрген. Рас, сол кезеңде мектептегі сабақта біз секілді жас өрен­дерге «Дін – апиын» дегенді үйретіп, санамызға атеистік тәрбиені сіңіруге тырысты емес пе? Қалай десек те, қаншама ғасырдан бері қазақтың жанына жақын дінінен ажыраған жоқ. Көзден таса болса да, Жаратаушы Иемізге жалбарынып, елдің тыныштығы мен бірлігін сұрап жатушы еді үлкендер.
Осындай күндердің бірінде бізді ата-анамыз Құттықожа сахаба кесенесіне алып келді. Ол жайында ескіден естіген әпсананы тілге тиек етіп, дін жайында аз-кем мағлұмат берді. Ештеңенің парқын онша біле бермейтін бала кезіміз ғой. Үлкендердің айтқан әңгі­ме­сінің кейбірі есте қалса да, енді бірін ұмытып қалға­нымыз тағы да рас. Десе де, біз ізгілік нұрын шаш­қан ислам дініне адамзат баласы арасында кеңі­нен үгіт жүр­гізудің оңайға соқпағанын түсіндік. Тіпті бұл мақ­сат­та талай шайқастың орын алғанын да ұқтық.
– Мына бұлақтан су ішіңдер. Қасиетті кісілер сен­дер­ді желеп-жебеп жүреді, – деді ата-анамыз бізге. Олардың айтқанын екі етпей, әп-сәтте орын­дадық. Бұлақ суы мұздай болып көрінді. Әйтсе де судан біршама сіміріп алдық. Тұла бойымыздан тер шықты. Рақат сезімге бөленгендей күй кештік...
Содан бері біршама жылдың жүзі ауды. Сол орын­ға араға көп жыл салып қайтадан жол түсті. Кесене басына аялдап, бұлақ суынан тағы да сіміріп алдық. Көзге байқалғаны, бұлақ суы бұрынғыдан бір­шама тартылып қалғандай ма, қалай өзі? Күдігіміз бекер екен, сол маңға келген кісілер оның жайын айтты.
Бұл жолы Құттықожа сахаба жайында айтылған әпсананы зейін сала тыңдадық. Бұрынғы естіген әңгімемізді қайтадан еске түсіргендей болдық. Ислам дінін тарату жолында сонау бір кезеңде сахабалар жер жүзіне тарайды. Олардың бір бөлігі Орта­лық Азия айма­ғына ат басын бұрған. Жан-жаққа тараған саха­ба­лардың біршамасы Қазақ­стан аумағына да жетеді. Оның ішінде Түркістан шаһарына да біразы кел­ген. Сондай-ақ көне қалаға іргелес жатқан Жаңақорған жерінде де уағызын жүргізген.
Әрине, уағыз жүргізу оларға оңайға соққан жоқ. Елдің арасынан оларға қарсы шыққан адамдар да табылды. Тіпті олармен шайқасқа түскен уақыт та болған.
Сол уақытта Ақкөсе, Имамбайыр, Құтты­қожа сахабалар жаудың бетін қайтару жолында қолына қылыш алып, шай­қасқа түскен. Рас, аңдыған жаудың алмай қоймайтын кезі аз емес. Қаратаудың етегінде болған кезекті шайқас­тың бірінде Құттықожа сахаба қаза тауып, дін жолында шаһид болады.
Кесене маңында жүрген ақсақал бұл жайында бізге былайша әңгіме өрбітті:
– Жаңақорған ауданынан Қызылорда қаласына шығатын тас жолдың тау беткейін­де Жайылма деген жазықтың бар екенін білесіңдер ме? – деп сұрады бізден әлгі қария.
Туған жердің тарихын терең білуге ұмтылып жүрген жан болғаннан кейін біз жер-су аттарын жадымызға тоқуға тыры­самыз. Сол себепті Жайылма біз үшін таңсық емес. Жайылманың өзі бұл жерден онша қашық емес. Әрі кеткенде 9-10 шақырым. Ол маңда қазір солай аталатын 200-ге тарта түтін тұратын елді мекен де бар. Қарияға осы білетінімізді айтып жатырмыз.
– Білсеңдер, Жайылма тұсында кезінде талай тарихи оқиғалар орын алған, – деді ақсақал сөзін одан әрі жалғап. – Сахабалар аталмыш жазықта дұшпандармен шайқас­қа түседі. Екі жақ та бір-бірінен қайтпайды. Құттықожа сахаба бұл шайқаста ержүрек­тігімен көзге түседі. Енді дұшпандар оның көзін жоюдың жолын іздейді. Сөйтіп, шай­қас­тың бір сәтін­де аяғын қылышпен шауып түсірген екен.
– Сонда Құттықожа сахаба Жайылма жазығында қаза тапқан ба?
– Жоқ. Бір аяғынан айырылған ол майдан даласынан шығып, осы жерге жетіп жығылады. Ерлігін жоғары бағалаған жергілікті халық сол жерге сахабаны жерлейді.
– Мына тастар неге бұлайша үйіліп қалған?
– Ені мен биіктігі 2 метр, ұзындығы 20-30 метрдей сағана тұрғы­зылған. Сол жер­ден шыққан бұлаққа Құттықожа саха­ба атын береді.
– Сахабаның ұрыс даласында қалған аяғы қайда жерленген?
– Жергілікті жұрт оны сол жерге жерлеген көрінеді. Бүгінгі күні оны көпшілік «Қызыл әулие» деп атайды. Өйткені кесіл­ген аяқ қанға бөгіп, қып-қызыл болып жатыпты. Содан бергі уақытта Құттықожа сахабаны жұртшылық әулие тұтып келеді. Зират басына түнейді. Садақа тастайды. Бұл жерді киелі орын деп санайды.
Десе де сағана басындағы бұлақ суы­ның тартылып бара жатқаны бізді алаң­дат­ты. Оған қашан көңіл бөлер екенбіз?..
Осылайша біз сапар барысында өткен шақтың шежіресіне қайта үңіліп қайттық. Қарт Қаратау қойнауында осындай талай оқиға болғанын ұқтық. 
«Сахаба» деген сөз біздің тілімізге араб тілінен енген. Қазақы жалпақ тілмен айтқанда, «дос, жолдас» дегенді білдіреді. Ол атау Мұхаммед пайғамбардың сенімді серіктеріне беріледі.
Бүгінгі күні осы топырақта өскен бірқа­тар кісілер ескі кезеңнің сырларын қағаз бетіне түсіріп, зерделі зерттеу жасауға талпынып келеді. Дегенмен біз сол еңбек­тер арқылы барлық қазынамызды тасқа басып, көне кезеңнің сырларын толық тани алдық деп айта алмаймыз. Ондай орындар әлі де аз емес қой.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста