Шежіреге қатысты сұраққа жауап
Ернар Кейкин: Ассалаумағалейкүм аға. Сізге сұрақ қойып тұрсам болатын шығар. Осы Мəшһүр Жүсіп пен Сəдуақас Мұсаұлы бір заманда өмір сүрді. Сəдуақас мырза бай тұқымы дегені болмаса зиялы адам болған. «Аңшы» деген кітап жинағы Омбы баспасынан жарыққа да шыққан, Жарылғапберді əнші орындайтын «Ардақ» əні елге танымал болды. Өзі Ақкеліннен заманауи мектеп ашуға да мұрындық болды. Осы қасиетіне байланысты елі Сəкен ағай деп атады. Қаржастан шыққан Əбжəлап əулие Мəшһүр мен Сəкен ағайды да жақсы көріп соңына еріп пана тұтты. Сұрағым: Мəшһүр Жүсіп екеуі неліктен аралас құраластығы болмаған. Болса деректер бар ма?
Жамбыл Артықбаев: Сұрағың дұрыс. Бір заманның адамдары екені рас. Мәшһүр -1858 жылы туып -1931 қайтыс болды, Садуақас -1851-1927 жылдары өмір сүрді. Садуақас ХХ ғасыр басындағы қазақ саясатындағы ірі тұлға. Үш түрлі қасиетін айтайын. Біріншіден, оның 1887 жылғы Г.Н.Потанинге Ресей қалаларында оқып жүрген қазақ жастарына көмектесуін өтінген хаты белгілі, ішінде Петербургтегі Б.Сырттановты ерекше атайды. Екінші, Ә.Бөкейханов Семей облысынан Думаға сайланарда Томск университетін бітірген, дәрігер Әміре Айтбақинмен бәсекелес болады. Әміре Садуақастың балдызы, оның алғаны Айтбақының Дүрменінің қызы Зейнеп. Сәдуақас думаға өкіл ұсынатын қариялар жиынында төраға болды және «тура биде туған жоқ» деп Ә.Бөкейхановты қолдады. Үшіншіден, Садуақас қазақ ауыз әдебиетінің жинақтаушысы. Абайдың да өлеңдері С.Шорманов жазбалары арқылы сақталған деп Ә.Х.Марғұлан айтатын. «Аңшы» («Аушы» болып шыққан) кітабын жазғанын өзің де білесің.
Енді неге Мәшһүр мен Садуақас аралас-құралас болмады деген сұраққа келейік. Біріншіден, әлеуметтік жағынан бір-біріне келмейді. Садуақас атақты Мұса мырзаның бел баласы, Мәшһүр астында мінер аты, алдында ас ішерлегі ғана бар Көпей сопының баласы. Мәшекең өзі де бала кезінде Қамариддин хазіретпен бірге Мұса мырза ауылында болғанын, бірақ жүйрік ат, алғыр қыран ұстаған бай балаларына ере алмай қалғанын жазады. Екіншіден, екеуінің мінездерінде де қарама-қайшылық болса керек. Ертеде қариялар мысал қылып, Садуақас пен Имантайдың, екеуі де мықты әулеттің өкілдері, жолаушылап бір ауылға түстенгенін айтушы еді. Қымыз ішіп отырғанда сол ауылдың қожалақ баласы жүгіріп келіп, Садуақастың аяғына екі ши бауырсақты тастап жібереді. Садуақас оны жиіркеніп алып тастады, алып тастаған бауырсағын Имантай жеп еді дейтін. Имантайдан заманында атақтары жер жарған Бөкеш пен Қаныш туғаны белгілі. Мәшһүрдің де біреуге нөкер болып еріп кететіндей пысықтығы бомаса керек. Оның үстіне жастық шағы оқумен, одан кейін күн көріс табумен кетті.
Егер бұл тақырыпқа қызығушылық болса, кейін Садуақас, Имантай, Мәшһүр араларын жазып берейін. Әзірге Мәшһүр мен Шәкәрім арасындағы қазақ тарихына қатысты пікірталасты оқи тұр.
Шәкәрім және Мәшһүр арасындағы қазақ тарихына қатысты пікірталас
Тарих ғылымының дұрыс дамуына қажетті шарттың бірі — пікірталас. Ғылымның терең сырына бойлаймын деген ғалым алдымен әр дерекке, әр ғылыми пікірге сын көзімен қарауы керек. Күмәнға түскен мәселеге қатысты дәлел іздеу ғылыми жұмыстың ең қызық та, күрделі тұсы. Таза ғалым тиянақты, шынайы дәлел жоқ жерде өзеуреп өз айтқанын қайталай бермейді. Әрине, қандай бір ғылымның саласындағыдай, тарихта да ғылыми гипотеза, жорамал болады. Бірақ, сол жорамалға барған күннің өзінде де зерттеуші ғылыми қисынға, яғни логикаға сүйенеді. Сонымен бірге Шығыс тарихшыларының бір тамаша дәстүрі күмәнді жерде «анығын Алла біледі» деп ескертпе жасау. XIX ғ. соңымен XX ғ. басындағы тарихқа қалам тартқан қазақ шежірешілерінің де өз ара ымыра таппаған мәселелері болды.
Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп арасындағы «Шежіреге» қатысты пікір-талас біржақты. Біздің қолымызда Мәшһүрдің Шәкәрім «Шежіресіне» қатысты дүниелері ғана бар, ал Шәкәрімнің ол пікірлерге қаншалықты жауап бергенінен біз хабарсызбыз. Бір жағынан Мәшһүрдің жазғандары Шәкәрімге жетпей қалуы да мүмкін, дәл сол кезенде заман аласапыран еді, екінші жағынан Шәкәрімнің «Шежіресінің» соңғы, жөнделген нұсқасы қолымызда жоқ. 1931 жылы жазушы С. Мұқановқа жазған хатында шежіреші «Қолымда барымнан азғана жазбамды жібердім… Шежіренің бір жыртылып қалғаны табылып, бұрынғы басылғанында қате бар, һәм қосылмаған сөздер бар болғандықтан көшіріп жатырмын түзетіп» деп ескертетіні бар. Осы тақырыппен арнайы айналысқан филология ғалымдарының докторы М. Мырзахметов «Өкініші сол, осы көшіріліп түзетілген шежіренің жаңа нұсқасы әзірше көз жаздырып тұр… » дейді. /Мырзахметов М. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы, 1991.-5б./. Біздің де осы өкінішке қосылғаннан басқа амалымыз жоқ.
Мәшһүр Жүсіп «қазақ шежіресіне» арналған жазбаларында Шәкәрім» Шежіресіне» бірнеше жерде сілтеме жасайды. Мәшһүр шығармаларының 10-шы томын дайындаған Естай Жүсіпов «Тобықты шежіресі» жазылған тараудың басында Мәшһүрдің «Шәкәрім шежіресінен тобықтыны жазып алдық» деген авторлық ескертпесі бар дейді. /Көпейұлы М-Ж. Шығармалары. 10 т. -413 б./. Бір ескертетін мәселе Мәшһүр жазбаларында Тобықты ішіндегі аталардың қазақи ретінде дұрыс аталуы. Осыған байланысты Мәшһүр шежіресінің 10-томына «Түсініктер» жазған Е.Қ. Жүсіпов көтерген мәселе өте орынды. Шәкәрім «Шежіресінің» баспаға түскен нұсқаларында, (әсіресе 1991 жылы жарияланған («Жұлдыз» журналының бірінші санында және жеке кітап ретінде) емле, әріп қателері өте көп. Мысалы Шәкәрім «Шежіресіндегі» «бұл Тобықтының екі баласы -Рысбетек, Дәулетек» (Орынбор нұсқасы, -64 бет), 1991 жылы жарияланған нұсқаларда біресе Ерістік, Дәулетік, біресе Расіптік, Дәулеттік болып жазылады (1991 жылы шыққан жарияланған нұсқалар; Жұлдыз №1.-88-89 бб; жеке кітап түрінде -41-42 бб.).
Мәшһүр Жүсіп Шәкәрім «Шежіресінің» Еуропалық тарихнаманың дәстүріне түсіп, қазақи баяндаудан ауытқып кеткеніне наразылық білдіреді: «қағаз бетін орын алдырып толтырып, жан білмейтін жамандарын жазады. Дадан-Тобықты Қараменді биді жазбайды. Өз заманымызда айдай атын әлем білген Нармамбетті жазбайды. Құнанбай-Бөжей, он бір жыл Құнанбаймен дауласуға жараған Бөжейді жазбайды. Айдай әлемге байлықпен атағы шыққан соқыр Оразбайды жазбайды. Құнанбайдың Ыбырайы (Абайы) жолбарыс болып шыққанда, қасқыр болып шыққан /шапқан/: Базаралы, Бағаналы, Қарымсақ, Шопан,- бұл төртеуі қайдан шыққанын жазбайды…» /Көпейұлы М.-Ж. Шығармалары. 10том. Павлодар, 2007.-188-189 бб./. Мәшһүр Жүсіп қазақ шежіресінің негізгі принциптерінің бірі — тарихты ірі тұлғалар арқылы баяндауды қолданған. Бұл ең көне заманнан келе жатқан көшпелі түркі-монғол халақтарынан шыққан тарихшылардың қағидасы. Мәшһүрдің өз жазбаларында бұл принциптен ауытқу болмайды. Мысалы Қуандық руын тарата келе ол Өтегеннің Көлбайынан Жантелі, Майкөт. Майкөттен Әміртай. Әміртайдан Құлшынбай, одан Әлі болыс. Жантеліден Жорғабай. Жорғабайдан Ысқақ. Кісі білмейтұғын жандарды жаза беріп немеге керек» деп бұл атаны әрі қарай таратудан бас тартады /Көпейұлы М.-Ж. Қазақ шежіресі. Алматы,1992. Әзірлеген С. Дәуітұлы/-25 б./.
Сонымен бірге Мәшһүр Жүсіп Шәкәрім «Шежіренен» тобықты руын таратуға қатысты көшірмелер жасай отырып қазақ арасында белгілі әңгімелерді қосады. «Шежіренің» Мамай батырға қатысты бөліміне «Абыз-Шомақ Боқтыбайдың жасауының ұрлану» әңгімесін, Ырғызбайға қатысты беттерде Балта ақынның Құнанбайға айтқан өленің т.б. қазақтың ауыз екі деректерін, аңыз-хикаялырын қосып отырады /Көпейұлы М.-Ж. шығармалары. 10 том. -186-189 бб./.
Мәшһүр Шәкәрім «Шежіресіне» қатысты қосымшаларының бір қатары «Қалқаман-Мамыр» Шәкәрмнің аса қызықты баяндаған оқиғасына қатысты әңгімесі қара сөзбен де, жазбаша да жарияланған. Мәшһүрдің осы әңгіменің екі нұсқасымен де таныс болғаны байқалады, бірақ шежіреші «Қалқаман-Мамыр» әнгімесінің өлен-жыр түрінде өнделіп, жариялануын ұнатпағаны белгілі. Мәшһүр қазақтың өлен-жырға жақын екендігін, өлең болып шыққаннан кейін Қалқаман мен Мамыр тағдырына елдің аяушылық танытатынын, ал шын мәнінде қазақтың неке тәртібін /жеті атаға дейін үйленбеу/ бұзғандарға ешқандай аяушылық болмау керектегін ескерсе керек. Қалай болғанда да бұл тәртіпті бұзғандарды ақтаудың қажеті жоқ дейді Мәшһүр. Сонымен бір Мәшһүр «Қалқаман-Мамыр» оқиғасына қатысты Бәсентиін — Қойсары деген елдің ішінде сақталған аңызды келтіреді. Ол аңызда жаугершілік заманда осы елге Қалқаман деген азаматтың келгенің, бала болып, жылқы баққанын айтады.
Мәшһүрдің жазғанына көніл қоялық: «Ақтабан шұбырындыда» тоқсан жеті жасында жүре алмай, төбе басында отырып қалған-осы Әнет бабаң. Отырып қалған жері — Әулиелі Қызылтау. Артынан іздеп келіп, тірі күнінде тауып алып кеткен. Әулиелі Қызылтауда Әнет аты -жер аты болып қалған. Елдің барып тоқтаған жері-«Мамыр» көлі болып атанып қалған. Қалқаман Мамырдың моласын күзетіп қалып, ақырында сол маңайда өлгеннен көмілген жері «Қалқаман» атанып, «Қалқаман тұзы», «Қалқаман бекеті» атаған. /Көпейұлы М.-Ж. Шығармалары. 10 том. -186-187 бб./. Бұл мәселе қазіргі тарихшылар тарапынан әлі де нақтыланып, әрі қарай терендей зерттелетін мәселе болуға тиіс.
Екі тарихшының арасындағы келіспеушіліктің бір көрінісі «Тобықты» атауына қатысты. Шәкәрім «Шежіресінде» тобықты атауын арабтың тофиқты /тауфиқты/ сөзімен байланыстырады /Құдайбердіұғлы Ш…-64 б./. Мәшһүр болса» Шәкәрім шежіресінде «Тобықтының аты таупықты /тауфиқты/ екен»-дегені өтірік.» Тауфық»-араб тілі. Қазақ оны білмейтін күні балаларының атын «Боқбасар», «Итаяқ», «Құтаяқ»-қойып жүрген күндері / Көпейұлы 10 т.-191 б./. Мәшһүрдың бұл пікіріне біз де қосыламыз. «Тобықты» атауы ерте мәжуси заманынын келе жатқан сарқыттың бірі және араб-мұсылман әсеріне еш қатысы жоқ. Тобықты атауының этимологиясын, қазақтың Қанжығалы т.б руларының атауларымен қоса сақ-оғыз дәуірінен б.з.б. 1 мыңжылдық қойнауынан іздеу керек деген пікірдеміз.
Белгілі дәрежеде Шәкәрімнің «тобықты» атауын араб тіліменен түсіндіруі Орта жүздің төрт арысынан Елетанбала үшін талас әнгімесіне қарсылық. Мәшһүр болса Елетан баланың тағдырын , оның Тобықты атануын және Маябоз ұранын қайдан шыққанын майын тамыза әнгімелейды. Бұл терең интерпретацияны қажет ететін аңыз Оғыз қаған дәуірі аяқталып, ұлы далаға иелікті Гұнның патшалары жүргізе бастаған тарихи кезеңге келетін сияқты. Арғын қауымына Момын балалары болып енетін рулар оғыз-сақтардан қалған жұрнақтар екеніне біздің сеніміміз мол.
Мшһүрдің Шәкәрім Шежірісін бір сынайтын тұсы Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы жаугершілік. Қазақ арасындағы тарихи аңыздарға сүйеніп Мәшһүр Еңсегей бойлы Есім хан Қатаған елін шапқанда хан Тұрсының екі қызы қолға түскенін, ал қалған қырық қыздың нөкер қыздар екенін жазады. ан Тұрсынның өзінен туған екі қыздың бірін Ер Есім олжалап, екіншісін Шақшақ батыр алып, баласы Кошқар батырға қосқан, одан атақты Жәнібек туады. Яғни Мәшһүр жазғандай «нөкер қыздардың» біреуін Тобықты алса, алған шығар, Тұрсын ханының қызы екен дегені өтірік» /Көп 10 т. — 191-192 бб./.
Шәкәрім «Шежіресінде» Қазақ хандығының құрылуына қатысты қызықты да, мазмұнды аңыз бар. Ол Шайбан тұқымынан Дәшті-Қыпшаққа хан болған Әбілқайырдың Жәнібек-Керей бастаған Орда Ежен тұқымы сұлтадарымен арадағы келіспеушілікке қатысты. Шәкәрім бұл нарызылық Қобыланды қолынан Дайырқожаның өлуіне байланысты дейді. Өкіншіке орай Шәкәрімнің бұл аңызды кімнен жазып алғаны, немесе басқа дерек көздері нұсқалмаған. Мәшһүр болса «Дайырқожа мен Қыдан /Қотан/ тайшының» бұл оқиғаға қатыстылығына күман келтіреді: «Біздің Арғынның әр жақ, бер жағында-Қыдан тайшы-аталған ешкім жоқ» дейді. Осыдан кейін «Арғында Құтан атанған екі кісі өткен. Бірі Қоғамның Құтаны. Ол қазақ «үш жүз» деген атқа ілінбей, жігі бөлінбей тұрған күнінде шыққан. Бірі-Бұтанның Құтаны. Бұл екеуі бір туысқан. Бұтан жасында өліп қалып, онан тұқым, нәсіл, ұрпақ қалмаған. Құтаннан Мейрам сопы жалғыз» дейді /Көпейұлы …10 том. -4-5 бб./.
Расында да Шәкәрім «Шежіресінде» Дайырқожаның /Ақжол би/ атасы делінетін Қыдан /Қотан/ тайшының ХV ғасырда өмір сүруі мүмкін емес сияқты. Ең біріншіден қазақ шежіресінде Қыдан /Қотан, Қытан/ арғын одағына кіретін қуандық, сүйіндік т.б. сияқты көне рулардың атасы болуы себепті.
Мәшһүрдің тағы бір дәлелі Қобыландыға қатысты. Сыншының пікірі бойынша Қобыланды ислам құндылықтарын дала халықтары мойындамай тұрған заманда өмір сүрген ұлы тұлғалардың бірі: «Және бір ұнамсыз сөз:»Қара қыпшақ Қобыландыны хандарға бағыныпты»-деген. Олар бір басты, екі аяқты пенде тұрсын, «Құдай бар-ау»!-деп мойыны бұрылмайтын майталмандар» дейді /Көпейұлы 10 том -6 б./. Біз осы мәселе төңірегінде пікір білдірген едік. (Артықбаев Ж.О. Опыт интерпретации казахского шежеире/ на материалах М.Ж. Копейулы //Среднее Прииртышье в контексте истории Евразийских степей. Павлодар, 2007. с.205-231/. Шәкәрім «Шежіресіне» Қыдан /Қотан, Құтан/ тайшы, Дайырқожа,/ Ақжол би/, Қобыланды батыр т.б. образдардың кіруін қазақтың шежіретану ғылымы әлі де түсіндіріп беріп жатар. Біздің ойымызша Шәкәрім келтірген аңыз Ұлы даладағы екі үлкен қауым арасыңдағы ежелгі күрестен хабардар етеді. Оның бірі-түп бастауы Ертістің оң жағалауындағы Оңтүстік Сібір орманды алқабын мекендеп, кейіннен дала тайпаларына билік жүргізген қыпшақ болса, екіншісі Алтай өлкесінен батысқа қарай жылжыған арғын қауымдары. Бұл күрестің тарихы мың жылдықты қамтитыны сөзсіз. Әбілқайыр ханның қыпшақ ұлысына иек артып, ал арғындар болса Орда Ежен тұқымына адалдық танытуы бұл ескі әңгімелердің Қазақ хандығы құрылған уақытта қайта жандануына себепкер. Басқаша түсіндіру қиын іс болар. Шежіреде айтылатын Қобыланды батыр сөз жоқ қыпшақ- оғыз, яғни исламға дейінгі дәуірдің тұлғасы.
Шәкәрім мен Мәшһүр арасындағы пікірталаста екі жақтың ұстанған бағыттары анық көрінеді. Шәкәрім Ресей тарихнамасының жетістіктеріне сүйеніп Батыс үлгісін қолданса, Машһүр Жүсіп тарихқа қазақ дәстүрін пайдалануды көздейді. Бұл принцип Мәшһүрдін Шәкәрім «Шежіресі» туралы жазған қағаздарының арасында да жүр «Осы күнде шежіре сөйлеп жатқандар: бірі қытай тарихынан переводтап алады. Бірі орыс жазуышалырынан переводтап алады. Қазаққа ол қандай дәлелді шежіре болады?». «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы –Майқы би» дегендей, анық қазақтың өз ортасында сөйленіп жүрген танымал сөзден алып жазған біреуі жоқ (Көпейұлы 10 т. 5 б.).
Бұл пікірталас қазақтың бір жылы туған, бір жылы қайтқан екі арысының арасындағы дау ғана емес. Қазақтың мүйізі қарағайдай екі тарихшысына дау салған мәселе- тарих ғылымының болашақтағы жолы. Өмірдің барлық саласына еуропалық құндылықтар еніп жатқан уақытта қазақ дәстұрін қалай сақтап қалуға болады? Шәкәрім қарапайым тілмен айтсақ қазақ тарихнамасына Еуропаның есігін ашты, әрине қатесі де аз болған жоқ, бірақ Машһүр сияқты тек қазақтын ауыз екі дерегіне, аңызына сүйеніп бұдан әрі тарих күн көре алмайды. Енді қайтпек керек? Бұл жағдайда жол біреу – қазақтың дерегіне сүйену және Еуропаның зерттеу әдістерін пайдалану.
Жамбыл Артықбаев
Фейсбук парақшасынан алынды