Бейжің ұлттар университетінің ғалымы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай үш жүздің басын қосқан Абылай хан туралы тың дерек табылғанын хабарлады. Сүйінші хабарды жеткізген Дүйсенәлі Әбділәшімұлы Жапонияның Киото университетіндегі докторантураны бітірген. Онда Орталық Азия тарихын танып, соның ішінде Қазақ хандығына қатысты құжаттар мен тарихын зерттейді. Жетекшісі белгілі жапон ғалымы, шағатайтанушы Хамадам Асами болған. Бүгінде өзі Бейжіңдегі ұлттар университетінде шағатай тілінен арнайы дәріс береді.
- Бұл жалпы тек Қазақстан ғана емес, бүкіл дүние мәдениетіне де үлкен үлес болып қалуы мүмкін. Оның ішінде әрине ҚХР-да да қызығушылық танытады дейміз. Өйткені көрші елдерміз ғой. Әр елдің мәдениеті бір-бірімен тығыз байланыста болады. Болашақта екі елдің осы саладағы зерттеушілері өзара пікір алмасып, бұл саланы одан әрі дамытуға мүмкіндік әкеледі деп ойлаймын, - дейді тарих ғылымдарының докторы, Бейжің орталық ұлттар университетінің оқытушысы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы.
Ғалым бұған дейін Қытайдағы мұрағатқа кірген жалғыз қазақ Еркін Ауғалимен бірлесіп, бірнеше ғылыми еңбектер жазған. Бүгінде ол Қазақ хандығы кезінде Чиң патшалығына жазылған хаттарды зерттеуде. Соның бірі – 1774 жылдары Әбілпейіс сұлтанның Чиң патшалығына жазған хаты. Мұнда Ұлы жүздің бір руын жаулап кеткен оңтүстіктегі қырғыздарды Абылай хан орталықтан арнайы барып талқандағаны айтылады.
Дүйсенәлі Әбділәшімұлы, тарих ғылымдарының докторы, Бейжің орталық ұлттар университетінің оқытушысы:
- Шоқанның ертеректе жазған мақалалары бар. Соның ішінде осы бір деректерге қатысты, яғни қазақтар мен қырғыздардың арасындағы шабуыл соғысқа қатысты. Жесір етіп алып кеткен қырғыздарға Абылай хан бастаған ортада Әбілпейіс бірлесіп, 20 мың әскермен келіп, қырғызға қайтарма шабуыл жасайды. 4 мың адамды алады. Осы тарихи оқиғаны дәл осы хаттан білуге болады. Орта Азия тарихында аса маңызды дерек көзі деп айтуға болады.
Ал философия докторы, Қытай ғалымы У Чукэ Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту қажет, әрі ұлт рухын көтеруге сеп болады деп отыр.
У Чукэ, Қытай орталық ұлттар университеті жанындағы этнологиялық зерттеулер институтының профессоры:
- Қазақ хандығының тарихын біліп, мойындау тиіс. Меніңше, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау арқылы Қазақстан өзін әлемге тағы бір қырынан танытады. Мен бұл бастаманы дұрыс деп санаймын.
У Чукэ – таяуда ғана Қытайда шыққан «Жібек жолын Батысқа апаратын бірінші мемлекет: Қазақстан туралы жазбалар» кітабының авторы. Астанада бір жыл тұрған ғалым кітабында Қазақстаннан алған әсерлері туралы жазған. Және қазақтың көне тарихы мен екі ел қарым-қатынастары туралы айтып өткен....
Жолымбет Мәкішев
Facebook-тегі парақшасынан