Зұлмат немесе Голощекин жасаған геноцид

XX ғасырда қазақ халқының басына төнген қатер, исі қазақтан ұрпақтың қалу-қалмауы деген мәселе өткен тарихта осыншама күрт қойылмаған шығар. Қазақ халқының жерін бірте-бірте тартып алып, Америкадағы үндістер тәрізді тастақ пен шөлге қамап, құртуды ойлаған шовинистік саясат патша құлаған соң тоқталдыға санап, дала жұрты аз уақыт еркін демалып серпілгендей еді. Өз мұңын өзі жоқтап, мәдениетін көтеріп, ел болуға тырысып жатқан. Қаскөй жау оның ел болғанын көре алмады. 1925 жылы қазақ даласын билеуге жіберілген Голощекин «Кіші октябрь» дегенді ойлап тапты. Компартияның билетін бүркенген қара ниет патша жасай алмаған істі, асқан зұлымдықпен ұйымдастыра білді. Ол адам баласына «Нұрлы болашақ» орнату идеясын жүзеге асырған болып, аңқау елді сендіріп, біртұтас елді өз ішінен бір-біріне қарсы қойды. «Кіші октябрь» тек қазақ елін қыруға шебер ұйымдастырылған шара еді.

Ауылға социализм негізін орнату үшін, ғасырлар бойы қалыптасқан рулық, аталық ұсақ кооперативтік ұйымды қиратудың қажеті жоқ еді. Ол кооперативте жер мен бағын ортақ, мал әр түтіннің меншігі болатын. Кешегі Морган тамсана жазған бауырмалдық, мейірім, алаңсыз өмір, Маркс аңсаған коммунистік ячейка осындай-ақ емес пе. Сол қазақ қоғамының негізін талқандау, қазақты құрту жолындағы алғашқы қадам екені даусыз. Сондай кооперативке тап бүгін қолымыз жетпей отыр емес пе?

Казкрайкомның кезінде аса «құпия» саналған 19 январь (1930 жыл) қаулысында «что мероприятия»… в районах сплашной коллективизации казахского населения не совсем достаточны и должна быть усилины» делініп, қазақты кооперативті, қазақ қоғамының негізін қиратуды тездетуді талап етеді. Осы қаулыда тас-талқан болған ауылды үлкен-үлкен колхоз жасау үшін қуып әкелу керектігі айтылған. Жүздеген шақырым жерде, онсыз да босуға ұшыраған жұртқа көмек жоқтығын «что бюджетами как краевым, так и местным не предусмотрены специальные средства на оседание» деп ашық айтылып, оны ұйымдастыру аты бар заты жоқ әлдебір мерекелерге тапсырылған, яғни, «не болса ол болсын» дегенді анық ұғуға болады.

Қазақ жұртын мұндай талауға салуға қарсының бәрі халық жауы есептелді. Ахмет, Мағжан, Міржақып түгілі Голощекин саясаты, момын қазақтың есі түзуін де тыныш қоймады. Қазақтың оқығаны түгілі есі барын да, әз саясатын тезірек жүзеге асыру үшін о дүниеге аттандырып жіберуге тырысты. «Көшпелі ел XX ғасырда өмір сүруге тиіс емес» деген теориямен қаруланған неше түрлі баскесерлер мылтығын шошаңдатып дала кезіп, елге зорлық-зомбылық жасаумен болды. Олардың тірегі тым мықты еді. 20-жылдардың екінші жартысында-ақ, Голощекин келген соң бір-екі жылдан соң, момын елдің қаны судай төгіле бастады. «Ұрыларды атамыз» деген сылтаумен әрі «контралар ауыл-ауылды аралап жүр, солармен күресеміз» деп ел ішінен қарулы отрядтар шыға бастады. Соның бірі Шет ауданын мекен етуші іргелі рудың бірі Шуаш ауылын қамап, жеті кісісін атып кетті. Оққа ұшқандардың ішінде атақты Жанқұтты шешеннің немересі Тәтібек ұлы Шәкен, Сейітқали, Сейітқамал, Аққасқа дегендер бар. Бір ауылдың ер азаматын қырып кетуге Аққасқа жөнді қонақ асын бермеді деу, «ұрыны атады екен» деген қорқыныштан Кәкіштің тұра қашуы сылтау болған. Қашып кеткен «контра», ауыл сонымен сыбайлас деп есептелген. Сол жолы Үрпек Адайда 40 адамның атылғанын Ескей жыршы айтып, құлаққа сіңірген. Әміржан Омаровтың айтуынша соның ішінде Сарымнан Жаманбек Мекібасов, Сейітбек, Сейітқазы дегендер бар.

Дала жұртын дүрелеп, асып-атып, ойына келгенін қылған отряд кеше патша үкіметіне бағынбай кеткен дала Көкжалы Боранқұлға у бергізсе, Майшора-Тәжібай ауылын, таң ата қоршап, пулеметпен атқылаған. Ауылдан ақбозатқа мінген жалғыз-ақ адам қашып шыға алған да, қалғаны мерт болған. Қырғынның лебін күні бұрын сезген Шәмшид пен Өскенбай бір қыз, бір келіншекті ертіп, сонау Көкшетау жақтан шығып, Абыздың қара талын мекен еткен. Соларға еріп, осы елдің Шәріп деген жігіті де оңтүстік жаққа кеткен. Бұлардың сыбысын білген 40 солдат ауылды басып қалып, бір бозбаланы торғайдай шырылдатып сабап, жатағын көрсетуге мәжбүр еткен. Солдаттар оққа ұшқан Шәріптің басын найзаға іліп әкеліп, момын елдің зәресін ұшырған.

1930 жылы Шет ауданында әр үйге 100-ден 500 басқа дейін мал салығы түскен. 1931 жылы халық басына түскен қасіреттен есінен танғандай еді. Шет ауданы халқының қолында қалған 80 мың бас ірі қараға 120 мың бас мал тапсыру жөнінде салық түсті. Әуелде салық мал басына түсіп, жұртты біржола сыпырса, кейін «тонналап» түсетін болды. Айта кетерлік бір сөз, бұл етті апарар жер, сақтар орын жоқ екенін біле тұра, Голощекин тобы осыны істеді. 1932 жылы халық қырылып жатқанда, бұрынғы Нілді руднигінде 100 (жүз) мың тонна ет өртелді. Сасып борсыған мыңдаған тонна етті жою Спаск, Бұрмада жүргізілді. 1931 жылы елге аштық кіре бастады. Тұқым-тұқымымен «нұрлы болашаққа» жетпейтініне, құритынына көзі жеткен ел ішінде толқу болғаны шындық. Мұндай қатер төнгенде, үнсіз мүлгіген ұлттың жер бетінде өмір сүруге хақысы жоқ дер едім. Қасқыр да ұрпағын сақтау үшін жанталасып кісіге шабады, ал, қазақ елі өзін сақтау үшін толқыса несі айып. Міне, осы кезде Шет ауданының ГПУ бастығы боп, ел арасына Шишов деген атпен белгілі, Н.Сычев тағайындалды. Сол Шишовты Шетке аттандырып тұрып, оперсектор бастығы Бақ «билер мен дінбасылар, ақындар сөзін тыңдаған, халқы бас имейтін» ауданға барғанда аяусыз болуын, ойланбауын талап еткенін архив сақтаған. Сонымен, Шишов барған жерін қанға бояуға міндетті болған. Шала сауатты Шишовқа осы да жеткілікті еді. Ол қанды ісіне аяусыз кірісіп берді.

Қазкрайкомның 1931 жылғы 25 майдағы «Ерназаровтың баяндамасы бойынша, аса құпия резолюциясында «в Абралинского и Шубартауском, Кубыском и Каркаралинском районах… напряженное положение… продолжает оставаться» деп көрсетілген. «В дело моблизации средств местные органы допускали грубые администрированные, пытаясь путем облажение населения наполнить финплан, при этом имея в этих районах безтоварье и отсутствие продоволствие» деп ашық көрсетіп, халықтың аштық-жалаңаштыққа ұшырағанын мойындай отырып, халықты толқытушы бай-құлақ элементтер деп баяғыда қырылып біткен сорлы байға жабады. Ірі байларды 1928 жылдары құрттық, орташаны 30-жылдардан асырған жоқпыз, сонда, халыққа іріткі салатын қай бай деген сауал еріксіз келеді. Әлде қалған қайыршылар байи бастап па еді? Міне, мұны қазақ «ауру бастың сақинасын сау басқа жабу» дейді.

Резолюцияда белсенділердің биліктен айырылып қалғанын жаза келіп , «фактический передели власть кулаком Шубартауский р-н» деп онан әрі «Коммунисты 6-аула Абралинского района совместно со своим родам принимали активные участие в вступлениях» деп, дені қазақ, өз ұлтының тағдырынан бөліне алмаған коммунистерді сөгеді. Бұл жағдай қазақ коммунистеріне сол тұста тән сықылды. Шет ауданының алғашқы партия ячейкасын құрушы Дәлмағанбеттің Тұңғышбегі, Бәйменнің Көпжаны, Сыдан, Нақыптың Алтыбайы секілді азаматтар 1928 жылы ірі байды конфискелеуге, онан соң қаптаған салыққа қарсы болып, «бұл ашаршылыққа ұшыратады» деп сан рет жасырын кеңес өткізгені белгілі. Ол құпия шешімге «еще поднять темпы скота загатовок» деген сөзін оқығанда аяушылықтың шегі болмайтынына көзі жетіп, Голошекин бастаған билеушілердің зұлымдығынан біржола түңілесің. Оқпен атып тауыса алмайтын қазақ халқын, ақымақ, үкіметке шын берілген белсендінің қолымен аштыққа айдап бара жатқанын көріп, тап бүгінде жаның шырқырайды.

Ашаршылық жаппай кіре бастаған, қы­ры­латынына көзі жеткен ел резолюцияда көр­сетілген аудандарда ғана емес, қазақ жерінің түкпір-түкпірінде толқу жасаған. Ондағы мақсат белсенді зорлығынан құтылу, тірі қалуға тырысу ғана еді. Көтерілген елдің бір орталығы Созақ болса, Арқа елі де қарап жатпады. Осы күнгі Жеңіс совхозының маңында құрылған бір аудан қазағы тік көтеріліп, оңтүстікке қашып кетті. Оның тірі қалғаны қазір Сарысу ауданын құрап отыр. Арқадағы Боқты тауына бекініп, өзінше қарсылық көрсеткен ел ай бойы берілмей, үстінен ұшқан қос қанат «кукурузник самолеті» атып түсірген. Нұра ауданы жағында көтерілген жұрттың басында болған Әлсен қажы қолға түсіп, жендеттер іш құрылысын үзіп түсіру үшін, қол-аяғынан ұстап жерге ұрғылағанда да «иә, мен қазақтың ханымын» деген сөзінен танбай кеткен. Ел үшін азаппен өлсе де жанын қиған осындай ерлерге ұрпақ мәңгі бас иеді. Ақтоғай ауданында тақымына ат тигендер аудан орталығынан шауып өтіп, белсенділердің зәресін алған. Қалған топ жаяу-жалпы жақындай берген. ГПУ Маклошин қарулы отряды екіге бөліп, таяқтан басқа қаруы жоқ топты оқпен қарсы алуға дайындалған. Жаяу-жалпы наразы топтың алдында, осы топтағы жалғыз қару, шалғы ұстаған Көшкін руынан шыққан Керкей деген жігітті Маклошин табан асты атқан. Екінші отрядта оқ жаудырған. Оқтың бірі РайПО бастығы Омар Адамбайды жаралаған. Мұндайды күтпеген наразы жұрт бет-бетімен қашып, таяуы аяусыз жазаланған.

Толқудың аса бір ширыққан жері Жезді, Қарсақпай маңы. Осы жолдардың авторы Ұлытау ауданы, Ешкіөлмес ГРП-сінде болған кезінде Құрман -Дәулен деген жігіттердің әкесі Ысқақ қария, осы уақиға туралы аса өкінішті әңгіме қозғаған еді. Бұл фактілер қазір архивте де бар. Толқудың басында әжептәуір оқыған Жұмағазы деген кісі болды. Ахмет ұста да басты рөлдегі кісінің бірі. Көтерілген жұрттың «талабын орындаймыз» деп қолға түсіріп, Жұмағазы бастаған бес адамды атқан. Содан, көтерілісті інісі Қабжан бастап, қыс бойы Бетбақтың бойында ұрысқан. Осы толқу барысында жүздеген адам (сол ақсақалдың айтуы бойынша бес жүз адам) атылып, мыңдағаны сотталып кеткен. Осындай оқиғалардың Жаңаарқа жерінде де болғанын 1961 жылы Қарағанды облыстық архивінен көрдім. Сол толқуларды басу үшін көршілес аудандардан отряд құрылған екен. Сонау Шыңғыстаудағы толқуды жазалау үшін Шет ауданынан он шақты адам жіберілген. Олардың үшеуі қазір бізге белгілі: Адабек, Мұқыжан дегендер. Голощекиннің кіші октябрь идеясымен жігерленген сол кездегі крайком секретарының бірі Голюдов деген коллективизацияны қарқынды жүргізу үшін, әр жерде топ-тобымен кісі атып тастау керек деген ұран да көтерген. Ашығып қырылудың аз-ақ алдында тұрған ашынған халық Голюдовтар үшін енді мылтық сынайтын ермекке айналды. Топ-тобымен кісі атудан Шет ауданы да құралақан емес. Соның салдарынан, халық санының қалай кемігенін мына цифрлардан көруге болады. 1926 жылы Шет жерінде 48311 қазақ болса, 1932 жылдың басында 36568 адам қалған, яғни халық саны сол екі ортада 11743 адамға азайған. Сонан 1933 жылы 5021 адам ғана тірі қалғанын архив документтерімен дәлелдеп шықтық.

Тобымен кісі ату Шет ауданының әуелгі орталығы Қызылеспе маңында болған. Созақ оқиғасын естіп отырған жұртқа Боқтыдағы жағдайды көрген Шәріпов Орман деген келіп көзі көргенін айтқан екен. Ашығып та, ашынып та отырған ел 39 бөшке бензинді өртеп жіберіп, мұратына жеткендей боп отырған. Онан соң қанқұйлы белсенді Бабжанов Исаны ұстаған. Қаны біргеге аяушылық ететін ел оны ұрып соқпаған да. Көтерілген ел арасында Марғазы мұғалімнің беделі үстем екен. Ол кісі «зорлық-зомбылық, ашығуды белсенділердің ісі, мұны жоғары жақ білмейді, толқу жасап қиын жағ­дайымызды білдірейік» деген бағыт ұстаған. Сол кезде, тап ретінде айдалып бара жатқан, ішінде Тәсібек пен Ысқақ молла бар, топтың соңынан келіні Сақай қуып жетіп, көтеріліс туралы хат берген. Айдалушылар екі милицияны байлап тастап, Ысқақ молладан басқасы кері қашқан. Ысқақ молла «жақсылық адамның алдынан келер болар, соңымнан жеткен хабарда бір шикілік болар» деп ілеспей қалыпты. Осы оқиғаны көзімен көрген, өзі бізге куәлік қолхат берген Зекен Бәкіровтің айтуынша жазалаушы отряд Тоқтабек көңіндегі мал қораға жетпіске жақын адамды қамап қинаған. Соның бір тобын атуға алып шыққан. Ол кезде комсомол Зекен ақсақалды тау басына қарауылға қойған екен. Ажарбектің келіншегі Сақайды қайнысы Нұрлан екеуін тұтастай жалаңаш шешіндіріп, штыкпен түйрелеп, еріксіз құшақтастырып қойған. Сонан соң, еріккен белсенділер «сендерге оқ та шығын» деп тізіп қойып атқан. Белсенділер ішінде ауатком төрағасы Қарағанды Тойбеков, Көдебек, Сарымсақ, М.Әмірин деген райком, комсомол секретары Құсайын есімді селпо сатушысы бар еді. Тізілген жұрттың алдында тұрған жігіт үңірейген мылтық аузына шыдай алмай есінен танып, қайта-қайта құлай берген. Сонда Тәсібек:

– Мына шірік ажалды да жөндеп қарсы ала алмады ғой – деп, оқ өтіне өзі келіп тұрған.

Оқиғаның бел ішіндегі қызыл отау соты Омар Тайбек бұл жөнінде, өзіне ГПУ Шишов мылтық кезеп «ат аналарды, өйтпесең сен де жаусың» дегенін, өзінің әдейі мылтықты далаға атқанын осы жолдар авторына айтқан еді. Иә, ол кезде кісі аттырып, қолын қанға бояп, әркімді өзінің сенімді адамы ету Шишовтардың ыңғайлы тәсілі болса керек. Жалаңаш құшақтасқан Нұрлан мен Сақайды бір оқпен атып құлатып, қансырап әлі тірі жатқан келіншектің төсін кесіп алып, күйеуі Ажарбектің үстіне тастаған Бабжановтың ісі жан түршігерлік.

Осы оқиғада қолға түскен – Шойынбекті бір белсенді өзі жеке атпақ болып алып шығады. Винтовканың жеті оғының біреуі де атылмай, кешінде Тоқтабек көңіне қайта әкеп қамаған. Түнде ескі қораның түкпіріндегі бос кірпішті суырып Шойынбек жалаңаш, жалаң бас жалғыз штанмен жаяу қашып, ақыры Алматы жетіп, Қарсыбектің Ғайнолласына осы сұмдықты баяндаған. Ғайнолла астанада мәселе көтеріп, осы сұмдықты зорға тоқтатқан.

Осы жолдардың авторы 1989 жылы 11 октябрь күні зұлымдықты көзімен көрген Зекен ақсақалды алып, Найзакескендегі шейіт болғандардың жеткен жерін тауып, суретке түсіріп, тағзым етіп қайтты. Сол маңның есті азаматы Демесінге жазықсыз жапа шеккендердің бұл жалғандағы соңғы тұрағы, таспен бастырылған жалғыз апанға көз қырын сала жүруін, ел болып қамқорлық жасауын өтіндік. Тау арасындағы терең сайда мәйіттердің басына шыққан қурайды жел тербейді. Ал, сенің көңілің қобалжып, тамағыңды өксік тіреп, не үшін деп еріксіз күбірлейсің.

Шет ауданының орталығы орналасқан маңдағы Қанды қара төбедегі топтасқан кісі ату 1931 жылдың август айының орта кезінде өтті. Атылған адамдардың саны жиырмадан асады. Негізі Иманжолбарыс ауылының азаматтарынан тұрған бұл жағдайды көр­сетуші де, тау арасындағы әлдебір ту мен бір бет қағазды тауып беруші де Төлеубай белсенді. Түлкілінің бетіндегі аударылып жатқан тасты көрсетіп «Ішім сезіп тұр, Ана тастың асты тегін емес» деп, өзі қолымен қойысқан қойманың үстінен Шишов бастаған ГПУ адамдарын түсірген. Төлеубай сұмның жазықсыз көзі жойылған азаматтардың әйелдеріне жасаған қиянатын, бала-шағасына көрсеткен зорлық-зомбылығын ел күні бүгін түршігіп еске алады. Халық қарғысына ұшы­раған онан тұқым жоғы да ел көз жасының тегін кетпегені сияқты.

Ымырт жабылған шақта тұтқын­дарды, осы күнгі Ақсу бөлімшесінен түйеге мінгестіріп алып шыққан. Дәржібайдың Қасені деген кісі «түсе қашайық, бәрібір өлдік» депті. Сонда, елге сыйлы Талпақтың Ахметжаны «артымызды ойлайық, біз қа­шып құтылғанмен бала шағамызды қы­рады бұл иттер. Құдай не салса да өзі­міз көрейік» – деп тоқтам айтқан. Ахметжанның соңғы тілегі намазын оқу екен. Сәждаға бас ұрып отырған Ақаңды Семененко атқан. Жаралы ақсақал құлай қоймапты да, осы елдің бір есалаңы қылышпен шауып өлтіріпті. Морозов деген « вам пули жалко» деп талайын бір оқпен жайпаған.

Сол кезде қызметке жаңа ілініп жүрген жігітті еріте шыққан Шишов оның қолына мылтық беріп, шекесіне тапаншасын тіреп қойып, «ат әйтпесе» деп санай бастаған. Есі шыққан жігіт мылтық дауысымен бірге есінен тана құлаған. Әлдебіреулер «қан іш, есіңді жиясың» деп аузына қан жаққан екен. Сол жігіт (ол да зорлықтың құрбаны сол себепті атын атамадық) соғысқа кетерде «Мен қан жаладым, қан майданнан қайтпаспын»деген екен, соғыста жоқ болып кетті. Ермек іздеген белсенділердің бірі Ақбота Түсіпбекті қолын байлап, жалғыз өзін Аюлыға апарып атқан. Жаралы Ақпанның Құдышы біраздан кейін есін жиып, өзен жарын жағалай қашып шыққан. Жаралы Құдыш ұзай алмаған. Ертеңіне іздеушілер оны Данияр бейітінің қараған арасынан тауып, үркітіп жүріп қуалап атқан.

Қарт ұстаз, соғыс және еңбек ардагері Жұматай Құтжанов берген куәлік қолхатында «Түнде дүрсілдеген мылтық дауысы естіліп жатты, «кісі атты» деп ертеңіне үлкендер біліп келуге жіберген. Өзеннің күнге 7 қарап тұрған биік кемерінің астына атыпты. Су қызыл ала қан. Біз балық аулаған болып бардық. Бізді мылтықты аттылы адам «кетіңдер» деп қуды. Оның милиция формасы бар еді» деп жазды Жұмекең. Жұмекең 1931 жылы 14 жаста екен.

Жұмекең сол оқиғаларды жақсы білетін Имағанбетов Төсбай деген ақсақалмен көп дәмдес болып, бұл жағдайды тәтпіштей сұраған. Төсбай ақсақал атылғандардың жатқан жерін жұрт біліп қалуы себепті, өзеннің атылғандардың үстіне құлатылған жары аршылып, біраз мәйітті осы күні біз ат шаптырып, той жасап жүрген Табан төбенің терістік жақ ішіне көмдіргенін, өзінің соған қатысқанын айтқан.

Жұматай ақсақал сол күні Дәржі­бай­дың Қасені,Талпақтың Ах­­мет­­жаны, Иман-Жолбарыстан, Елу­бай, Аманбек, Шүленбайдың Тиыш­­бек, Жексенбегі атылғанын еске алса, Жұ­мабай Тәкенов, Ақпанның Құдышы, Ақбота Түсіпбек, Сандыбай тұқымынан Сәдуақастың шейіт болғанын айтады. Ықсанов Мұқаш қария мәйіттер ішінде Тінекенің Қазанғабы, Қарақойлы Адайдың Ахметі, Шегірліұлы Қарсабек, Балта Құдайбергенұлы Қайырберлі, Бабас ақындар бар екенін құлаққа құйды. Сол жылы Әбди күйшінің де опат болғанын Жүніс Ыбышұлынан сан мәрте естідік. Күн өткен сайын тежеусіз уақыттың көлеңкесінде қалып бара жатқан 1932 жылдың қырғын аштығы «неге, неге» деген сауалды қайта-қайта туғызып, қолдан жасаған трагедияны түсіндіруді қажет етеді. Көз кергендерден жиналған естеліктерді оқығанда сол бір қайғыны бастан кешкендейсің, түршігесің. Е.Мұхамеджанұлы белсенділердің бар малды сыпырып алғанын, шұбырған елдің жолшыбай қырылғанын, жүруге жарамай қалған бойжеткен қыз алдында жанып тұрған отқа құларман боп теңселіп отырғанын жазса, К.Жанасылов Бетқайыңдағы қорадан адам сүйегін кейін күреп шығаруға тура келгенін, Сарыөзекте шашылған мүрде талай жылдар шөп шаптырмағанын айтады. Қарт ұстаз С.Әбдрайымов Бөгілінің 1930 жылдары 150 үйінен әр түтінде бірер адамы ғана бар 37 үй қалғанын. Қайша шешей екі үй тола қаттап жиналған өлікті ұраға көмдірген совхоздың директоры Соловьевтің тірі қалғандарды қапқа салып, суға лақтыртқанын айтқанда, жауыздықтың шегі жоғына еріксіз иланасың. Қарт ұстаз Қ.Ыбырайтегі босыған елмен бірге Сібір асып кеткенін, Қ.Аяпбергенұлы адамзат басына бермес аштықта кісінің кісіні жегенін жазғанда, сасқаныңнан өкіметі қайда, партиясы қайда деп қанға сіңген әдетпен ойлап қаласың. Өткеннің кегін қууға қарсымын. Біреу «Нұрлы болашақ» дегенге алданды. Кейбірін ГПУ-КГП өзіне еріксіз зорлап жұмыс істетті. Надандықтың баққұмар, дәреже құмарлығы да кенде қалған жоқ. Бірақ соның барлығы да түрлі-түрлі біздің де, Шет елдің де архивтерінде сақтаулы. Әркім бұл жалғандағы өзінің ісі мен сөзі үшін құдай мен келер ұрпақтың алдында жауапты. Ақырғы сарапшылар да осылар. Тегінде Геноцид аталып жүрген бұл аштыққа бірден-бір кінәлі адам «Қу жақ» атанған Голошекин сияқты. Жалғыз әмірші осыны істегенде айналасы қайда деген сұрақ еріксіз келеді. Елінің қырылуға бет алғанын көрген бір азаматтың халқы үшін жанын шүберекке түйіп, Голощекинді жалғыз оқпен жайғай салмағаны миға кірмейтін іс. Ендеше, оның айналасы да қылмыскерлер. Сол тұстың өзінде коммунизмнің улы идеясын жамылған жауыздар ел билігін қолға түсірген. Голошекиннің айтқанына жұрттың бәрі көне берді десек әруақ алдында кінәлі бо­лармыз. Сол кәмпеске басталған 1928 жылы Шет ауданының елдің бүтіндігін көксеген азаматтары Көпжан Бәйменұлы, Тұңғышбек Дәлмағанбетұлы бастап Қойкел өзені жағасында коммунистердің жасырын жиналысын өткізіп, байларды тәркілеуге бермеске серт беріскен. «Қызылтауизм» деген айдар тағылған бұл азаматтар, кезінде қуғынға түскені анық.

Дегенмен де, осы тұстағы «Қу жақтың» бірер қадамын байқап көрейікші. Қазақ елінің тұрмысын түсінде де көрмеген, ең болмаса бір киіз үйдің есігін ашпаған, мал баққан елдің ерекшелігі бары есіне де кірмеген Голошекин өткізген Қазкрайкомның қаулылары да пәле іздеп шапқылап жүр-ау. Жер жыртып егін салуға не соқасы, не тұқымы жоқ миллиондаған қазақты колхозға қуып тықпақ. Оның жолы малын тартып алу болса керек. Қазкрайкомның 19.01.1930 жылғы қаулысында «Громадное количество кочевого и полу кочевого казахского населения» деп көрсетіліп онан әрі «коллективизации казахского население должны быть усилены» деп қорытындылайды. Ол үшін халыққа мынандай жағдай жасалу керек деген бір ауыз сөз болсайшы. Осы қаулыда «потребует передвижу населения в хозяиственные центры» деп көрсетіліп, малы талауға түскен ұлы даланың қазағын қуып әкеліп, шоғырландырып, кигіз үйлі қалалар жасауға жол ашады. Сол ішінде тірі пенде қалмаған киіз үйлі қалалар 1934 жылға дейін желмен теңселіп тұрған еді. Сол қаулыда қуып әкелінген қазақтарға үй салынсын дейді де, оған қаржы «бюджетами, как краевым, так и местным не предусмотрены специальные средства» деп атап көрсетіп, қай-қайдағы бір көк тиыны жоқ мекемелерге сілтеме жасалады. Сонымен, қуып әкелінген жұрт азып-тозуға, ауруға ұшырауға, суықтан бүрсектеуге үкім етіледі. Ол аздай 1931 жылы 25 май күні Қазкрайком бюросының қаулысы «еще поднять темпы выполнения скотозаготовок» деп сорлы халықты тұрса басқа, отырса аяққа ұрып, 1932 жыл аштығына қуалай түседі. Бұл аштық қалай болды деген ой талайды мазалаған. Қанша едік? Қаншамыз қырылдық? Кешегі үлкендер білгенін айтуға батпай, жүзін жасыратын. Әкем Ыбыштың Жүнісі бұл мәселе туралы осы 1990 жылы ғана тіс жарды. Ол кісінің айтуына қарағанда «Шет ауданында аштық алдында 54 мың адам болған. Біз сан жағынан Қарқаралыдан ілгері едік» дейді. Ал, тек қана қой 700 мың, жылқы 60 мың шамасында болса керек. 60 жылдардың соңында, саяси лагерьге біраз жыл дәрігер көрмей жөндеуді тілеген денсаулығымды байқатып, Қарағандыдағы аурухана кезегінде отырып, Қарқаралық Теміржан Қайыров деген кісімен кездестім (Ұрпақтары болса менімен хабарласуын тілер едім). Ол кісі 1932-33 жылдары Шетте почта бастығы болып істеген екен. Әңгіме жүйесін 32 мәселесіне бұрып, суыртпақтап сұрай бастадым. Аштық өтіп, 1933 жылы үкімет тірі қалғанның есебін алуға жұмсапты. Сонда, Шет ауданында екі, не үш адамнан тұратын түтін саны 298 үй, жетім бала , жесір қатынды жеке отбасы деп санағанда 309 түңлік болғанын айтқанда, Темекең көзіне жас алды. Өмірден таяқ жеп қалған басым бұл фактіні өзім ғана оқи алатын етіп ұзақ жылдар тығып ұстауыма тура келді.

1988 жылы Шет ауданының құрылғанына 60 жылдығы қарсаңында баяндамада елдің басынан өткен қиындықты айтуға тырыстық. Сонда райкомның белді бір қызметкері 1930 жылы Шет ауданының халқының саны ері – 7116, әйелі – 6658 адам дегенді архивтен әкелді. Бұл барлығы 13772 ғана адам. Бұған сенбеуге тура келді. Себебі ғалым М.С.Мұқановтың «Этнический состав и расселения казахов средного жуза» деген кітабында 1824 жылғы санақта:
Қояншытағай: 1632 ер, 2176 әйел.
Кәрсөн-Керней: 3243 ер, 4324 әйел.
Әлтеке-Сарым: 3144 ер, 4192 әйел.
Барлығы: 18711 адам екені анық көр­сетілген.

Қарағанды архивінің бастығы не іздеп келгенімді естісімен суық қабақ танытып, ондай материалдың жоқтығын айтып салған. Партархив, КРБ-нің архиві деген жабық. Сонда да Госархивтен жүзге жуық папканы алып, әлденеше күн сарсылғам. Ақыры іздегенімді өліп-талып таптым. Бұл мәлімет таблица толтырған адамның көз жасына жуылған. Әбден сарғайған қағаздың өртеніп кетуі де ықтимал еді. Сақталуына бірінші себеп «мал басы туралы мәлімет» делінуі, екіншісі латын әрпімен жазылуы сияқты. Әлденеше күн сарғая іздеп отырған менің өзім аттап өтіп кетіп барып «ең болмаса мал санын алайын» деп қайта оралдым. Жылаған баланың өксігіне, еңіреген үлкеннің көз жасына толы осы бір мәлімет-таблицаны жұртшылыққа толық ұсынып, таныстырғанды жөн санадым.

Атсыз бір тармақ: онда 24 жылқы, 12 түйе көрсетілген. Сол графада адам саны жоқ. Ол басқаруда жүрген белсенділер, милиция, сот, прокурор, мұғалім, т.б. болса керек. Ал, мұнан кейін табылған тағы бір деректе 1926 жылы Шет ауданының қазағы 48311 адам екені айтылған. Сонан, 1930 жылға дейін кәмпескелеп қудалап 36568 адамға дейін азайтылған. Сөйтіп, 1932 жылдың басында Шеттегі 36568 қазақтан 1933 жылы 5021 адамы ғана тірі қалған. 197832 бас малдан 1768 басы ғана бар. 1928 жылы кәмпескеден кейін мал басының 10-15 есе азайып кеткенін үлкендердің бәрі айтады. Сол азайған 197832 бастың 1933 жылы жұрнағы ғана қалыпты.

Адамды атуды да, айдауды да жоспарлаған үкімет жоспарын орындау үшін жер-жерде дәреже қуғандар аянбай еңбек етіпті.1930 жылы бай-құлақ саны 76 болса, 1931 жылы 325,1932 жылы 400 боп шыға келіп, тап жауын құрту жоспары асыра орындалып, елдің жаппай қуғын-сүргінге түскені көзге ұрып тұр. Әр үйге 150-ден 500 басқа дейін мал тапсыру салығы түсіп, барынан жұрдай боп, күзді күнгі шыбындай боп қырылып жатқанда, аудан бойынша егін егуді 12 күнге бітіруді, бесжылдықты төрт жылда орындауды жоспарлап, ұрандап жатқанына сау адамның миы жетуі мүмкін емес.

1930 жыл документтерінде Шет ауданы­ның халқының саны дұрыс есептелмей, кем көрсетіліп отырғаны өте жиі айтылады. Тіпті, басшыларына сөгіс те берілген. Мұны фонд №1, опис №1, дело №10-нан көруге болады. Бұл жағдай әрі қарай зерттеуді қажет етті. Жойып жібермесе жа­зыл­ғанынан жазылмайтын архив статис­тикасы 1926 жылы Шет ауданында 48311 адам болғанын дәлелдеп отыр. Сонымен, осыншама елден 1933 жылы 5021 адам қалғаны шырқыраған шындық. Осы күнгі Шетке көршілес аудандар халқының басына түскен қызыл дозақтың тауқыметі де кем емес. Сол Қарағанды архивіндегі Р-2, оп 1:4 «материалы о работе 1-ого окружного съезда советов Каркаралинского округа, население Каркаралинского округа 1934 на 11» деген материалда мына факті көрсетілген:
Қу (Егіндібұлақ) ауданында – 3545 адам;
Шет ауданында – 6467 адам;
Жаңаарқа ауданында – 5960 адам;
Қоңырат ауданында – 8111 адам;
Қарқаралы ауданында – 10564 адам;
Баян ауыл ауданында – 10504 адам.

Зұлматтан кейінгі өткен жылда аудан халқы бір, не екі мыңға өсіп қалған. Оның көбі иесіз жерге ие боп қалу үшін қалған, орыс, шүршіт, т.б сияқты келімсектер, совхоздарды нығайту үшін жіберілген европалықтар еді. Біразы аштықтан бас сауғалап тірі қалып, енді қайта оралғандар болатын. Шет халқы 5021 адамнан 6497 кісіге өскен. Қарқаралы, Баянауылда соның өзінде 10 жарым мың адам ғана.

Аштан қырылғандардың жаппай жерленген жерін табу бүгінгі ұрпақтың ісі. Шетте аудан орталығының төменгі тұсында, Бақай бәйбішенің зиратының жанына жерленген 400-ге тарта адамның мүрдесі жатыр. 70-жылдары бұл зұлматты елдің есінен шығарып жіберу үшін сол жерге автобаза салып, жыпырлаған қабірдің үстінен машина жүргізіп қойды. Қазір ол жерді қоршап, қорғауға алған боп жатырмыз. Сол сияқты ГПУ-дің ескі үйінің артындағы сайға өте көп адам жерленген. Бұл жерде атылғандар да болса керек. 60-жылдардың орта кезінде, ол жерді егін екпесе де қасақана жыртып тастады. Осы күнгі көп бейіттің дәл ортасында бір шұңқырға 525 адамды көмгенін Ыбыштың Жүнісі, Құтжантегі Жұматай, Шәукей Жұқанұлы ақсақалдар бүгінде көрсетіп отыр. Осы күнгі сауда қоғамының (РайПО) кеңсесі 1932 жылы Детдом болған. Сол жердің іргесіндегі үй орнындай шұңқыр 1955-56 жылдарға дейін өлген балалардың сүйегіне толы болатын.

Просторный совхозының маңына осы ғасырдың басында келген Лакман деген неміс қазақтармен қатты достасып кеткен. Ол кісі 1933 жылы талай таныс адамның, не оның отбасының қай жерде аштан қырылғанын айтып, сүйектерін тауып, өзі жерлескен екен. Осы күнгі Жарық станциясында темір жол тартамыз деп жұмыскер ретінде көп қазақты жинаған. Жағдай ауырлағанда басшылар жұмыскерлерді тастап, тайып отырған. Осы жерде 200-ден аса адам өлгенін Ә.Маясарұлы айтып отыр. М.Күзгібеков 30 жылдардың бас кезінде Жаңаарқада қызмет еткен. Сол кісі ауданның ескі орталығы тұрған Аппаз өзенінің бойындағы кірпіш күйген жерде М.Ағыбаевтың үйінен 200 қадамдай жерге 200-ге жуық адамды бір ұраға көмген айтады. «Дружба» совхозындағы қарт ұстаз Зәрубай Тәжитов сол жиын деген жердегі мешіт маңында кырылғандарды жазда қалай көмгендердің көзі тірі куәсі.

Қазақтың аштан қырылуы 1932 жылмен біткен жоқ. Ол 50-ші жылға дейін созылып келді. Зейнеткер Нұрмұханов Төлеутай 1948 жылы Сәтбаев (Никольск) қаласында ФЗО-да болғанын, өзін еріксіз жетім деп салып жібергенін айта келіп, сол ФЗО-да қазақ жетімдерінің февраль, март, апрельде 60-тан астам баласының аштан өлгенін хабар етеді. Ол осы жерден Байқожаның Смағұлының қызы Күленмен бірге кеткенін, сол қыз асын Төлеутайға беріп асырап, өзі аштан өлгенін бізге жеткізген.

Ел ашығып жатқанда, үкімет құлақ естімеген қылмыс істеді. Жылқыны маңқа деп жаппай атып, тартып алынған малдың етін тау-тау қылып үйді, белсенділер «ет планы» деп үй-үйді тінтіп, ең соңғы талшық азығын тартып алды. Тау-тау ет 1932 жылдың жазында сасыды. Тіпті, сасыған еттерді де аштарға бермеді. Сөйтіп, бір ғана Нілдеде 100 мың тонна ет өртелді. Мұндай жағдай Бұрма, Спаскіде болған еді.

Халық аштан қырылып жатқанда ел басына кездейсоқ келген көрсоқыр басшылар той тойлап жүрді. Шет ауданының ауатком төрағасы Қуанышев үкімет жәрдемін әкелуді де ұйымдастырмай, күнде мас болып, детдомдағы орыс бикешімен әуейі боп жүрді. Ауданның партия басшысы М.Байбоқышев жұмысын тастап қашып кетті. Сөйтіп, прокурор, милиция бастық дегендер із-түзсіз жоғалды. Аштық тым ұзаққа созылды. 1932 жылы шыңына жеткен аштық 1933-34 жылдары ішінде де жалғасып жатты. Архив (фонд 5, опис №1) 1934 жылы Шет совхозының жұмыскері М.Мұқабаевтың нан сұрағаны үшін сабалғанын айтады. Өзінің өзегі талып, көзі аштықтан қарауытқан, бала-шағасы үшін нан сұрауға правосы болмаған. Қайран халқымның бейшара болған күндері есімізге келген күні бүгінде түнімен дөңбекшіп, жүрек сыздап шығады.

Райзо Жексенбаев деп салқын мәлімет береді. Өзегі талған ел ес жия алмаса да (есін жию 1990 жылға дейін болмады ғой) тырбана бастағандай.

Осы күнгі өскен елдің көбі зұлмат қыр­ғынын ұмытқандай, не шала білетіндей. Ол қалай деген заңды сұрақ туады. Оның жауабы да архивте жатыр. Р2/1/211/ отчеты, а, я/советов перед избирателями за 1936 г/о.

Сөйтіп, еркін сайлау есін жиғызбай, басқа көзге төпелеп, әр ауылдың естиярын Сібірге ала жөнелді. Бұл долы алдындағы репетиция еді. Халықты «кімдер тәртіпке шақыруға кө­мек­тесті, оны ел де, архив те біледі.Мұнан соңғы оқиғалардың «Геройларының» аты-жөні де жазулы, сақтаулы, тек тірі жүргендері кешірім сұрай білулері керек қой, «мешкей» деген жақсы ат емес дегендей, «стукач-салпаң құлақ» дегеннің несі оңды. Міне, осы сұрапылдар халықтың жадын «ұмыттырғандай» еді. Бірақ, ел ұмытпапты. 1930 жылғы зұлмат кешегі Совет елінің талай жерінде болған-ақ шығар. Бірақ, қазақ халқындай орасан ойранға ұшыраған, халқының 70-80 пайызы құрыған жағдай ешбір республикада болған емес. Бұл геноцид еді. Бүгінгі тірі ұрпақ ажалдың аузынан қалғандар. Алла қазақ даласының халқының алдын оңдасын!

Кәмел Жүністегі,
жазушы

«Ақиқат» 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста