Соғыс тұтқыны қалай легионер атанды?

Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің дипломын алған күні достарым: «Сен екі бірдей университетті тәмамдадың. Біріншісі – мемлекеттік, екіншісі – Хамза Абдуллиннің университеті», – деп құттықтаған еді. Мұстафа Шоқайдың жолымен жүрген, Мағжан Жұмабаевтың шәкірті, Шота Руставелидің атақты поэмасын аударып, грузин халқының ыстық ықыласына бөленген Хамза Абдуллинмен қалай таныстым? Сәл шегініс жасайық.
Өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ. Алматыға алғаш барған жылдары ақын-жазушылармен кездесулерді босатпауға тырысатынбыз. Әдеттегідей кездесулердің бірінде ҚазМУ-дің түлегі, әдебиетші Нәби Жүнісбаев бұрын біз естімеген өлең жолдарын оқыды:
«Жасаушы ием, кең әлемді құдіретіңмен бір өзіңнің,
Жерге рухтан ұрық септің күшіменен күн көзінің.
Тәж-тақ тартып патшаларға өзіңе ұқсас нұр лебізді,
Адамға арнап бердің бәрін гүлге оранған жер жүзінің.
Өзің, тәңірім тұрған сақтап тіршіліктің түр-нұсқасын,
Жебеп, қорға! – Қараңғы орға жығып Ібіліс нұр құшпасын.
Көкке ұшыр күнәмді көп! Азапқа ауыр төзгіш басым!
Өзімді өрлет! – залымдардың жүрегіне түн қыстасын.
Өлеңнің үйлесімді ұйқасы, әуезділігі, мазмұны өн бойымды балқытып, терең иірімге тарта жөнелді. Кездесу соңында Нәби ағадан: «Бұл кімнің өлеңі?» – деп сұраған едім, ол жымиып:
– Сен грузиннің атақты ақыны Шота Руставелиді білемісің? – деді сынай қарап.
– Естуім бар,-дедім мен.
– Шота Руставелидің атақты «Витязь в тигровой шкуре» атты поэмасының қазақша аудармасы. Оны тәржімалаған кім? – деп қарсы сұрақ қойды.
Мен ыңғайсызданып қалдым. Шынымды айтсам, поэманы оқымаған едім. «Оқымадым», десем: «Білдей университеттің журналистика факультетінде жүріп, әлемдік деңгейдегі грузин ақынының шығармасынан неге хабарсызсың?» – дегенді айта ма деп, қысылғаннан өзімді қоярға жер таппадым.
Алайда, Нәби аға мені тығырықтан өзі шығарды.
– Оны Мағжан Жұмабаевтың шәкірті Хамза Абдуллин аударды. Қайбір білгіштер «жаһанкез» деген сөзден үріксе керек, «батыр, ер» деген баламаларды тықпалаған ғой. Бірақ, бірбеткей Хамзекең бірде-біреуінің ұсынысын қабылдамай тастапты. «Жаһанкез» батыр деген ұғымды бермейді деп бір жағынан әдебиет сыншылары атойлағанымен, оларға сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің өзі тоқтау салыпты. Сөйтіп, бұл кітап Ғабит Мүсіреповтің алғысөзімен жарық көрген, – деп Нәби аға бірталай әңгіменің басын қайырды.
– Хамза Абдуллиннің жасы нешеде? – деймін мен енді қызығушылығым оянып.
– 60-тың жуан ортасында. Екі баласы бар. Ұлының есімі – Шота. Ал қызына осы поэмадағы Тинатин ханшайымның атын берді.
– Олар ендігі үйлі-баранды шығар, – дедім мен тықақтап.
– Жоқ. Ұлы мен қызы – мектеп жасында. Талайлы тағдырды бастан кешкен адам ғой. Өмірінің саналы ғұмыры түрмеде өткен. Ақын Мағжан Жұмабаевты естуің бар ма? – деді ол бүкіл денесімен маған бұрылып.
– Иә, – дедім мен.
– Ендеше, Мағжан Жұмабаев – Хамзекеңнің туысы. Студент кезінде Мағжанның үйіне барып жүрген. Хамза Абдуллин – тағдыр тауқыметін бір кісідей басынан кешкен жан. Егер оның өмірбаянын өз аузынан естігің келсе, таныстырайын, – деді Нәби аға.
Келесі аптада Хамза Абдуллиннің үйінде жолығатын болып келістік.
Маған Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жаһанкезінің» қазақша аудармасына Ғабит Мүсірепов алғысөз жазды деген сөз ерекше әсер етті. Ертеңіне университеттің кітапханасына барып, поэманың қазақша нұсқасын сұрастырдым. Міне, мұқабасы сұр түсті қалың кітап та қолыма тиді. Беттерін парақтап, Ғабит Мүсіреповтің алғысөзін тауып алдым. Академик-жазушы көлемі шағын лебізінде тәржіменің жоғары деңгейде жасалғанын жеріне жеткізіп айтып, еңбекке үлкен баға беріпті. Осыдан кейін Хамза ағамен жолығуға дайындалдым.
Ақынның үйі «Таугүл» шағын ауданында екен. Есікті ол кісінің өзі ашты. Бойы ортадан сәл жоғары, қара торы, жүрісі ширақ қария бізді жылы жүзбен қарсы алды.
– Дария қызыңыз – Кереку өңірінің тумасы. Сізбен арнайы жүздесуге келді, – деп Нәби аға амандық-саулықтан соң, мені де таныстыруды ұмытпады.
– А-аа, Арқаның қызымын де. Бәсентиін Малайсарының елінен екенсің ғой.
«Жиылды өңшең ноян ығай-сығай,
Байжігіт, Тасболат пен би Толыбай,
Ту баста Абылайды хан көтерген
Қамқоры қарауылдың шешен Қанай.
Ашуы жауған қардай, шөккен нардай
Қарт қыран қанжығалы қарт Бөгенбай,
Бөкеңнің жас жолбарыс жеткіншегі
Аузынан жалын шашқан жас Жанатай.
Найзасын нажағайдай ойнататын
Жас барыс бәсентиін Сары Малай», – деп Хамза ата Мағжанның жырларын асқақтата оқи жөнелді.
Ақынның жұмыс бөлмесі кең екен. Жазу үстелінің тұсында кекіл шашы бұйраланып маңдайына түскен аққұба өңді сұлу келіншектің портреті тұр. Үлкен көздері күлімсіреп қарайды. Бір қарағанда бұлбұл әнші Бибігүл Төлегеновадан аумайды.
– Менің алғашқы жарым – Бақыт. Еуропа, Ресей түрмелерін адақтап келген соң, Бақытқа қосылдым. Мамандығы мұғалім еді. Әдебиетті бір кісідей жақсы көретін. Менің өлеңдерімді тегіс жатқа біледі екен. Екеумізді поэзияға деген құштарлық жарастырды. Алайда, жұбайлық өміріміз ұзаққа бармады. 32 жасында құрт ауруынан қайтыс болды, – деді Хамзекең әңгімесін одан әрі жалғастырып. – Оның сұлулығына бәрі тамсанатын. Маңдайымның соры бес елі ғой. Алла маған қалған өмірімнің мәніне айналған Бақытты да көп көрді.
Хамза ақын сүйікті жары Бақыттың әр жылдары жазған хаттарын көздің қарашығындай сақтап қойыпты. «Ол сауатты әрі мәдениеті жоғары жан еді. Жазуы да өзіне сай көркем. Тілі де шұрайлы», – деп екі-үш хатты біздің қолымызға берді. «Жаным Хамзатай!» деп басталатын жолдарды оқығанда, біз де іштей тебірендік.
Шай үстінде ақсақал бізге қазақ халқының ұлы перзенттері Мұстафа мен Мағжан жайлы ел әлі де біле бермейтін тың деректерді, Мюнхендегі «Азаттық» радиосы қазақ редакциясының редакторы Хасен Оралтай туралы толымды әңгіме шертті. Кеңестік өкімет дәуірінде өмір сүріп жатқан біз үшін жоғарыда есімдері аталған Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтардың есімдері беймәлім еді.
Ақынмен кездесу журналистік салаға енді қадам басқан менің өміріме айтарлықтай өзгеріс әкелді. Кейін Хамзекеңнің үйіне жиі баратын болдым. Ол кісінің пәтеріне журналистика факультетіндегі орыс бөлімшесінің, өзге де жоғары оқу орындарындағы филология факультеттерінің студенттері жиі бас сұғатын. Қайсыбірі ақын-аудармашы туралы жазған әңгіме-очерктерін көрсетіп, қарияның батасын алатын еді.
Уақыт өте келе Хамза Абдуллиннің отбасына кәдімгідей бауыр басып кеттім. Жатақханада тұру мерзімім аяқталғанда, қарт ақын сөзге келмес­тен маған өз пәтерінің бір бөлмесін босатып берді. Кейін мені туған қызындай көрді.
Хамза атамыз әр таңертеңгілікте асқа отырар алдында міндетті түрде Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқитын еді.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда Ер Түрігім туып-өскен.
Тұранның тарихы бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
Абай мен Сәкеннің өлеңдерін жаттап өскен маған оның бұл әрекеті біртүрлі тосын көрінетін. Бірақ, Мағжан өлеңдері күн сайын құран сөзіндей санамызға құйылғандықтан ба, кейін оның отты шумақтарын бесік жырындай аузымыздан тастамайтын едік.
Университет корпусындағы үлкен кабинетте әріп теретін машинкалар тізіліп тұратын. Аудандық газетте жұмыс істеп қолым жаттыққан мен бос уақытымда Хамза Абдуллиннің қолжазбаларын машинкаға басып беретін едім (Кейбір қолжазбалар бертінге дейін менде сақталды. Мақала жазу барысында қайсыбір деректерді осы қолжазбалардан пайдаландым).
Хамза Абдуллин Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Өзінің айтуынша, Мағжан олардың отбасына құда бала болып келеді екен. Ақынның атасы Жұмабай қажы мен Хамзаның атасы Жақып қажы балалары бесікте жатқанда құдаласқан. Жұмабайдың Рәзия атты қызы әкесі Жармұхамедтің інісі Тұрашқа кішкентай күнінен атастырылған екен. Ақынның әкесі Бекен болыс болған кезде Жармұхамед би болыпты.
«Мағжанды мен алғаш рет 1927 жылы тамыз айының соңғы күндерінде көрдім. Ұлы ақынның сүйген халқының алдында тағзым етіп, кешірім сұрап жазған «Тоқсанның тобыры» атты өлеңмен жазған өтініші жауапсыз қалды. Осыдан соң әкем Жармұхамед Мағжан тағдырының түзелмейтінін білген соң, ақынды туыс­тарымен қосып қонаққа шақырады. Мақаң өзінің көптеген туыстарымен би үйіне келді. Ақынға үлкен құрмет жасалады. Мағжан Жұмабаев мені бауырына басып, маңдайымнан иіскеді. Қолтаңбасын жазып, кітабын сыйға тартты (Мағжанның өз қолтаңбасын жазып, сыйлаған кітабы шыны шкафтың ішінде тұратын. Қарт ақын оны аялап, құлыпқа салып ұстаушы еді).
1929 жылдың жазында күллі Алашорда мүшелерін ұстап, түрмеге жабу науқаны басталды. Мағжанды Қызылжар қаласында тұтқындады. 1930 жылы он жылға соттады. Барлық алашордашыларды Мәскеу қаласындағы Бутырка түрмесіне қамады. Мағжан 1936 жылдың басында М.Горькийдің жәрдемімен түрмеден босап, Қызылжар қаласында тұрды. А.С.Пушкин атындағы жеті жылдық орыс мектебінде орыс тілінен сабақ берді. 1937 жылы мен Алматыдағы Коммунистік журналистика институтына түстім. Мағжанның Алматы қаласына көшіп келген беті. Араға екі, кейде үш күн салып Лесная көшесі, 89-шы үйдегі ақынның пәтеріне барып тұратынмын. Мені көргенде Мақаң қуанып қалады. Ол кезде ақынның үйіне ешкім де бас сұқпайтын. Тіпті, Жамал, Зыхатай, София, Мәрзия сияқты жиендері де, Жақия деген жездесі де есігін ашпайды. Өйткені, қыркүйек айында Жамалдың ері Тауфық Бердіғожинді, Зықатайдың күйеуі Жанғабыл Көтібаровты «халық жауы» деп ұстап әкеткен. Ал Софияның күйеуі Хамза Есенжанов та «аждаһаның» аузына қашан түсерін білмей, қалшылдап отырған кезі болатын.
Мақаң маған бара сала латын әрпімен жазылған қазақ газеттерін оқытады. Дүниеге қайсар болып келген ақын араб алфавитінің орнына келген латынды қабылдай алмады, мүлдем жек көрді. Сондықтан, қазақша газет оқуды маған жүктейтін. Мен зуылдатып оқи бастаймын. Ол кісі төсегінің үстінде шалқая жатып, мені тыңдайды. Газеттегі жазғандардың бәрін оқымаймыз, тек қай күні қай «халық жауын» тұтқынға алды, олардың ішінде «пантүркістер» мен «панисламдары» қанша, «жапон шпиондары» қалай әшкереленді?
Тағысын тағылар…
Бір күні Мақаң маған: «Хамза, сен қазақша жақсы да нақышты оқисың. Енді сенің орысшаңды бір сынап көрейінші!» – деп қолыма «Казахстанская правда» газетін ұстата қойды. Бас мақаланы түгел оқып шықтым. Мен өзім кішкентай кезімде Омбыда оқыған соң «орысша жақсы білетін шығармын» деп ойлайтынмын. Жоқ, олай болмай шықты. Мақаң, бұлтара сөйлеуді білмейтін адам. «Орысшаң ақсап жатыр, оқығанда екпінді дұрыс қоймайсың, ырғағың да онша емес. Сондықтан, таяуда болатын 13 күн каникулда біздің үйде жатасың. Өзің білесің менің қандай педагог екенімді. Осы 13 күнде мен сені орыс тілінен әжептәуір көтеріп тастаймын», – деді.
Мен келістім. Бірақ, амал қанша, бірінші тоқсанды ылғи «беспен» бітірген маған кәсіподақ ұйымы сыйлық жасап, 13 күнді «Медеу» демалыс үйінде өткіздім. Міне, осы бір 13 күн кейіннен менің күллі өміріме қайғы орнатқан мәңгі қаралы күн болып, жүрегіме қара дақ салды. Осы 13 күннің қырсығынан бес жасымнан жырларын жаттап өскен, жанымдай жақсы көрген данадан мәңгілікке айы­рылдым», деп күйзелуші еді қарт ақын.
Хамза Мағжанның үйіне барса, зайыбы Зылиха тұшпара пісіріп, абақтыдағы ақынға жиналып жатыр екен. Апай ақынның қолжазбаларын алып, Хамзаның қолына береді. «Қолжазбалардың ішінде «Қаламыма» және «Жамбылға» және басқа да жиырма шақты өлеңі мен қазақ тілін дамыту туралы жазылған мақалала­ры сақталыпты. «Қаламыма» – Мир­зоянға өлеңмен жазылған өтініші. Екі өлең­нің екеуі де 24 шумақтан. «Қаламымадан» – соңғы үш шумақ, ал Жамбыл­дан – бір шумақ жадымда. Басқа өлеңдерінің бірі де есімде қалмады», – деп ақсақал қамығатын.
Хамза аға жас жігіт Мағжан ұсталған соң, үш жылдан кейін, яғ­ни, 1940 жылы институтты бітіріп, «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке орналасады. Сол жылы «Шойын жолда» атты дастан жазып, кон­курсқа қатысады да, бірінші орынды жеңіп алады. Желтоқсан айында әскер қатарына алынады.
«1941 жылы тамыз айының соңында неміс қарулы күшінің құрамындағы генерал Боктың армиясы Киев бағытында шұғыл шабуылға шықты. Бокқа қарсы соғысқан үш армия төтеп беруге мұршасы келмей, кейін қарай жылжыды. Үш армия жаяу­лап-жалпылап 23 тамызда Днепрден бері қарай өтіп, өзенді жағалай өскен қопа мен шіліктердің арасына жасырынып, Украинаның астанасын қорғауға кірісті. Дәл осы кезде Сталиннің: «Өл­сек те, тірілсек те Киевті жауға бер­мейміз!» деген бұйрығы шықты. Сталиннің осы бір ойланбай берген бұйрығына көнбегені үшін армия генералы Жуковтың «таяқ жегенін» естідік. Боктың әскерінің жартысы Кременчуктен, жартысы Черниговтан өтіп, Харьковта түйісті. Кеңес армиясы қоршауда қалды. Бұл 1941 жылдың 18 қыркүйегі еді. Кеңестің 650 мыңнан астам адамы тұтқынға түсті. Осыдан кейінгі өмірім Еуропаның көптеген лагерьлері мен түрмелерінде өтті. Алдымен Полтава облысындағы Хорол қаласындағы лагерьге қамалдым. Одан соң Ковель-Алтенбург-Демблин-Веньямино лагерьлерінде өлместің күнін кештік», – деуші еді күрсініп.
Одан әрі Хамза аға Мұстафа Шоқай ұйымдастырған Түркістан легионына қалай тап болғанын «Мұстафа мен Мағ­жан – Тұран елінің даналары» атты кітабында егжей-тегжейлі жазады:
«Веньямино» лагерінде 40 мың тұтқын тұрдық. Барлығы – Орта Азия мен Қазақстанның мұсылмандары. Бір күні, дәлдеп айтқанда, қарашаның 10-ы күні біздің лагерьде әдемі киінген екі адам пайда болды. Біреуі – қазақ Біләл, екіншісі өзбек Мирахмет. Олар көптеген журнал көтеріп келді. Әр 100 кісіге бір журналдан таратты. Алып оқи бастадық. Негізінен журнал барлық түркі халықтарына түсінікті, баяғы «Қиссасы ұл Әнбия» кітабының тілі сияқты жалпыға бірдей тілмен жазылыпты. Журналдың аты – «Милли Түркістан». Редакторы – профессор Иохан Вензинг. Бірінші бетінде әдемі етіп салынған Мұстафа Шоқайұлының суреті бар.
Журналда «Қобызшы Қорқыт деп қол қойған автордың өлеңі жарияланыпты. Онда туған жерге деген сағынышпен бірге түркі тілдестерді бір тудың астына бірігуге насихаттайтын жолдар бар. Ал «Асан Қайғы» деген біреу келімсектердің елімізге әкелген қасіретіне талдау жасапты. Мағжан, Сәкен, Бейімбет, Жүсіпбек, Ілияс, Ахмет, Әлихан, Әлімхандарды айтып, шерге шомады.
1943 жылдың мамыр айында бізге Берлиннен Расулов дейтін өзбек келді. Ол кісі маған: «Берлинде газет шығаратын болдық. Бірақ, тұт­қынға түскендердің ішінде біздің түркістандықтардан бірде — бір журналист жоқ екен. Берлиндегі татар комитетінде Мұса Гумеров (Мұса Жәлел) дейтін журналист бар. Ол қазір «Идел – Орал» газетін шығарып жатыр. Сол Мұсаның жолдасы Ғайнан Құрмашев өзіңді жақсы біледі екен, сол арқылы сені тауып келіп отырмын. Сені Берлинге алып кетемін», – деді. Расулов Әбділқақ Оразов (түрікмен) және Жұмай Мамедов (қырғыз) дейтін жігіттерді бірге әкетті».
«Түркістан комитеті» Нойенбург­штрассенің 14-ші үйінде, екінші қабатта, ал татар комитеті де осы қабатта екен. Мұнда келген Хамза Абдуллин «Қобызшы Қорқыт» – Мәжит Айтбаев және «Асан Қайғы» – Мәулікеш Қайбалдинмен табысады.
«Мәжит Айтбаевты 1939 жы­лы Қазақстан жазушыларының құрыл­тайында көрген едім. «Қорқыт­пен» қол ұстасып амандасып жатыр едім, қарсы столда отырған біреу: «Әй, мынау біздің жаман Хамза қайдан жүр?» – деді. Жалт қарасам, өзіміздің Мәулікеш Қайбалдин. Бардым да құшақтадым. Екеуміз бір-бірімізді мейірлене сүйдік.
«Біреуіңіз Қазақ елін сағынып, күңірентіп қобыз тартсаңыз, екіншіңіз қайғырып өлең жазып жүрсіз. Ал екеуіңнің ортаңда мен сайран салып жүре берейін, атымды «Сайран» деп өзгертейін дедім. Бұдан кейін мен комитетте істейтіндермен тү­гел таныстым. Қазақтан Хакім Тыны­беков, Қарыс Қанатбаев сияқты жі­гіттермен жолықтым. Үшінші қабаттағы татар жігіттерімен де жолдас болдық. Әсіресе, Мұса Жәлел біз­ге жиі келетін. Ол қазақша жақсы сөйлейтін, қазақтың әндерін келістіре шырқағанда, таңғалатын едік.
Мәжит «Милли әдебиет» дейтін журналдың редакторы болып істеді. Люба атты латыш қызына үйленді. Түркістан комитетінің президенті Вали Каюм еді. Ол кісіні осы комитетте істейтін 60 адам «ата» деп атаушы едік. Сонымен бірге, неміс кітапханасында ХІХ ғасырда қазақ өмірінен алынып, немісше жазылған кітаптар өте көп екен. Әсіресе, Кенесары – Наурызбай жөнінде жазылған бір кітапты көріп, біз қайран қалдық. Мәулікеш неміс тілін еркін игерген еді. Сондықтан, ол қазақ өмірінен жазылған көп кі­тап­тардың мазмұнын айтып, бізді таңғалдыратын. Ол түрікше сөйлегенде, түріктердің өздері қайран қалатын. Мәулікешпен бірге қазақ тілінің профессоры Иохан Вензингтің үйіне міндетті түрде қонаққа баратын едік. Профессор біз барсақ қатты қуанады. Қазақ өмірінен көп әңгіме айтады. Мағжанның өлеңдерін бізге немісше оқиды. Мәулікеш қазақтың «Қырық өтірігін» немісше өлеңге айналдырған. Соны Иохан ағайға оқыса, ол кісі шек-сілесі қатып күледі. Ол Мәулікешке: «Сен қазіргі дәуірдегі ешбір немістің ақынынан кем емессің деп тұжырымдайтын», – деп жазады естелігінде.
Соғыс өрті сөнгенде, Германия­дағы түркістандықтар өзара бір шешімге келе алмай, ұзақ дауласады Хамзекеңнің айтуынша, Мәулікеш пен Қарыс түркістандықтарды: «Елге оралмаңдар. Өйткені, бізге ен­ді жол жабық. Бұл жақта тұрып елің үшін істеген жақсылығыңды Сталин бәрібір түсінбейді. Барысымен ұстап алады да атады, болмаса он жыл беріп, Барсакелмеске жібереді», – деп Германияда қалуға үгіттепті.
«Біз соғыс аяқталған соң елге қайтамыз деп оңбай қателестік. «Отаныма» оралып едім, «отаным» 10 жылға жер аударды. 1956 жылы лагерьден босап, елге келдім. Келсем, туған үйімнің орны ғана қалыпты. Анам Гүлсім қайғыдан қан жұтып, мәңгілік мекеніне аттаныпты. 1937 жылы ұсталған әкем сол күйі хабарсыз кетіпті. Шаңырақ иесі — үлкен ағам Мүбәрак майдан даласында қаза тауыпты. Тірі қалған екі ағам – Қалижан мен Ғазиз және інім Қанаш елден безіп, шалғайдағы басқа елдерде өмір сүреді екен. Мен өзіміздің ауылда қалған немере апам Бибізайып пен оның ері Сәлімжанның (Мағжанның туған інісі) үйін паналадым. Жаз бойы осы үйде тұрып, күзге қарсы Алматыға сапар шектім», – деп өткен күндерге шомып, ауыр күрсінетін.
Хамза Абдуллин кітабында Мағжан Жұмабаевтың екінші рет ақталып отырғанын келтіреді:
«Мағжан 1960 жылы бірінші рет ақталды. Арыз жазып, ақталу қағазын (реабилитациясын) алған мен өзім едім. Бірақ, сол кездегі егде жазушылар «білгірлік» жасап: «Бұл саяси реабилитация емес, жай әшейін азаматтық реабилитация», – деп Совет өкіметінің мөрі басылған құжатты, көзімізді бақырайтып қойып, жоққа шығарды. Ол кезде Мағжанды көзі көрген туыстарының бірқатары, атап айтсақ: туған інілері – Мұхамеджан, Сәлімжан, Қалижан және Сабыржан жұбайларымен, бала-шағаларымен қатты қуанып, той жасауға дайындалған кезде бұрынғы жазушылар тобынан шыққан белсенді большевиктер көп жылдан соң келген қуаныш отының жалынын су сепкендей басты. Ақыры, ақынның ойдағы, қырдағы туыстары Алматыға жиылып, Хамза Есенжанов пен оның әйелі София Тастемірованың ұйымдастыруымен шағын ғана той өткізілді. Қазақ зиялыларынан бұл қуанышты әрі қайғылы тойға жалғыз Тайыр Жароков қана қатысты».
Ол уақытта соғыс тұтқындарын ел аса жақтыра қоймайтын. Реті келгенде: «Отанын сатқан опасыз!» деп бетіне жиіркене қарайтындар да кездесетін. Өзгелерін былай қойғанда, зиялы дейтін жазушылар қауымының арасында ақынды тұқыртушылар көп болды. Мұндай қиянат Хамза ақынды да ашындыратын. Ол үлкен жиындарда 37-38-ші жылдардың зұлматында Сәкенді, Бейімбетті, Ілиясты кімдердің көрсетіп, сыртынан сатқанын тайсалмай айтып салушы еді. Осы мінезімен көптеген адамдарды өзіне қарсы жауықтырып та алды.
– Жеңіс миллиондаған жанның қанымен келді! Мұны Пирр жеңісі дейді! Пирр жеңісі дегеніміз не, айтшы, келешек журналист? – деді бірде ақын. Тарихтың бұл тұсынан хабарым жоқтығын мойындамасқа лаж қалмады.
– Пирр жеңісі (Пиррова победа) – қаншама адамды құрбандыққа шала отырып, жеңіс үстемдігін сезіну. Біздің эрамызға дейінгі 279 жылдары Пирр патшаның әскері екі күн бойы римдіктерге шабуылдап, жеңіске жетеді. Бірақ, адам шығыны орасан болады. Халқы жеңіспен оралған әскерді сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алғанда, Пирр патша қолын көтеріп: «Жеңіс көп қырғынмен келді. Егер тағы жеңіске жетсем, әскерсіз қалатыным анық», – деп жеңісті тойлауға тыйым салған екен! Содан бері тарихта «Пирр жеңісі» деген атау енді. Сталиннің жеңісі үшін де құрбандық қисапсыз көп болды. Әскерді дарынсыз қолбасшылар басқарды. Немістің мұздай құрсанған техникасына қарсы біздің жаяу әскерді салды. Сол шайқаста Буденныйдан басқамыз тегіс жау қолына түстік. Сталиннің қателігінен әскери тұтқын атанғанымыз аздай, елге оралған соң Сібірдегі Колымадан бір-ақ шықтық. Түкірігің жерге түспейтін аязда күні-түні алтын қазып, құр сүлдеріміз қалды. Бәлем, «нұр құшқан» Сталин заманы да келмеске кетер. Көр де тұрыңдар! Совет өкіметі құлайды! – деуші еді ойлы кейіпке еніп.
– Совет өкіметі қалай құлайды? Соғыс бола ма? – деп сұрайтын едік біз.
– Оны білмеймін. Революция бола ма, жоқ әлде өзге жолдармен бе, әйтеуір басқа өкімет орнайды. Маған анығы, Совет өкіметі іштен іріп-шіріді. Өзегін құрт жеп тауыс­ты. Мұндай жағдайда құламағанда қайтеді? – дейтін сабырмен.
Еліміз тәуелсіздік алғанда қуанышымда шек болмады.
«Тұтқынға түскеніме мен кінәлі емеспін. Маған «соғыс ардагері» деген мәртебе берілуі тиіс. Шетелде өз тұтқындарына құрметпен қарайды. Мұндай әділетсіздік Совет өкіметінде ғана бар», – деп налитын.
Бірақ, ақынға көзі тірісінде «соғыс ардагері» деген куәлік берілмеді. Өмірінің соңына дейін «ақталды» деген құжатпен жүрді. Шотаны қазақша сөйлеткен аса шебер аудармашы, дарынды ақын өз елінде өзін жат сезінді. Үнемі қағажу көріп, еңбегінің еленбеуі, кітаптарының жарық көрмеуі жасы жер ортасынан асқан ақынды қажытып жіберді. Тек мына оқиға ғана ақынға рух беріп, еңсесін көтеріп тастады.
1973 жылы Ыстанбұлда Хасен Оралтайдың «Алаш – Түркістан» түркілерінің ұлт-азаттық ұраны» атты көлемі 200 беттік кітабы түрік тілінде жарық көріпті. Осы кітабында автор Хамза Абдуллин туралы:
«Сайран» – Хамза Абдоллаұлы Қазақстанның Көкшетау жағынан. Өзі журналистика институтының түлегі. Соғыс жылдарында бір кітабы жарық көрген. Ол қазақ түркілерінің атақты ақыны Мағжан Жұмабайұлын өте жақсы білетін. Оның кейбір өлеңдерін жатқа оқумен қатар өмірін де егжей-тегжейлі әңгімелеп отыратын. Егер Мағжан Жұмабайұлының барлық шығармаларын жатқа білетіндігін ескерсек, Сайран мырза Мағжан Жұмабайұлының туысы да болуы мүмкін.
Сайран мырза Берлиндегі Түркістан ұлттық комитетінде қызмет атқарды және көп пайдасын тигізді. Оның кітаптары мен журналдарда жарияланған өлеңдері Мағжан Жұмабайұлының шығармалары сияқты қуатты және өзіне тартатын болғандықтан Түркістан ұлттық армиясының мүшелері оларды сүйіп оқитын. Өкінішке қарай, бұл кейбіреулерге ұнамады. Сондықтан, жазықсыз жала жабылды. Соғыстың соңына таман Сайран мырзаны СС қудалап, нақақтан-нақақ тұтқындайды. Берлинде СС тарапынан атылған. Бұл жағдай түркістандықтардың арасындағы алауыздықтың одан сайын күшеюіне жол ашты.
Сайран мырзаны жақсы білетін кісілердің айтуы бойынша, ол егер тірі жүрсе, Мағжан Жұмабайұлының стилінде жазған өлеңдері мен басқа да құнды шығармалары арқылы жарқылдап көз­ге түсетін еді. Жа­зықсыз жалаға ұшыраған, бірақ Түркіс­танның ұлт-азаттығы жолында күрестен еш қажымаған Сайран мырзаның жаны жәннатта болсын!»
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Хасен Оралтайдың кітабынан үзінді Алматыдағы арабтың төте жазуымен шығатын «Шалқар» газетінде жарияланады. Түркі жұрты өзін әлдеқашан өлдіге жорығанын Хамзекең 20 жылдан соң біліп, дереу Хасен Оралтаймен хабарласады.
Хамзекеңмен хабар алысқан соң, Хасен Оралтай Алматыға жұбайы Әдишамен бірге ұшып келіп, ақынмен қауышады. Хасен Оралтайдың зайыбы Хамзекеңнен: «Неше балаңыз бар?» деп сұраса керек. «Үш балам бар» депті ақын атамыз. Әдиша тәте Тина екеумізге естелікке тасы бар күміс жүзік сыйлады.
Өзім шапағатын көрген рухани әкем, ақылшым, ұстазым Хамза Абдуллин 2001 жылы дүние салды.

Дария ЕРҒАЗИНА
ЕКІБАСТҰЗ
etjendi.egemen.kz 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста