Ақтоғайда да біз білмейтін құпия көп

Қазақтың белгілі ақыны Дәуітәлі Стамбековтің «Ақтоғай жайлы аңыз» атты жыры бар. Ақын осы балладасында өзі туып-өскен өңірдің табиғаты мен тылсым аңызын байланыстыра жырлайды. Ал аңыздың түбі ақиқатқа, тарихтың түбі табиғат аясынан шыққан адамзат қауымының ең ескі дәуірлеріне бастайтыны белгілі ғой. Қалай болса да, ақын жазған аңыз бізді өлең призмасына шебер қиюластырылған сан қырлы астарды анықтауға жетелейтіндей…
«Ертеде, өте ертеде сай-саласын тоғай басқан, қа­ра­­ғай-қайыңы тауына тырмыса біткен бір аймақта то­ғай шетін бір қауым әйелдер тайпасы мекен етіпті, – деп жазады ақын (әлбетте, жақсы өлеңнің мазмұнын айт­қанда тұрған сөкеттік болмас). Ақ балтырлы қа­йыңы бойжеткен қызымен жасынан сырлас боп, тал-шілігі баласынан кәрісіне дейін таяқ болуға жараған ор­ман-тоғайлы елде бір ғана қайғы болған-дүр. Қа­лың тоғай ішінде қара түннің құрсағын жарып, Ай сәу­лесі бозаң нұрға бояйтын алаңқай бар екен. Сол алаң­қайда Ай толған түндері пері қыздары сиқырлы биге басып, ән салады деседі. Пері қыздарының сезімді еліт­­кен сиқырлы қойылымын көрмекке әлгі тайпаның ер­кек кіндіктісі ынтық болса керек. Сол ынтық сезім жетегімен талай жүректі ер, білекті оғлан қара түнде орманға кетіп оралмаған. Оралмаған соң отауы опат болып, ошағынан оты сөнген. Талай әйел әкесіз, ерсіз, баласыз қалған деседі. Ал сиқырлы елестердің биі мен әні заман ауысқан сайын әйелдер тайпасының әлекке салған қайғысы боп, қамықтыра берген екен. Күн­дердің күнінде қасіретті тағдырға налыған бір әйел әлгі орманға – баласын, ерін, әкесін жұтқан қайың-талды то­ғай­ға от қойыпты. Апта жанған, ай жанған өрт тын­ған­да орман да тып-типыл болған, әйелдер тайпасы да тарихтың тұңғиық иіріміне шым батқан. Аңыз солай дей­ді» деп ақын оны әсем жырымен әдіптеген… Аңыздан маңыз іздейтін елміз.
Ақын қаламынан төгілген жырдағы оқиғаны тарих-этнография ғылымдары­ның тезіне сап, тексеріп көрсе қайтер еді? Этнографияда ең ескі дәуірлерден келе жатқан аңыздарды, сол аңыздардағы оқи­ғаларды, тұлғалық мысалдарды жіліктеп шағатын құрал жетерлік. Кеңестік ғылымда да, посткеңестік дәуірде де ресми-бейрес­ми орта қабылдаған прототүркі аңыздарын зерттеушілері­міз, шығыстанушыларымыз бұл тарапта бірнеше құнды еңбек жазғаны анық. Сол орайдағы мол тәжірибеге сүйе­ніп, біз өз кезегімізде аңызда қарасты­рыл­ған мо­тив­терді жекелей нақтыламақпыз. Мәселен, этногра­фия­да аңыздарда айты­латын «орман» – ең ежелгі те­рім­шілік дә­уір­дің адам санасына сіңірілген симво­ли­калық кейпі деп қабылданады. Терімшілік дәуір – көшпелі-аңшылық дәуірден бұрын­ғы қауымдық құрылыс кеңістігі. «Ақтоғай жайлы аңызда» бұл символикалық қатар жалғыз орманмен ғана шектелмейді: кар­тина да, сюжет те толыққанды болып тұр. Мы­салы, «орман» – терімшілік дәуір, «әйел­дер тайпасы» – терімшілік дәуірдегі басты еңбек күші болған әйелдердің матриархаттық (анаеркі) қауымы, «айлы түнде билейтін пері қыздары» – сол дәуірдегі адамдардың діни наным-сенімінің тұлғасы, яғни ғылым тілінде анимистік сенім болғандығының белгісі. «Еркектердің түнде орманға сіңіп жоғалып кетуі» – матриархат дәуірінде әйелдердің қауымда басты рөлге ие екендігінің көрінісі, жоғалып кету – ерлердің әлі де табиғат алдында дәрменсіздігін анықтап тұрғандай. «Әйелдің орманға от лақтырып өртеп жіберуі» – бұл екі бірдей мәселені аңғартады: біріншісі – матриархаттық құ­рылыста от иесі әйел екендігін нақтылайды және орманға от лақтыру арқылы терім­шілік дәуірдің тамамдалуын білдіріп тұрған сыңайлы. Енді осы айтқандарымызды жүйелесек, Дәуітәлі жазған жырда қазір Ақтоғай ауданының территориясына кіретін өңірде ең ежелгі дәуірдегі оқиға суреттеледі. Яки матриархат дәуірінің ақырғы кезеңдерінен шағын сюжет бері­леді. Енді археологиялық мұрамыз тұрғы­сынан қарастырсақ, көшпелі патриархаттық дәуірдің алғашқы үлкен орталығы ретінде Ақтоғай ауданындағы Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қазба қорымдары еске түседі. Шынтуайтында, алғашқы көшпелілердің аса үлкен қорымы бұл өңірде тегін болмаса керек. Алғашқы көшпелілер кім болды? Ол өз алдына жеке әңгіме. Біздің білетініміз, Дәуітәлі ақын жырлаған «Ақтоғай жайлы аңыз» – қазақтың ең ежелгі матриархаттық дәуірінен көрініс беретін ескі әпсаналар қатарынан екендігі. Әйтпесе қазір тұтас аудан атын алып отырған Ақтоғай атауы басқа қандай мағына беруі мүмкін? Қазақ жерінде Ақтоғай атты бірнеше мекен бар. Этнотопонимика ғылымы мен тіл ғылымы білгірлері «Ақтоғай» деген сөз «өзеннің бұрылып аққан саласы» деген мазмұнда түсінік береді. Оған салсақ, қазақ даласындағы 2000-ға тарта өзеннің барлығы дерлік бұралып ағып, бұрылып бағыт ауыстырып отыратынын қайда қоямыз?! Біздіңше, бұл атау ақ қайыңды қалың тоғайды атаудан қалыптасқаны анық. Бұл айтқандарымыздың сыртында, қазір де жолыңыз түсіп Қарағанды облы­сының Ақтоғай ауданына бара қалсаңыз, ұсақ шоқылардың қолат-қолтықтарынан ұйлыға біткен аппақ қайыңды шағын тоғайларды жиі кездестіресіз. Осы өңірдегі Тоқырауын өзенінің сағасының кез келген тұсын тереңірек қазсаңыз, күйген томар шығады. Аңызда айтылған орманның орны еместігіне кім кепіл?!
Атагөй ақын Дәуітәлі Стамбеков жырға қосқан қайыңды алаптың аңызы «Ақтоғай» деген атау ежелден келе жатқандығына сенімді кепіл бола алады. Әйтпесе пат­шалық үкімет те, кеңестік режим де қазақ даласына, мекеніне Ивановка, Сидоровка деп қана айдар тағып, ат қойғанына ел куә. Айтпақшы, боз тоғайлы алаптың еркесі ақ қайыңды жырға қосып, аңызын әспеттеген алғашқы ақын Дәуітәлі емес, осы Дәуітәлінің атасы Шашубай Қошқар­байұлы болатын. Шашекең сырнайын созып, «Ақ қайың, қызыл қайың, сырлы қайың…» деп текке жырламаса керек. Бұл да осы аңыздың шығар қайнары мен тұнар сағасы, құяр түбінің бір екендігіне, ежелден ел ұмытпаған ескі сөздің тарихи тамыры берік екендігіне куәге жүре алады-ау…

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста