Шымкенттің жасы 2200 жылдан асты. Бұл туралы археологтардың халықаралық ғылыми конференциясы барысында айтылды. Канада, Франция, Бельгия, Англия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген ғалымдар Шымкенттің 2200 жылдық тарихы барын бір ауыздан растады. Бірақ датаны атап өту үшін, ЮНЕСКО мақұлдауы керек. Шаһардың жасы ЮНЕСКО деңгейiнде аталып өтiлуi үшiн бұл ғылыми тұжырым дүниежүзi тарихшы-ғалымдарының алдында мойындалуы тиiс. Ендi ол күн де алыс емес. 2200 жылдық қала атанып, оны тойлау 2017 жылдың еншісінде екен. Бұл тарихи деректi Әбiш Байтанаев бастаған зерттеушiлер он жыл бұрын дәлелдедi. Көне шаһардың тарихы туралы кiтап шығарды.
Жуырда Шымкентте өткен «Шымкент – 2200 жылдық тарих» тақырыбында халықаралық ғылыми конференцияда Шымкенттiң өткені мен қазiргi даму деңгейi, экономикалық-әлеуметтiк жағдайы туралы әңгіме қозғалды.
ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлi кеңсесiнiң өкiлi Юрий Пешков көне шаһар орындарының тарихи құндылық ретiнде сақталуы келер ұрпақ үшiн маңызды екенiн жеткiздi. ЮНЕСКО нақты деректермен, археологиялық қазба жәдiгерлерi арқылы жасы дәлелденген Шымкенттi де әлемдегi тарихы тереңде жатқан қалалардың қатарына қоса алатынын мәлiмдедi.
Лионнет БЕРТИЙ, франция елінен келген зерттеуші:
– Археологтар өте жақсы жұмыс істеген. Маған жіберген мәлімметтерімен толықтай танысып шыққанмын. Кітаптарды да оқыдым. Сондықтан 2200 жыл дегенмен келісемін. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне қаланың тарихы терең.
«Шымкент – 2200 жылдық тарих» тақырыбында өткізілген халықаралық ғылыми-конференцияға жиналғандар көне шаһардың жасын бекітіп, ЮНЕСКО көлемінде атап өтуді ұсынды. Ол үшін ұлттық комиссия қажетті деректердің саралап, ұсыныс беру керек екен. ЮНЕСКО және ИСЕКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комитетінің атынан келген Юрий Пешков дәйектердің жеткілікті екенін жеткізді.
Юрий ПЕШКОВ, ЮНЕСКО және ИСЕКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комитетінің өкілі:
– Шымкенттің көнелігін дәлелдейтін фактілер айтылды. Жылдар бойы жиналған. Бұл қаланың 2200 жылдығын атап өтуге тұрарлық негіз деп ойлаймын. Ендігі жұмыс ұлттық комиссияға тиесілі. Өтінім берсе, келер жылы қарауға дайынбыз. 2016 немесе 2017 жылы шымкенттіктер туған қалаларының 2200 жылдығын атап өтеді деп сендіре аламын.
Шымкентке 2200 жыл толғанын алғаш болып дәлелдеп, кiтап жазған — Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтының директоры, тарихшы-ғалым Бауыржан Байтанаев. Туған жердiң тарихын зерттеп, елiмiздiң өркениеттi мемлекеттердiң iзбасары екенiн жариялап, еңбектенiп жүрген тарих ғылымдарының докторы. Бауыржан Байтанаев көне Шымкент қалашығына қазба жұмыстарын жүргізу үшін жұмсалатын қаржыны жергілікті билік өкілдерінің бөлгенін жеткізді. Нәтижесінде қаланың дәл орталығында орналасқан археологиялық орыннан көне дәуірге жататын бірнеше жәдігер табылды. Мысал ретінде керамикалық кешенді айтуға болады. Оның жасын ғалымдар Афросиабпен, яғни, Самарқанмен шамалас деп отыр. Яғни, біздің эрамызға дейінгі VIIІ ғасыр. Осылайша Байтанаев ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеулерін қорыта келе Шымкент—Қазақстандағы ең көне қала деген тоқтамға келді. Оның бұл тұжырымдамасын Карл Байпақов та , шетелдік ғалымдар да қолдап, ежелгі қалалардың қатарына Шымкенттің де кіретіні жөнінде өз пікірін білдірді.
Бауыржан БАЙТАНАЕВ, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтының директоры, тарихшы-ғалым:
-- Ежелгi тарихи деректерде Нуджикент деп аталып жүрген қала – Шымкент деп есептеймiз. Бiз 2003-2004 жылдары Шымкент қалашығында 14 метрге дейiн археологиялық қазба жұмыстарын жүргiзiп, көптеген құнды жәдiгерлердi, бұрынғы қала орнын таптық. Бұл жәдiгерлер бiздiң заманымызға дейiнгi II-III ғасырларға тиесiлi. Демек, Шымкент те Орта Азиядағы Ташкент, Тараз, Самарқан қалалары сияқты 20 ғасырдан астам уақыт бұрын пайда болған. Өкiнiштiсi, бiз нақты дәлел келтiрсек те Шымкенттiң жасын халықаралық деңгейде бекiту жұмыстары баяу жүрдi. Ал өзбекстандықтар бiрден iске кiрiсiп, Ташкенттiң 2200 жылдығын тойлап үлгердi. Бүгiнгi конференцияда бiраз түйткiлдер тарқатылып, Шымкентiмiздiң 2200 жылдығы халықаралық деңгейде насихатталуда. Бұл — маңызды қадам. Әрбiр адам өзi туып-өскен қаланың тарихын бiлсе, келешегi де жарқын болады.
Канадада тұратын танымал ғалым, тарих ғылымдарының докторы Рустам Сулейманов «Шымкент және Орта Азияның урбанизациялану көздерi» атты баяндамасында неолит, қола, темiр дәуiрлерiнде Орта Азияда көне қоныстар болғанын айтты.
Рустам СУЛЕЙМЕНОВ, тарих ғылымдарының докторы:
– Осы қаладағы қазба жұмыстарына өзiм де қатыстым. Шымкентке 2200 жыл толғанын растайтын археологиялық қазбалар табылып, оған лицензия алынды. Қаланың жасын анықтау өте маңызды. Ол жастардың Отанға деген сүйiспеншiлiгiн оятады. Өркениеттi елдiң iзбасарлары екендiгiне мақтаныш сезiмi пайда болады. Ұлттық рух көтерiледi, — дедi тарихшы ақсақал. Оның франциялық әрiптесi, тарих ғылымдарының докторы Лионнет Бертий Шымкенттен табылған керамикалық заттар шамамен 2200 және одан да көп жылдар бұрын жасалғанын айтты. Тарих ғылымдарының докторы Карл Байпақов: «Археологиялық қазбалар Шымкенттiң жасы 2200-де екенiн айқындап бердi. Оған қаладан табылған зергерлiк бұйымдар, ыдыс-аяқтар және керамикалық заттар дәлел болады.
Шымкенттiң 2200 жылдығы алғаш рет халықаралық деңгейде талқыланып, атап өтiлдi. Дегенмен, алда әлi де атқарылар жұмыс көп. Шымкенттiң жасы халықаралық деңгейде бiрауыздан мойындалуы үшiн ЮНЕСКО-ның бас конференциясына өтiнiш берiлуi керек. Әлi де зерттеу жұмыстары жалғасуы қажет. Ал бұл мемлекет тарапынан тиiстi қаражатты талап етедi. Шымкент қаласының әкiмi Д.Сатыбалды мен мәслихат депутаттары осы мәселе бойынша жұмыс жанданатынын жеткiздi. Тарихқа тұнған Шымқаланың жасы ресми түрде расталмаса да тағы бір жасқа өсті. Сан жылдар бойы еткен еңбек ақталып, Шымкенттің 2200 жылдығы да тойланатын күн алыс емес. Халықаралық конференцияға жиналғандар жергілікті археологтардың деректеріне сүйене отырып, осындай шешімге келді.