Қабырғалы қазақ халқының астары ақыл-ойдың теңізі, үлгі-өнегесі мейірім-шапағаттың мұхитына пара-пар салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бір Алланың қалауымен қаланған ғұмыр қағидаттары іспетті. Бұл пайымның анық мысалдарын қазақтың қатпары мен қалтарысы мол тарихының тұңғиығына талпынғанда лек-легімен кезіктіреміз. Тым әріге бармай-ақ, соңғы екі-үш ғасырдың бедерінде ғұмыр кешкен аталарымыздың өмір салты мен тіршілік нәрінің өзі көп нәрсеге көзқарасымызды түзеп, саналыны жағымсыз әдет, әрекеттерден тыйып, әдепке қарай бұрады.
Осы орында халқымыздың қайырымдылыққа үндейтін шүлен тарату туралы дәстүрінің дестесін ағытайық.
Бізге мәлім дүниеде қазақ шүленді негізінен мал қарасы көбейген, әбден жетіліп қоңданған қара күзде таратқан. Дәулеті толып тасыған бай-бағландар қора-қора малды ауыл адамдарының алдынан айдатып, әлі жетіліп үлгірмеген жетім мен жұқанаға, әлеуметтік тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға әр 10 немесе 20 малдың бірін беріп отырыпты. Осындай әдіспен ауылда бірде-бір қатқан қаракөн кедей қалдырмайды екен. Бұл дарқан дәстүрді мұсылмандықтың уәжіп, садақасына ұқсатпасақ та, адамдық парыз бен зекет сынды иманды шаралардың алтын арқауымен астарласып жатыр деуімізге болады. Шүлен таратушылар бұл рәсімді пайда үшін емес, көптің алғысын, сауабын алу мақсатында атқарған. Осы орайда адамдық қасиеттің ең биік шыңына баланған асыл дәстүр халық арасындағы күрделі қатынастарды реттейтін әлеуметтік институттың маңызды тетіктерінің бірі болды деген абзал.
Жомарттық жөнінде патшалар хикаясынан
Атымтай жомарттар қазақта ежелден болған. Олардың дарқан пейілі аңыздарға айналып, кейінгінің жадына асыл нұр боп құйылған. Әйтсе де, ұлы патшалардың жасаған жомарттықтары тарихта анық таңбаланған. Мәселен, жарты әлемге билігін жүргізген Әмір Темір Үндістанды тізе бүктіріп, бағындырған құрметіне Самарқанда қырық күн тойлауға рұқсат беріп, әр келген қонаққа бір ту қойдан жетелетіп жіберуді бұйырыпты. Өзі шаруа киімін киіп, бір көпірдің астында отырып, тойға келіп-кетіп жатқан жұрттың аужайын аңдапты. Шартараптан келген әр деңгейдегі қонақтар қырық күндік тойда ойнап-күліп, түрлі қызықты тамашалап, шарапқоры шарапқа бөгіп, кедей-кепшік тоя ас жеп, бәрі-бәрі бір-бір қойдан жетелеп риза көңілмен тарап жатыпты. Ұлы қолбасшының тапқырлығы мен қаһармандығына және шексіз жомарттығына мадақ айтып бара жатқандар көп еді. Бірақ шарапқа шала мас болған, бір адам алған қойын игере алмай қатты налыпты. «Ей жер әлемінің билеушісі, ту қойыңды бердің, бірақ неге оны байлап әкетуге бір құлаш арқаныңды қызғандың?!» депті. Мұны естіген әмірші: «Қанша жомарттық жасасаң да жұрттың көңілін толық таба алмайды екенсің», деп кейіпті. Бұл хикметті алға тартуымыздың себебі, әмірдің тойға келген елге бір-бірден қой жетелетуі де шүлен таратудың үлгісі болар деп түйдік.
Шүлен осы сынды ас пен тойда да таратылып тұрған. Мұндай иманды шараны қазақ тарихынан көптеп кездестіреміз. Ал біздің осы жолғы әңгімемізге «шүлен таратқан оразкелді» (ру аты – ред.) деген мадақ сөз арқау болмақ. Оның сөздің төркіні қайда, қандай жағдайда айтылды? Енді соған көшейік. Басын ашып айтатын бір сөз, мұнда келтірілген мәліметтер Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының №4 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының оқытушысы Әбдіманап Тасболатовтан алынды. Біздің міндет жазылған жайды жүйелеп, оқырман құзырына жеткізу ғана болып отыр. Себебі, қазіргі күнде қазақ меценаттары енді-енді қалыптасып келеді. Қайырымдылыққа мойын бұрмай, тапқанын қарабасының қамы үшін ғана жинап жүрген шықбермес Шығайбай сынды байлар да баршылық. Оның үстіне Мемлекет басшысы қазіргі экономикалық қиындықтарды еңсеру үшін мая-мая ақшаны шетел асырған дәулетті отандастарымызды ел әлеуетін көтеруге шақырып отыр. Тиісті мемлекеттік мекемелерден шыққан жағымды ақпараттарға қарағанда, бұл игі іс өз жемісін бере бастапты. Ол жөніндегі әңгіме басқа.
Тастанбек байдың асы
Енді негізгі тақырыпқа қайта оралсақ, «шүлен таратқан оразкелді» деген мадақ сөз Тастанбек деген байға ұлдары берген ұлан-асыр астан кейін шыққан. Бұл оқиға өткен ғасырдың 24-жылы, жаз аяғында болған. Бір жыл бұрын аймаққа белгілі әрі беделді бай болған Тастанбек Сыр бойында қазіргі Шардараға Арнасай аңғарындағы Қостақы елді мекенінде дүние салған еді. Бәйбішесі Арзыкүлден туған үлкен ұлдары Жақсылық пен Сағындық бас болып әкелерінің аруағына бағыштап ұлан-ғайыр үлкен ас береді. Бәйге жарияланып, көкпар шабылған, балуан күресіп, ән шырқалған ұлан-ғайыр астың дабысы ұлы дала түгілі қырғыз бен өзбек, әрісі түрікмен және қарақалпақ елдеріне тегіс тараған деген сөз бар. Тіпті, қазақ поэзиясының ерен жүйрігі Ілияс Жансүгіров асқа қатысып, 2-3 жігітімен оңаша ақбоз үйде тұрып, қылқұйрықтыда алдына қара салмаған Құлагерге арналған поэмасына көп мәліметтер мен көріністерді Тастанбектің асынан алған деген аңызға бергісіз әңгімелер де бар. Оны зерттеп, зерделеу әдебиет танушы ғалымдардың еншісінде. Ал енді «шүлен таратқан оразкелдіге» келсек, бұл жоғарыда айтқандай Тастанбек бай шыққан рудың аты. Ол рудың аты неге бұлай екенінің өзі бір тарау әңгіме.
Қазақ дәстүрінде ас беру рәсімі тек атақ үшін емес, халықтың мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін, елдің елдігін дүниеге танытатын тәрбиелік маңызы өте зор, үлкен мәдени-ағарту іс-шарасы болғандықтан, олардың кейбірі үлкен тарихи оқиғаға айналып, ел тарихында өзінің өшпес ізін қалдырған. Осындай үлкен шараның бірі Тастанбектің асы болар. Себебі, 40 атқа бәйгі тігілген ас қазақ жадында бірді-екілі ғана екен. Бұл дерек журналист Сәрсенбек Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай» кітабынан алынып отыр. Онда журналист 105 жастағы қариямен болған оқиға туралы сұхбат құрады. «Осы төңіректегі қаріп-қасірлер бір ай бұрын хабарланып, түгел жиналған. Соңынан жұрт тамашаласын деп бәйге берілді, бәйге қырық атқа тігілді. Қырық бәйге тігу үш жүздің қазақтары ұйымдасқан Абылай ханның асында болған, одан кейін тағы бір бай берген екен. Үшінші болып 40 бәйгені осы Тастанбектің асында тіккен. Бәйгенің мәресі бір шеті Қостақы болса, екінші шеті Шыбынтайға дейін созылған, 80 шақырымдай жер. Бәйгеден соң көкпар болған. Бұрын көкпарға салым аз тігіледі екен. Осы жолы жұрт тамашаласын деп салымның денін көкпарға тігіпті. Бірақ үш күн бойына шабылған көкпарда үш-ақ рет салым салынған», депті көнекөз қария.
Осынау Тастанбек байдың асы кейде той деп те айтылады. Оның себебі, ел арасында жақсы қартайған, көп ішінде қадірі артып ауыл-аймақтың сөзін ұстаған құрметті ақсақалдар дүние салғанда артындағы ұрпағы ұлағатты болса, бір жылдық қаралы мерзімнен кейін аталарының өнегелі өмірінің жаңа ақ парағын ашу үшін үлкен тойға пара-пар ұлан-асыр ас берген. Ал бір айға жуық уақытқа созылған Тастанбек байдың ас салтанатына 300 ақ боз үй тігіліпті. Онда сойылған ірілі-ұсақты малдың есебін алған ешкім жоқ. Күн сайын 30-40 тандырға нан жабылып, ат-арбамен таратылып тұрыпты. Тәулігіне бірнеше тайқазанда ет асылып, палау демделіп, кәуаптер керілген. Өрік, мейіз, жаңғақ, мәмпәси, көкөніс, жеміс-жидек Қоженттен пойызбен әкелініп, Сырдария бекетінен түйелермен, ат-арбалармен тасып жеткізілген. Ақбоз үйлерді сәндеу үшін Самарқан, Бұхара, Түркістаннан шеберлер алдырған. Қазақы қалы кілемдер, бұхары қырмызы кілемдер әкеліп тұтылған, төселген. Ақ шағаладай қатарласа сән түзеген алты қанат ақ боз үйлер ішіндегі әсем айшықты қазақы ұлттық нақышты өрнектер, қымбат бағалы бұйымдар, көз жауын ала құлпырып, ақын тілі жетпестей көріктеніп, сұлу қыздай шырайланған. Кейбір аса қадірменді қонақтар күтетін ақ отаулардың салтанатына 20 жылқының құны кеткен деседі. Қазақтың барлық ұлттық болмысын бүкіл дүниеге паш еткен нағыз көркемөнер туындысындай, деп безбендейді тілші.
Ұлан-асыр асты лайықты өткізу үшін үлкен дайындықтар жүргізілген. Оған алты ата оразкелдінің жарамды жігіттері түгел атсалысыпты. Ол заманда елдің береке-бірлігі мығым, ағайын-туыстық тіні берік, ақ жүрек, шын діл әлі толық лайланбаған кез. Асты өткізуге Басымбек болыс Бегманұлы, Қожамұрат Бейсенұлы, Баубек Сүлейменұлы, Мырзалы болыс Әсілбекұлы, халық депутаты Қарасай деген кісілерге басшылық жасау ұйғарылған екен. Көкпар басталуға аз уақыт қалғанда жетіп келген, Алматыда сот болып істейтін жас заңгер Тәліп Омарұлы: «Өкіметтің өз жұмысы бар, оразкелді менің тойымда не жұмысың бар, бұл тойға мен басшылық жасаймын», деп той иесін шақыртыпты. Той иесі, Тастанбек байдың үлкен ұлы Жақсылық: «Сен билесең өзгеде не жұмысым бар», деп астындағы көкпарға шабылып жүрген қос тұлпарының бірі, боз шұбар сәйгүлігін Тәліп Омарұлына өзі мінгізген екен. «Ал, қаумалаған көпшілік, халқымыздың бұлжымас дәстүрі бойынша ағайынның тойына тек ағайындар қызмет жасап, ағайындар ғана той тізгінін ұстайды. Сол қазақы салтқа орай тойбасылыққа көпшілік мені мақұл тапты. Өкімет адамдары, дем аламыз десеңіздер, әне, тігулі ақ отаулар. Ас та төк дастарқан, қымыз, шұбат – бәрі бар. Білек сыбанған қызметші жігіттер әне жүр. Қызық көргілеріңіз келсе, бір-бірден мініскер ат дайын. Қызметті мен айтқан кісілер істейді. Сіздердің қызмет етулеріңіз біздің елдігімізге сын», депті.
Әуелде асты өкімет адамдарына басқартуға шешім қабылданған себебі, ұлан-асыр тойда оқыс оқиғаға орын бермеу керек болған. Себебі, 1917 жылғы ұзын жылан жұтынан соң жоқ-жұқанасы көбейген дала елінде еңсесін тіктей алмай, әлі де етек-жеңін жинай алмай есеңгіреп жүрген жұрттар бар еді. Сондықтан қаумаласқан көп жерде түрлі жағымсыз оқиғалар бой көрсетіп жататын. Осыны білген өкімет адамдары халық көп келетін жиынды тәртіппен өздері басқаруға ыңғай танытқан. Бұл әрекет қазақтың ғұмырлық салтына қайшы келіп тұр. Осыны аңғартқан Тәліп заңгер аталастарының асын басқару тізгінін өз қолына алады. Нәтижесінде ұлан-асыр астағы түрлі шаралар әділетті түрде өткізіліп, Сағынай асындағы Құлагер оқиғасына ұқсаған қайғылы жағдайға орын берілмейді. Әйтпесе, 40 атқа бірдей бәйгі тігілген аста ел-жұртты қайғыға қалдырып, жадына қара таңба салатын оқиға мұнда да орын алуы әбден кәдік еді. Ұйымдастырушылардың ұқыптылығы мен тынымсыз еңбегінің арқасында қасіреттен құралатын хикая баяны тарихта қалмады. Есесіне «шүлен таратқан оразкелді» деген мадақ сөз ұлы дала елі мен көрші жұрттарға кеңінен тарап кетті.
Қалбай шабандоз
Қанша айтқанмен астың салтанаты сол заманда толық тасқа басылып, қағазға түспегені көңілде өкініш сазын оятады. Қазақ қаламгерлерінің арасындағы ерен жүйрігі Ілияс Жансүгіров расында асқа қатысқан болса, қалай ғана бірер жазба қалмады деген ой шартарапқа жетелейді. Тіпті, бәйге десе ішкен асын жерге қоятын қазақ, ер қанаты саналған тұлпарларды қалайша ұмытып қалды. Үлкен аста бәйгі алған 40 жүйріктің аты, заты және иелері мен бапкерлері, оларды мініп шапқан жандардың есімі анық болуға тиіс қой!? Десек те, осы аста аты алты алашқа танылған көкпаршы Қалбай шабандоз туралы әңгіме бар. Ол жөнінде Өзбекстан қазақтарының «Нұрлы жол» газетінде жазылған. Авторы – Әбдіманап Тасболатов. Ол хикаяның желісін Жантөре Қалыбекұлы деген ақсақалдан алыпты. Оған Тастанбек байдың асындағы көкпар жөнінде әкесі Қалыбек әңгімелеп берген.
Үш күндік додалы көкпарда көп салым тігілгенімен үш рет қана салым салынғанын жоғарыда айтып өттік. Соның ең үлкенін Қалбай шабандоз салған екен. «Тастанбектің көкпарының әбден қызған шағы. Оразкелдінің аттары да, шабандоздары да мәре көрмей жатқан еді. Бабы келіскенмен бағы шаппаса амал нешік. Шалдар жағы тойбасы Тәліпке келді. Көкпардың ауырын тастатты. Оны кез келген көлденең кісінің көтере алуы екіталай-тын. Тіпті, көкпарды көтеру, тақымға салу шабандоздардың ешқайсысына оңай тиген жоқ. Салым барынша іріленді. Көкпардың ең ірі салымын Қалбай салды. Балуанның мінгені қаржау Қожбанның белгілі жирен аты болатын. Жұрт аузындағы бар әңгіме Қалбай мен жирен ат жөнінде айтылды. «Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» демеуші ме еді, біз де арқаланып, аруақтанып шыға келдік.
Қаржау ағайындарға арнап жұмыртқадай алты қанат ақ орда үй тігіпті. Көкпар біткен соң соған келдік. Самсаған дастарқаннан дәм татып, бабы келген бал қымыздан бір-бір саптыаяқ ішкеніміз мұң екен, үй алдына адам қаптап кетті. Даяшы жігіттердің бірі басын сұғып: «Жақсылықтың бәйбішесі бастаған ауылдың ақ дидарлы абысындары тұп-тура осында келе жатыр. Балуан қайнымыз бен жирен аттың бапкерін көреміз дейді. Қырындай отырыңдар», деп қуақылана жымың-жымың етті де, ғайып болды. Іле-шала шолпы сылдыры мен сыңғырлаған әсем күлкінің үні жетті. Елеңдеп отырмыз. Әлден уақытта ішке бір топ келіншек ырғала басып кіріп келді. Маржандай аппақ тістерін көрсетіп өзді-өзі жымиысып қояды. Сірә, Жақсылықтың бәйбішесі болар, ақ жарқын мінезді керме қас келіншектен өзгелері қымсынатындай көрінді маған. «Ал, мырзалар, балуан қайнымыз қайсың?» – деді ол. Біз Қалбайды көрсеттік. «Пай-пай, тіл-көз тасқа. Балуан десе балуаным-ақ екен. Тәңірімнің құдіретін қарай гөр, екі-үш адамды бір кісі етіп жаратыпты». Бай ауылының кербез келіншектері таңырқасып қарап тұрды. Көкпардан кейінгі күні Қалбай балуан мен жиренді көреміз деушілер қаптап кетті. Жігіттің сұңқары мен жылқының тұлпарын көруге қазақтың қай ұланы құштар емес дейсің? Бәрінің назары ортекеше орғыған жирен ат пен қарақұстай қомданулы Қалбайда болды. Міне, Сыр бойында осындай бір жиын болып еді, деп әңгімесін аяқтаған болатын әкем», деген еді Жантөре ағай деп жазады Әбдіманап.
Ұзын сөздің қысқасы, 30 күнге ұласқан ұлан-асыр астың соңында аймақтағы жоқ-жұқана жұртқа мал мен мүлік тегіс таратылады. Содан қиын-қыстау кезеңде аш құрсақты майлаған мал мен мүлік «Шүлен таратқан оразкелді» деген мадақ сөздің таралып, ел жадына жатталуына және кейінгі ұрпаққа өнегесі мол абыз аңыз болып қалады. Бертінде үлкендердің аузынан естіген мынадай да сөз бар. Шүленнен тиген малдың құйрығы майлы болады. Одан тараған малдың басы тез көбейеді. Тастанбек байдың асында тиген малдың тұяғы бізде әлі жалғасып келеді деген әңгімелер айтылатын. Демек, шүленнің қайырын бір ғана емес, бірнеше ұрпақ көруі де ықтимал ғой. Ендеше, ауқатты ағайын шамаң келсе шүлен тарат, сонда Алланың алдында да, адамның алдында да мәртебең биік болады.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»