Сұрғылт тұман дым бүркіп,
Барқыт бешпент сулайды.
Жеңіменен көз сүртіп,
Сұрланып жігіт жылайды.
Не осений мелкий дождичек,
Брызжет, брызжет сквозь туман.
Слезы горькие льет молодец,
На свой бархатный кафтан – Бұл өлең жайлы түсініктемеде: «Абайдың 1892 жылы жазылған А.А. Дельвигтен аударған «Не осенний мелкий дождичек» деп басталатын өлеңі. Көлемі 16 жол бұл өлеңнің жалпы мағынасын ғана сақтап, өлеңді өте еркін аударған. Өлеңнің екінші шумағындағы:
Атаңды анаң азғырып,
Тұрғызбаған бейішке.
Алласы оны жазғырып,
Әкелді бастап кейіске – деген жолдарды Абай өз жанынан қосқан. Өлең алғаш рет Абайдың 1933 жылғы жарық көрген жинағында жарияланған. Онда бұл өлеңді Абайдың туынды шығармасы немесе аударма өлең екені айтылмайды» дейді.
Абайдың ақын шәкірттері ортасында, Абай әулеті ортасында бұл өлең кең жайылған. Ел аузындағы әңгіме, аңыздарға қарағанда өлең аудармасымен қатар әуен сазы бірге шығарылған. Оған Мүрсейіт Бікіұлының 1905,1907, 1910 жылғы көшірмелерінде осы өлеңнің болмай шығуы дәлел.
Өлең 1909 жылғы тұңғыш жинаққа енгізілмеген. Абай шығармаларын жинастырып, көшірмелерді топтастырған Кәкітай мен Турағұл жинақ құрамындағы шығармаларды сұрыптағанда бұл өлең енгізімеді.
Ал 1945 жылғы толық жинақта «Оспан өлімі жайлы жазылған өлең сияқты» деп болжам айтады. Өлең басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеспейді. Абай энциклопедиясында бұл өлеңге түсініктеме бере отырып: «Абай «Сұрғылт тұман дым бүркіп» өлеңіне ән шығарған. Әнді 1953 жылы композиторлар Л.Хамиди мен Б.Ерзакович Ә.Ысқақов пен С.Қасимановтың айтулары бойынша нотаға түсірген. Абайдың немересі М.Мұхаметжановадан осы әннің 3-түрін Қ.Жүзбасов нотаға түсіреді» деп жазады.
Семейдегі Абай мемлекеттік қорық мұражайының негізгі қорындағы Ахат Құдайбердиевтің қолжазба жиынтығында (КП-4484.62-63 б.) «...«Сұр бұлт тұман дым бүркіп» деп басталатын екі ауыз өлең де, оның әні де Абайдікі емес. Оның сөзі де, әні де Ақылбайдікі. Абайдікі деп хатта басылып жүр.
Әйелімсің жылама!
Тәуекел ет құдаға!
Өлең айт! Үйге қайт!
Атаңды анаң азғырып,
Тұрғызбаған бейіске.
Алласы оны жазғырып,
Тастаған әкеп кейіске.
Әйелде ешбір опа жоқ,
Бір күн жалын, бір күн шоқ.
Бетті жу, белді бу, - Ақылбай» - дейді.
Мұхтар Әуезов Абайдың ақын шәкірттері жайында баяндай келіп, «Ұстаз ақынның өзі айтуға үлгермеген, немесе заманында әдейі айтқысы келмеген жайларды тереңдеп үңіп, бірталай өріске апарып тастайды. Олардың шығармаларының ішінде аңқып тұратын адамшылық, санашылдық үгіті, кейбіріндегі діншілдік, қаншылдық идеялары үстіне қосылған Европаның әңгіме құру желісі арқылы Абайдың өз шығарма, өз тұлғасын мынандай айнала кеп қосымша бұйымдар қосып тұрады. Абайдың бұрынғы өзінен байқалған мүсінінен асыра тереңдей түсуіне көмекші болады», дейді. (М.Әуезов. Алматы. «Санат» 1995 ж. 254 б.)
Сонымен «Сұр бұлт тұман дым бүркіп» өлеңі Шәкәрімнің баласы Ахат Құдайбердиевтың айтуы бойынша М.Әуезов айтқан Ұстаз Абайдың ықпалымен Семейде айлап жатып еліне қайтып бара жатқанда Шағылда дүниеге келген Ақылбайдың өлеңі.
Шағыл – Семейдің көкірегін қақ жарып, сайын дала төсінен батысқа қарай таспадай созылған жол жиегіндегі жота. Құнанбай қажыдаг бастап, Абай ұрпақтары, Шәкәрім мен Мұхтар білім іздеп Семейге, елін аңсап Шыңғысқа қарай сан рет тоқтап өткен. Семей –Қарауыл тас жолының оңтүстікке бет түзеген локатор қондырғысы тұсындағы төбе жоны. М.Әуезовтың «Абай жолы» романында қыстай қалада оқуда болған бала шәкірт ауылын аңсап, жанындағы серіктеріне маза бермей асығыс сапар шегетін жол осы. Туған жардің бел-белестері көзіне оттай басылып, жүрегін сағыныш кернеген жас Абайдың алдағы өмірге, күрес пен тартысқа, қуаныш пен қайғыға, ой мен толғанысқа толы тіршілік белестеріне сапар шегетін жолы.
Ежелгі керуен жолының бойы болғандықтан 1855 жылы Шоқан да Қашқарға сапарын осы жол тағанынан бастаған. Оған дейін де бұл жолмен Семей қаласына әлем саяхатшылары – Миллер, Джорж Кеннан, Семенов-Тянь-Шанский, Адолф Янушкеевичтер Семейге келіп, оңтүстік бағытқа жол тартқан. Шоқан Уалиханов пен Федор Достаевский Құнанбай еліне қонаққа барып, Архат тауының бауырында құс атып, арқар аулап қайтатын тарихи жол бұл. Құнанбай, Абай, Шәкәрім Мұхтар, Алаш арыстарының із сапарлары да осы жолмен жалғасқан. Қазақ даналары – А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Ә.Қашаубаев, Қажмұхан Мұңайтбасов, С.Мұханов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Қуанышбаев сынды елдің даңты ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері Абай рухына тағзым ету үшін осы жолды басып өткен.
Шағыл өзегі – қала шетінен атты адамға жарты күндік жер. Қазақ өлшемінде қозы көш жер деп аталады. «Қозы көш» қазақ әнінің дауыс жетер, естілер үні. Ән мен әнші қуатының мүмкіндігін білдіретін шек. Әміре Қашаубаевтың аралдан шырқаған ән дауысы осы шағыл бетінде мал жайып жүрген бақташы, жылқышыларға жетіп естіледі екен деседі естелік иелері.
Шәкәрімнің баласы Ахат Құдайбердиев Семейдегі мемлекеттік Абай қорық мұражайында ұзақ жылдар ғылыми қызмет атқарып, Абай мен Шәкәрім шығармашылығына зор үлес қосты. Ахат Құдайбердиевтің рухани мол байлығын танып-біліп, Абай мұражайында көп уақыт басшылық еткен Төкен Ибрагимов өз естелігінде былай дейді: «Қыстың соғымынан соң Абай Ақылбай мен Әлмағамбетті іргесі тиіп тұрған Семей қаласына баруды кеңес етеді. Олардың алдына қойған мақсаттары – Семей қаласы қазақтарына тән ал, Шыңғыс өңіріне таңсық Қазақ әндері, сондай-ақ орыс, татар әндерін және қала жұртына сіңісті болған күй өзге саздарды үйреніп, игеріп қайту еді. Сол сияқты қобыз, скрипка, сырнай, өзге де аспаптарды үйренуге тапсырады. Ертістің арғы-бергі жағында айлап, апталап, той-думан сауықтарға қатысады. Екеуі бірдей өнерге құштар, үндес жандар қыруар олжаға кенеліп қайтады. Шағыл өзегінде дүниеге келген «Сұр бұлт» өлеңінің бас себепкері Абай еді» деп түйеді.
(Ақылбай Абайұлы)
Семейден айлап жатып риза-қош қайтқан Ақылбай мен Әлмағамбет біраз жерді араға салып, Шағыл бекетінің тұсына таянғанда екеуара өнер-олжа сәлемдемесі жайлы әңгіме айтысып келе жатып:
-Ақыл аға, бұл жолғы олжамыз аз емес-ау, бірақ, Абай аға риза болар өз жанымыздан бірдеме шығарып, тарту әзірлеп апарсақ, - дейді.
-Жөпелдемеда көктемнің лебі демемесе, тіл тұщынтып, әуенге үйіріле қалар саз әуезі Әлмағамбет айтты екен деп таңдайдан тамып, тамаққа үйіріле қала ма? – дейді Ақылбай.
-Өзгенің өлеңін аударып, ән шығару өзіңізге дағдылы іс қой. Өңіңіз құбылып, жүзіңізге толқын жүгіре бастағандай, -дейді Әлмағамбет.
Ақылбайды ой жеңіп, денесін қозғалыс билей бастағанда-ақ, Әлмағамбет екі атты қатар тұсап, шабыт құзырындағы Ақылбайдың ойын бұзбауға бар мүмкіндік жасайды.
Көкіректе туындаған үн домбыра шанағымен үндесіп, Ақылбай мен Әлмағамбеттің кезек орындауында Шағыл төсіндегі бесін самалының соңында дүниеге келген екен.
Осы әңгіменің желісін Бөрілідегі Мұхтар Әуезов үйінің меңгерушісі болған «Ұлылар мекені» жинағының авторы, белгілі тарихшы-шежіреші Бекен Исабаев ақсақалдан да сан рет естігенмін.
(А.А.Дельвиг)
А.А.Дельвигтің сөзі мен М.И.Глинканың музыкасы да тың жаңа түрге айналып, қазақ даласына Абай әні болып кең тараған.
Абайтанудың білгірі Қайым Мұхамедханов бұл өлеңге көп тоқтамайды тек, «Абай шығармаларының текстологиясы жайындағы» еңбегінде «Сұрғылт тұман дым бүркіп» Мүрсейіт қолжазбасы бойынша алынған» деп «бейіске» сөзіне текстологиялық түсініктеме береді. Шындығында бұл өлеңді жартылай аударма деп бағалаған жөн болғанымен терең зерттеуді қажет ететін туынды.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Abai.kz