«Үстірт Мауглиі»: 5 жасында қасқырлар арасынан табылған ұл адамдарды жатсынып өткен
1957 жылы тікұшақпен шыққан бір топ геологтар Үстірт жазығында (Түркіменстан мен Қарақалпақстанның шекарасындағы Сарықамыс көлінің маңында) қасқыр аулауға шыққан. Геологтар топ қасқырды қуып келе жатып, олардың арасында қалыспай жүгірген шамамен бес жасар баланы көріп, таң қалады. Бала қасқырлармен бірге аспаннан төнген жаудан қашуға тырысып келеді.
Олар барлық қасқырларды атып, баланы құтқаруды ұйғарады. Тікұшақты жерге қондырып, баланы ұстауға әрекеттенеді. Алайда, бұл ойлағандай оңайға соқпады. Бала қасқырдың бөлтірігі құсап, адамдарға қарай тістеніп айбат шеккен. Дегенмен, геологтар оны қолға түсіріп, дәрігердің бақылауына тапсырады. Баланың қасқыр үйіріне қалай қосылғаны және ата-анасы кім екені беймәлім. Ауруханада оған олигофрения диагнозы қойылып, Ташауздағы психиатриялық ауруханаға орналастырылған.
Көп ұзамай, баланың өмірінде адам қатарына қосылудың қиын және қайғылы кезеңі басталады. Оған Жұма Жұмаев есімі беріліп, оқытуға кіріседі. Жұма қасқырлар іспетті төрт аяқпен жүргендіктен, тізелері мен шынтақ тұстарының терісі қатайып қалған. Бірте-бірте дұрыс журуге, тамақ ішуге, тістерін тазартуға, шаштарын тарауға, тіпті, шахмат ойнауға үйренеді. Кейде әйел дәрігерлер оған аяушылық білдіріп, үйден тәтті кәмпиттер әкеліп, іш киімдерін жуатын.
Он бес жасында Жұма оқып, жазуды үйренгенімен қоймай, тіпті, өзінің қасқырлар арасында өткен өмірі туралы айта бастаған. Көбіне әңгімелері қасқырлардың оған танытқан қамқорлығы мен тамақпен бөліскені, ал адамдардың нашар қарым-қатынасымен оның «отбасын» өлтіргені жайында айтылатын еді. Ол өзінің қасқыр ата-анасының, бауырларының, қарындастарының қалай өлтірілгені туралы көзінен жасы тамшылап отырып еске түсіретін. Қанішер жауыздардың аспаннан оқ атқандарын төбеге саусағын шошайта көрсетіп отырады.
Жұманы бір ауруханадан басқа ауруханаға ауыстыра беретін еді. Ташауздан ол Ашхабадқа, содан кейін Ашхабадтың етегіндегі Калининское ауылындағы алапеспен ауыратын науқастар арасында ұсталды. Содан кейін белгілі уран шахтасына қарасты Қызылкөл (Красноводск облысы) жеріне ауыстырылды. Ол кезде түрікмен режиссерлері бұл аймақ туралы фильм түсіруді ұйғарғанымен, бірақ, оған қатаң тыйым салынады.
90-жылдардың басында бұқаралық ақпарат құралдары түрікмендік Маугли туралы ақпарат жарияланғаннан кейін, ол туралы материалдар дайындау үшін Мәскеуден «Московский комсомолец» газеті мен «Огонёк» журналы сияқты танымал басылымдардың журналистері келеді. Сонымен бірге, ОРТ арнасының «Взгляд» бағдарламасының жүргізушісі Владислав Листьев Жұма Жұмаев туралы бағдарлама дайындайды.
Келген журналистер Жұманы хайуанаттар бағына апарып, қоршауда отырған қасқырларды көрсетіпі. Влад Листьевтің айтуынша, қасқырларды көргенде Жұманың мазасы қашып, көпке дейін үндемей, кейін қоршау ішіне кіруге тырысқан.
1992 жылы Жұманы Ашхабадқа жеткізіп, режиссер Болат Мансұров одан анасының суретін салып беруін өтінген екен. Жұма болса, қасқырдың суретін салып беріпті. Жұма сөздерді жетік айта алмаса да, оған айтылған сөздерді жақсы түсінген. Болат Мансұров: «Жұма, бұл – қасқыр», - депті күлімсіреп, сол уақытта көзіне жас алған Жұма: «Бұл – менің анам», - деп жауап берген екен.
Осы әңгімеден кейін режиссер «Түркімен Маугли» атты фильм түсіруді ұйғарады. Алайда, кадрлардың белгілі бір бөлігі болғанына қарамастан, фильмге тыйым салынды.
37 жаста Жұма төлқұжат пен жәрдемақы алу құқығына ие болады. Бірақ, өмірінің соңына дейін психиатриялық ауруханада қалу бекітілген.
Кейін Жұма арнайы мектеп-интернатқа ауыстырылды. Журналистердің онымен соңғы сұхбаты 1996 жылы өткен, содан кейін аурухананың есіктері жаппай бәріне жабылған. Жұма туралы ақпарат құпия түрде сақталып, оның кейінгі тағдыры қалай өрбігені белгісіз. Оның қайтыс болғаны да, қайтыс болмағаны да айтылмайды.
Өмірде кездескен басқа «Mаугли адамдармен» салыстырғанда, Жұма әлдеқайда ұзақ өмір сүрген. Олардың көпшілігі 40 жасқа дейін жер басып жүрсе, Жұма туралы дерек үзілгенге шейін шамамен 50 жаста еді. Қасқырлардың арасында ол шамамен 5 жыл өмір сүрді десек, адамдар арасында 40 жылдан астам уақыт өмір сүрген. Алайда, ол адамзат қоғамын түсінбей, адами болмысты қабылдамаған сықылды. Жұма Жұмаев феномені ғылым үшін жаңалық болатын. Оның есімі ғылыми әдебиетке де енген.
Қарақалпақстандық жазушы Өмірбай Өтеулиев: «Жұма Қарақалпақстанның территориясында, Сарықамыс көлінің жанында табылған», - дейді. – Мен ол туралы Үстірт шопандарынан бірнеше мәрте естідім. Қасқырлар ерекше сезімталдығымен ерекшеленеді».
Белгілі жазушы және журналист Өмірбай Өтеулиевтің шығармаларында қасқырлар туралы көптеген мәліметтер жазылған.
Аударған – Дастан АБДРАХМАНҰЛЫ
(Жазба журналист Қанат Ескендірдің Facebook-тегі парақшасынан алынды).