Абыз даланың аңыздары біздің өткен шежіреміз іспеттес. Әрине, ескіден жеткен есті әңгімелер тектен-текке айтыла бермейді. Олардың барлығы бұрынғы кезеңнен сыр шертеді. Біздің халықтың ілгерідегі тыныс-тіршілігін сол аңыздан табамыз. Кейбір адамдар қазақтың тарихы болмаған деген бостекі әңгіме айтады. Алайда ықылым заманнан бері айтылып жүрген аңыздар мен әпсаналар желсөзді жоққа шығарады емес пе? Ұлан-ғайыр даламызда өткен әулие адамдар біздің даламыздың киелі де қасиетті мекен болғанын айғақтайды. Қай өңірге барсаңыз да, тамам елдің құрмет тұтатын кесенелері мен құпиясы мол орындарға кезігесің. Әсіресе оңтүстік аймақта осындай орындар көптеп саналады. Түркістанға келген адам Отырар төріндегі Арыстанбаб кесенесіне арнайы ат басын тіреуге тырысады. Кезінде осы топырақтағы ислам дініне мойын бұрған жамағаттың рухани ұстазы атанған әулие жайлы талай аңызды естіп өстік.
Сопылық ілімнің аса көрнекті өкілдерінің бірі Сүлеймен Бақырғани өз еңбектерінің бірінде «Бабтардың бабы – Қорасанда, сансыз бабтар – Үндістанда, Бабтар басы – Арыстанбаб» деп жазған екен. Ертеде қазақ бақсылары да «Түркістанда түмен баб, Сіздерден медет тілеймін, Сайрамдағы сансыз баб, Отырардағы отыз баб, Ең үлкені – Арыстанбаб, Сіздерден медет тілеймін» дейтін. Жалпы, талай әулиенің ішінде Арыстанбабтың жоғары тұрғанын аңғару қиын емес. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырының бір нұсқасында Баба түкті Шашты Әзіздің батырдың әкесі – Байбөріге перзентті болатынын жеткізіп, «Әулиелер жиналдық, бастығы болып Арыстанбаб» деген сөзі бар. Ескі әңгімелерде Арыстанбаб бабамыз осы аймақта өмірден өтіп, мәңгілік мекенін тапқаны айтылады. Десе де, байтақ даламыздың қай жерінен де бабамыздың атымен аталған мекендерді кездестіруге болады.
Арал теңізінің тап түбінде Ақирек деген мекен бар. Жалпы, бұл өңір таулы жер емес. Дегенмен негізінде таулы аймақтарда кездесетін қыраттар осы аймақта да байқалады. Ақирек биік жерде қоныс тепкен. Қасиетті қоныс қазіргі Арал және Қазалы аудандарының қақ ортасында орналасқан. Аңыздарда Арыстанбабтың мәңгілік мекені деп саналатын жеті жер бар делінеді. Бұл жер де сондай орынның қатарында саналады.
Бабамыз дүниеден өткен уақытта исі мұсылман баласы арасында келіспеушілік болған деседі. Әрқайсысы ол кісінің жансыз денесін өздері өмір сүретін жерлерге қоюды дұрыс көреді. Дау-дамайдың оңайлықпен оң шешімін таба қоймайтынын анық түсінген мұсылман басшылары оны шешудің өзге жолын іздейді. Бабаның мүрдесін түйелер керуеніне артып жолға шығады. Олардың барлығының түр-түсі бір-бірінен аумайды екен. Мүрде қай түйенің үстінде екенін ешкім де білмейді. Түйелер Арабия, Иран, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан аймақтарын басып өтеді. Оның әрқайсысында бір-бір түйеден шөгіпті. Соңғы екеуі қазақ даласына дейін жеткен көрінеді. Бірі Отырар алқабындағы қазіргі Арыстанбаб кесенесі орын тепкен жерге шөксе, соңғысы Арал топырағындағы Ақирек жеріне дейін келген.
«Осы екі түйенің бірінде бабамыздың сүйегі болған» дейді көнекөздер.
Әрине, оның қайсысы шындыққа жанасады? Бұл жайында нақты жауап жоқ. Дегенмен Ақирек етегіндегі киелі мекен неге Арыстанбабқа қатысты айтылады? Оның да жауабын әлі күнге дейін таба алмай келеміз. Бабамыз кезінде кең-байтақ даламызды аралап жүрген болуы да әбден мүмкін ғой. Қазақ қасиетті кісілердің жүрген жерлерін де ардақ тұтады. Сондықтан Ақиректегі кесене сондай орындардың бірі болды ма екен?
Осы кесене жайындағы алғашқы деректерді Қазалы жерінде қызмет істеген ғалым Игорь Аничков еңбектерінен де табуға болады. Көнекөз қариялар бұрынғы кезеңдерде осы аймақтың жасыл желекті жер болғанын айтады. Қамыстыбас, Райым көлдерінің ортасында арал болған. Кесене маңында суы шипалы бұлақ бар екен. Дегенмен бертін келе ол бұлақ белгісіз себептермен жұрттың көзінен жоғалып кеткен екен.
Қасиетті жерде қайсыбір замандарда кесене салынған. Ол өткен ғасырдың басына дейін жеткен. Кеңес заманындағы саясат салдарынан күтімсіз қалған аталмыш ғимарат қирап қалған. 90-жылдардың басында қайтадан имандылыққа бет бұрған халқымыз оның басындағы кесенені қайта тұрғызып, сауапты іс атқарды.
Бұл жердің қасиетті мекен екенін айғақтайтын оқиғалар да бар. Қазақтың бұрынғы өміріне көз жұма қарағысы келген дүмбілез адамдар Кеңес Одағы тұсында сол жерде жиын-той өткізбекші болады. Әрине, ол кезеңде мұндай шаралар арақ-шарапсыз өтпейтіні тағы да белгілі. Арақ та ішіледі. Еріккен кейбір адамдар жөнсіз әрекеттерге де барады. Тып-тыныш болып тұрған күн қабағы да әп-сәтте өзгеріске түседі. Сол сәтте көз аштырмас шаңды дауыл тұрады. Жиналған көпшілік әбден абыржиды. Дауыл да тоқтай қоймайды. Тойды тойлауға ешқандай мүмкіндік қалмайды. Ақырында жұрт жүгін жинап, қайтуға мәжбүр болады. Мұндай оқиға тек бір рет қана болмаған. Жөнсіз әрекеттер орын алған сәтте табиғаттың осындай құбылысы талай мәрте қайталанған. Бұл жердің қасиетті мекен екені содан-ақ аңғарылып тұрса керек-ті.
Біз Арыстанбаб сол аймақта мәңгілік мекенін тапқан деп жаңалық ашудан аулақпыз. Десе де елдің аузында жүрген аңыз жайында баяндай кеткенді жөн көрдік.
Аңыз бізге осылай деп сыр шертеді. Біздің қазақ өткенді бағалайды. Болмаса көне кезеңнің құпиялары бүгінгі күнге дейін сол күйінше жетпес еді. Қай жеріне барсаң да, қасиетті мекендер көптеп саналатын байтақ даламызды осылайша мақтан тұтамыз.
Ақиректегі Арыстанбаб кесенесі ме?
Последние статьи автора