Сыр жерінде «Бегім ана мұнарасы» деген көне ескерткіш бар. Жергілікті жұрт онда арнайы ат шалдырып жатады. Ескі заманның көзіндей болған аталмыш мұра қаншама ғасырдан бері елдің елеулі орнына айналды. Ескерткіш Арал теңізінің маңайында орналасқан. Жол жүрген адам оны алыстан байқары сөзсіз. Өйткені көне жәдігердің салынуы да ерекше. Мұнара пішінді ескерткіш алыстан көзге түседі.
Жергілікті жұрт Бегім сұлуды кіршіксіз тазалықтың белгісі санайды. Ағайын ардақ тұтар ол, махаббатқа адалдығымен елдің аузында әлі де жүр. Аңыз түрінде тілге тиек етілетін әңгімені ұйып тыңдайсың. Бегім сұлудың ерекше қадір-қасиетіне таңғаласың. Бұл аңыздың айтылып келе жатқанына он ғасырға жуық уақыт өткен. Әлі де елдің жадынан өшпей келеді. Ұрпақтан ұрпаққа ұлағат болып тараған.
Бегім сұлу – тарихта болған адам. Деректерде ХІ ғасырда өмір сүрген делінеді. Атақты Қарабура әулиенің кіндігінен өрбіген. Ол өте көрікті бойжеткен болған деседі. Көрген адам көз алмай қарайды екен. Айдай сұлу аруға сөз салған серілер де аз болмаған. Алайда ешқайсысына мойын бұрмаған. Өзіне сай сыңарын іздеп, жол тосқан көрінеді.
Сырдың бойындағы атақты Жанкент шаһары басшысының баласы Санжар хан отау көтеретін шақ туғанда жолдастарымен жолға шығады. Ол Қаратаудың етегіндегі қоныста тұратын Қарабура әулиенің қызы Бегім сұлу жайлы құлағы шалады. Оны көруге ынтыға түседі. Арудың жүрегіне жол табу өте қиын. Алайда оған ес-түссіз ғашық болған Санжар дегеніне жетеді. Бегім сұлуды өзіне қаратады.
Екеуі Жанкент маңайында бақытты ғұмыр кешіп жатады. Екеуінің тату-тәтті тіршілігіне талай адам қызғанышпен қарапты. Тіпті кейбір адамдар олардың арасын ашуды көздейді.
Күндердің күнінде Санжар хан достарымен аң аулауға шығып кетеді. Жолда аңға салар бүркітінің басындағы томағасы жоқ екенін көреді. Сол үшін қасында жүрген әскердің бірін үйіне жұмсайды. Әлгі адам Бегім сұлуды көргенде ақыл-естен айырылып қалады. Ол үшінші күн дегенде әрең есін жинайды. Дереу келген ізімен кері қайтады. Жұмсаған адамы барлық шындықты айтпайды. Қайта жалған әңгімеге ерік береді. Өзін Бегім сұлудың кідірткенін жеткізеді. Тұла бойында тұтанған қызғаныштан Санжар кері қайтады. Ештеңеге қарайтын түрі жоқ. Бегім сұлудың айтқанына құлақ та аспайды. Ол ашумен Бегім сұлудың қолы мен бұрымын кесіп тастайды.
Бұл жайсыз хабар шалғайда жатқан Қарабура әулиенің құлағына жетеді. Көп ұзамай ол кісі қызына келеді. Алдынан Санжар хан шығады. Оған атақты әулие өзінің болжамын айтқан. «Егер менің қызым кінәсіз болса, қазір оның қолы мен бұрымы қайтадан орнына келеді» дейді. Айтса айтқандай, қызын алып келгенде, барлығы да өз орнында тұр екен.
Санжар ханның әйелінің кінәсіз екеніне көзі толық жетеді. Бірақ барлығы да кеш еді. Қанша жерден кешірім сұрағанмен, Бегім сұлу илікпейді. Аққу құсына айналып, көкке көтеріліп жүре берді. Санжар оның артынан қалмай, қайта оралуын сұрайды. Алайда аққу бейнесіне айналған әйелі оған қайырылмайды. Көкте біраз самғап, теңіз жағалауына құлайды. Сол жерден кейіннен мұнара бой көтереді.
Қызының қазасынан кейін Қарабура әулиенің жүрегі қайғыға толады. Оның осы наразылығы салдарынан шаһар да көп ұзамай өмір сүруін тоқтатты. Дария суынан Жанкент жермен-жексен қирайды. Онда жыландар мекен етеді.
Көнекөздердің айтуынша, сол ордалы жыландар күні кешеге дейін болған екен. Осы маңдағы елді мекендерде олар жиі бой көрсетіп тұрыпты.
Мұнара Арал және Қазалы аудандарының ортасында орналасқан. Оған Қазалы арқылы барғандар онша жол қиындығын көре қоймайды. Ал Арал жақтан қатынау қиындау.
Бұл ескерткішке ер-азаматтардың баруы да оңай емес екен. Жолға шыққан адамдарға түрлі жағдайлар кедергі болатын көрінеді. Бірде көлік бұзылып қалса, тағы бірде басқа жағдай орын алады. Әйтеуір, түрлі оқиғалар кездесіп қалады.
Аққуға айналған Бегім ана
Последние статьи автора