Шетелде жүргендігінің арқасында Мұстафа Шоқай репрессиядан аман қалды. Бірақ тура сол мезетте ол қандай әрекеттерге барды? Елдегі жағдайдан хабардар болды ма?
Жазушы, алаштанушы Бейбіт Қойшыбаевтың пікіріне сүйенсек, Мұстафа Шоқай – соңғы демі біткенше халық үшін жұмыс істеген адам. Өмірі сыртта өткеніне қарамастан, ол елдегі оқиғалардың барлығын жіті бақылап отырды. Азаттық қозғалысының теориясын жасаған, соны талдай білген Мұстафа еуропалық басылымдармен қатар, «Яш Түркістан», «Иени Түркістан» журналдарының бетінде де отандастарының өзекті мәселелерін үзбей көтерумен болды.
Репрессия кезінде жазықсыз жазаланған арыстарға жаны ашып, оны да жазып отырды. Бұл ретте Мұстафа Шоқай С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Меңдешевтердің, кеңестік баспасөз жазғандай, «Қазақстанды кеңестік Ресейден бөліп әкетуге тырысқан халық жаулары» болмағанын жазды. Сондай-ақ елдегі орын алып жатқан кемшіліктерге «нағыз ұлт жауы – кеңес өкіметі жауапты», ал «нағыз халық жауы – нақақтан жазаланып жатқандар емес, кеңестік жүйені ойлап тауып, оны халыққа таңып отырған адамдар» деген ойын ашық түрде мәлімдеді.