Қарқаралы байлары жасырған алтынды кім табар екен?

Арқаның шұрайлы, шырайлы өңірлерінің бірі, бірегейі – Қарқаралы өңірінің табиғаты мен тарихи өткенінің тылсымға толы беттері жетерлік. Қарқаралылық белгілі өлкетанушы, ел мен жер шежіресі хақында бірқатар кітаптың авторы Ерлан Мұстафин ақ патша өкіметі қазақ даласына бекініс ретінде іргесін қалаған Қарқаралы қаласының әр ғимаратының, әр үйінің өзіндік шағын тарихы бар дейді. Әлбетте, Ресей отаршылары келгеннен едәуір бұрын көшпелі ел жайлап, қазақ қадасын қаққан өңірдің сырға толы жұмбағы жетерлік. Ал Біржан сал, Мәди жырға қосқан өлкенің ортақ атауын еншілеген шағын қаладағы тарихи-мәдени ғимараттардың іші де, сырты да құпия бүгіп тұрған сыңайлы. Қазір жұртшылықтың көз қуанышына, ізгі ниетпен бас сұғар қастерлі орнына айналған Құнанбай қажы мешіті, Абай тоқтаған үй, Пришвин үйі, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан бас сұққан ғимараттар, Мәди жатқан Мәліксай туралы әңгіме бір бөлек...
Қарқаралы қаласындағы қазір бірқатар отбасылар тұрып келе жатқан жекеменшік үйлер мен бірқатар ғимараттардың қабырғаларына қап-қап алтын тығулы жатқанын екінің бірі біле бермейді. Әрине, жылдар бойы әулетіне пана болған үйінің ұстынында ақ қашып, қызыл қуған заманда теріскей жаққа ауған көпестер мен байлар тыққан алтын барын білген адам от жаққан орнының қабырғасын қиратып, шатырын ортасына түсірмесіне кім кепіл?!
Өткен ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ақсөңке аштық пен қызыл қырғын қарсаңында Қарқаралы шаһары осы аймақтағы гүлденген сауда-экономика орталығы болғаны анық. Іргедегі Қояндының жәр­меңкесі мен патшалық биліктің уездік басқару орта­лығы саналған қалада көптеген ұлттың бай-көпестері ірі сауда нүктелерін ашқан. Кеңестік үкімет тәркілеу саясатын жүргізерден бұрын едәуір материалдық игілікке иелік еткен бұл бай-бағланның біразы жиған-тергенін алтын-күміс сынды қай дәуірде де құнын жоғалтпайтын асыл бұйымдарға айырбастап алғанын, күні ертең үкімет ауысса, айналымдағы ақша да, құнды қағаздары да желге ұшарын білген соң, қазына-бай­лығын жерге тығып, көмбеге жасырғанын жазған тарихи еңбектер де жетерлік. 1900 жылдары Қар­қаралыда Бахрам Нарбаев атты өзбек көпесі ғұмыр кешіпті. Бахрам байдың жұбайының есімі Мухмина болған екен. Қуғын-сүргін жылдары Бахрам бай әу­летімен бірге Қытай асқан. Оған дейін қазақ арасында мал-мүлікке ұсақ-түйек керегі мен азық-түлік әкеліп, айырбастап отырған Бахрам бай жайында зерттеу­шілердің Петербург мұрағаттарынан алдырған дерек­терінде бұл көпестің әкесі туралы «Норбаев Смет, купец, сарт, из Ташкента (кожевенные товары)» деп нақты жазылыпты. Ал Бахрам Сметұлының айналысқан кәсібі «скотопромышленник» деп жазылған.
Сонымен, байғұс Бахрам қазыналы Қар­қаралысын тастап, Қытай асқанда Қар­қаралыдағы көп үйінің бірінің қабырғасына ғұ­мыр бойы жиған алтындарын тығып ке­тіп­ті. Әрине, астары аңызбен астасатын әң­гімені біз ауадан алып отырған жоқпыз. Жо­ғарыда есімін атаған танымал өлкетану­шы, зерделі шежіреші Ерлан Мұстафиннің қолындағы деректерге сүйене отырып, айтып отырған жайымыз бар. «Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қарқаралының сауда­герлерін көлігімен Қытайға апарып-әке­летін бір жігіт жолығып (Қытайдан келген қазақ), Бахрамның ұрпақтарын кездестір­генін айтты. Олар: «Біздің үйді білетіндер бар ма? Аталарымыз алтын тығып кеткен, тығылған жердің картасы бар», – депті. Мен жолыққан жігітке ол үйді білетінімді айт­тым, ұрпақтарына айт дедім. Айтқанын, айтпағанын білмеймін, ешкім келген жоқ. Естуімше, әлгі үйдің қабырғасына өте көп мөлшерде алтын тығылған. Үйдің алдында үлкен тас қоралар бар. Қора қаланған тастардың арасына тыққан болуы керек...» – дейді өлкетанушы.
Ал біраз уақыт бұрын аталмыш үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілгенде үй қа­быр­­ғасынан көптеген ескі қағаздар шы­ғыпты. Сарғайған қағаздарда араб қаріп­терімен жазылған жазбалар да бар болып шықты. Ол қағаздардағы жазбаларды оқи алар көзіқарақты азамат іздеп, оған қоса Қытай жағынан әлгі өзбек көпесінің ұр­пағы табылып қала ма деп, біз де өз кезе­гімізде шекараның арғы жағындағы аға­йын-танысқа хат жолдаған болатынбыз. Әзір­ше жауап жоқ. Ескерте кетуіміз керек, мақ­сатымыз – қазақ даласына қазына іздеп келіп, иен байлыққа арзан жолмен қол жеткізуді арман еткен жандарша, біреудің бабасынан қалған дүниеге көз аларту емес, тек қызықты тарихи жайттар­дың жұмбақты түйткілдеріне көз жүгірту, ел мен жердің қасиет-қастерін замандас қауымға арттыра түсу ғана.
Ал Қарқаралы қаласында ғұмыр кеш­кен көпес-байлар тығып кеткен алтын тек бұл ғана емес. Бірқатар әлеуметтік меке­мелер орналасқан ғимараттардың да қа­быр­ғаларында, қаланы қолтығына қысқан қарт таулардың шатқалдарында да сом-сом алтын-күміс, құнды әшекей, сән дүниеліктері жасырынған-мыс. Бұл туралы деректер де баршылық. Тек өлкетанушы Ерлан Мұстафиннің айтуынша, бірер жыл бұрын тығылған қазынаның дерегін естіген әлдебір харам ойлы пенделер қазба жұ­мыс­тарын жүргізбек болған-мыс. Ал тығыл­ған алтынды табуға жақын қалғанда белгісіз себептермен денсаулықтарына түрлі зақым келген, түн баласы ұйқыла­рынан шошып, елестер маза бермеген деседі.
Сонымен, Қарқаралы байларының ерте­де тығып кеткен қазыналары ашылар күн қашан туар екен? Ол қандай күн болса да, тарихтан қалған тәбәрік ел мен жер иесі – халықтың кәдесіне жараса болға­ны!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста