Дертке дауа сыйлаған Әлжан сорды білесіз бе?

Жаздың ең ыстық шілде-тамыз айларын батысқазақстандықтар кейде «тұз айы» деп те атайды. Бұл – тұзға, яғни тұзды сордың шипалы қара балшығына «түсіп», емделетін уақыт. Емдік балшықтың қасиеті жөнінде біздің ата-бабамыз ертеден-ақ білген ғой. Тіпті тұзға түсудің қалыптасқан қағидасы болатынын үлкен кісілерден талай естідік: «Тұзға түсуге ниет еткен адам ертерек қамданып, сойысқа қой әзірлейді. Ең әуелі сорға аты берілген сол маңдағы әулиенің қабірін зиярат қылып, құранын бағыштайды, дертіне шипа тілейді. Сосын сор жағасына шатырын тігіп, қона жатады. Емдік қара балшықты ауырған жеріне, буын-буынына жағып, ып-ыстық тұзды қоймалжыңға аунайды. Тұзды сумен тісін шаяды. Осындай бірнеше процедурадан өткен адам қалың киініп, үш күнге дейін өзін жел-құздан сақтап жүруі тиіс...»

Құлпытас құпиясы
– Біздің бабамыз Жоламан батыр осы өңірді XVIII ғасырда қалмақтардан тартып алып, қоныстанған екен, – дейді бүгінде Орал қаласында тұратын 81 жастағы ақсақал Төлеберген Жүнісов Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы аумағында жатқан әйгілі Әлжан сор туралы мақтанышпен әңгіме қозғап. – Батырдың балалары Есіргемес, Жанғожа мен Байғожа, Бөлеп пен Төлеп бұл аймақты емін-еркін жайлаған. Сордың бетіне қалқып шығатын қара тұзды қаптап жинап, Жымпиты, Қаратөбе жаққа сатып, тары мен бидайға айырбастап, ауқатты тұрған. Есіргемес атамыздың Әлжан атты баласы болыстан да жоғары атақ – сардар атанып, біршама жұртты басқарған екен.
Әлжан сорының құбыла бетінде бір шақырым шамасында бүгінде жер бетінен жойылып кетуге жақындаған көне қорым бар.
Қалың шөп арасында қалқайып-қалқайып тұрған ескі араб жазулы 3-4 құлпытас болмаса, бұл жерді тап басып табу да қиын. Осы құлпытастың біреуі ерекше көз тартады: биіктігі үш метрге жуық, әр қыры жарты құлаштай, төрт жағы түгел жазу... Бұл – осы сорға аты берілген әйгілі Әлжан Есіргемесұлының құлпытасы екен.
– Әлжан атам дүниеден өтер алдында немере інісі Нысанбайды шақырып алып, қабірі басына үлкендеу құлпытас қоюды аманат етіпті. Нысанбай бұл құлпытасты екі арбаны бір-біріне тіркеп, Дендерден бір ай жүріп жеткізген екен. Мұндай алып тасты тұрғызу да оңай болмаған, сол кезде де Нысанбай ерекше қайрат көрсетіпті. Жарықтық, бес жыл тумаған бесті биені мойнына салып көтеріп кете беретін ерекше қайратты жан болған ғой...
Бір қызығы, Әлжан Есіргемесұлы туралы нақты деректі біз «История Казахстана в русских источниках» атты көптомдықтан тауып алдық. 1844 жылы Жайық өзені бойындағы №5 қырғыз (қазақ) дистанциясының бастығы болған зауряд-хорунжий Әлжан Есіргемесұлының жасы 47-де екен. Орынбор шекара комиссиясының төрағасы М.В.Ладыженскийге Орынбор қазақтары батыс бөлігінің билеушісі Баймағамбет Айшуақов: «...дистанция бойынша өз міндетін үздік атқарғаны үшін хорунжий атағына ұсынамын», – деп жазады...
Көне картаға түскен сор
Диаметрі 1-2 шақырымнан аспайтын кіп-кішкене Әлжан сорының шипалы қасиеті туралы мәлімет ерекше алысқа тараған. Жыл сайын мұнда облыстың түкпір-түкпірінен және көршілес Ресей Федерациясынан орыс-қазағы аралас емделушілер ағылып келеді. Орал қаласының өзінен 140-150 шақырымдай алыста, жолы да ауыр бұл жердің аты осылайша кең тарағаны қызық.
– Батыс Қазақстан облысындағы бірегей Ақжайық шипажайы да өз пациенттеріне ем-шараларын жүргізу үшін дәл осы Әлжан сорының балшығын алдырып пайдаланады, – дейді Сарыөмір ауылының тұрғыны Ғиният Дауылбаев. – Кеңес өкіметі кезінде осы өңір геологтардың ерекше назарында болып, әбден зерттелді. Білетіндердің айтуынша, Сасай тауының астында, өте тереңде уран қоры бар көрінеді.
Әлжан сорына жақын орналасқан Дуана ауылының тұрғындары да осы тұзға түсу үшін сонау Санкт-Петербургтен арнайы келген адамдарды талай көріпті. Олардың бірінің қолында патша үкіметінен қалған көне карта болған, сол картада шипалы сордың аты мен оған қалай бару қажеттігі тәптіштеп жазылған дейді!

Бағы ашылмаған Бөгет
Өткен ғасырда бұл аумақтың жанашыр жоқтаушысы, қамқор қожайыны болған болса, бүгінде олай деу қиын. Әсіресе, соңғы жылдары мұнда келушілердің экологиялық мәдениеті төмендігінен шипалы сор азып-тозып, аянышты күйге түскен. Қазіргі адамның бойында мұндай орындарды киелі, қасиетті санап, имену, құрмет тұту жоқ секілді.
Әлжан соры – Батыс Қазақстан облысында демалыс-туризм бағытында ерекше көңіл бөлініп отырған Шалқар көлінен 20-25 шақырымдай қашықта жатыр. Шалқарға демалуға, көңіл көтеруге келген туристің бірқатары іргедегі Сарыөмір ауылынан жолбасшы таңдап алып, Әлжан сорға тартып кетеді. Сордың балшығын шелектеп алып кетушілер де көп.
– Сордың іргесінде жатқан мына шағын көлді Бөгет деп атайды. Бұрын бұл – жағасына бау-бақша егілетін тұп-тұщы су болатын. Қазір қап-қара болып ластанып, әрі удай ащы болып кетіпті, – деп таңғалады Ғиният Дауылбаев. – Тұзға түсіп, денесін шипалы балшықпен сылаған адам бірнеше күн жуынбай, қалың киініп жүруі керек қой. Ал қазір «демалушылар» сорға жарты сағат аунап жатып, сол бойында мына жерге жуынып тастайды екен. Мұны бақылап, тәртіпке салып жатқан да ешкім жоқ.
Шынында да, сордың беті де, жағасы да қоқыс қалдығына, бөтелкелер мен пластикалық бұйымдарға әбден толған екен. Ғасырлар бойы талай жанның дертіне шипа, ауруына ем сыйлап жатқан Әлжан сордың өзі бүгінде дімкәстанып, көмек сұрап жатқандай... болды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста