ҚЫЗДЫ НЕГЕ ТӨРГЕ ШЫҒАРАДЫ?
Нұх пайғамбардың Хам, Сам, Жаппас деген үш ұлы және Уәсила деген қызы болыпты. Пайғамбар үнемі қызына құрмет көрсетіп, оған мүлде дауыс көтермейді екен. Қызы да әкенің қалауын қабағынан түсінетін сұңғыла болып өседі.
Нұх дастархан басында отырғанда үнемі қызын үш ұлынан жоғары, төрге отырғызады екен. Бұл үлкен ұлы Самның көңіліне күдік салыпты. «Уәсиланың жасы бізден кіші. Неге менен жоғары отыруы керек. Әкеміз бізді алалайды-ау» деп ойлайды. Бір күні дастарханда отырғанда:
– Әке, Уәсила кіші болса да, неге бізден жоғары отыруы керек? Ұлдың мәртебесі әрқашан биік емес пе? – дейді. Нұх:
– Біздің ырзық-несібеміздің көп болуы Уәсилаға байланысты. Құт қызды жағалап жүреді. Оны босағаға отырғызсаң, шамданады. Төрге шығарсаң, қуанады. Орны жайлы болса, дастарханнан ас-тағамды үзбейді. Тұрмысыңды түзейді, – депті.
Содан бастап Нұхтың үш ұлы қарындасын төрге шығарып, құрмет көрсететін болыпты. Үш ұлынан өрбіген ұрпақ бұл жоралғыны сақтап, берік ұстайды. Қазақ арасында «қызыңды төрге отырғыз», «қызды босағаға отырғызба» деген талап-ырымдар осыдан шыққан екен.