Торғай өңірінде құрылыс үлгісі бұрын-соңды кездеспеген оба табылды. Археологиялық ескерткіш Қостанай облысы Арқалық ауданына қарасты Жаңақала ауылының маңайында орналасқан.
Мамандардың айтуынша, ежелгі темір дәуіріне жататын қорым тоналған болып шықты.
Дегенмен археологтар бірнеше құнды жәдігер тапқан. Торғай – археологиялық тұрғыдан алып қарағанда елімізде толық зерттелмеген аймақтың бірі. Тек соңғы бірнеше жылдың көлемінде ғана мұнда қазба жұмыстары белсенді жүріп жатыр.
Мамандар ашқан соңғы жаңалықтың бірі – сақ дәуіріне жататын оба. Мұнда дала билеушісі жерленген көрінеді. Қорымның диаметрі – 32, биіктігі – 3 метр. Бұл өлшемдер адамның әлеуметтік дәрежесінің жоғары болғанын білдіріп тұр. Сондай-ақ мәйіт қойылған тұстағы тас құрылыс та археологтардың назарын бірден аударған.
«Себебі бұл – ел археологиясында жиі кездесе бермейтін жағдай», – дейді мамандар.
Ақан Оңғар, ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ҒЗИ басшысы:
- Ерекше бір дүние – адамды шұңқырға қойып, үстінен арнайы күмбез жасағандығы. Бұл әзірше археологияда кезікпеген. Яғни Орталық Қазақстанның археологиясында тіркелмеген жағдай болып тұр.
Оба маңайынан 152 жебе, көне қанжар және қыш құмыраның сынықтары табылды. Олардың барлығы жан-жақты зерттеліп, кейіннен жергілікті музейге табысталады. Жалпы қазба жұмыстарының қарқынды жүруіне «Дешті-Қыпшақ» ғылыми-зерттеу ортылығы сүбелі үлес қосып отыр.
Сапар Ысқақов, «Дешті-Қыпшақ» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
- «Бабалар ізімен» деген ғылыми экспедицияға барып келдік. Келесі жылы ол жалғасын табады. Барлығы 40-50 елде, біздің бабаларымыздың сол елдің тарихында, мәдениетінде іздері қалған. Ал енді ең үлкен іздер қазақтың аумағында.
Былтыр «Дешті-Қыпшақ» орталығының қолдауымен сармат дәуірінде салынған 2 қорғанда зерттеу жұмыстары жүргізілді. Биыл археологтар Арқалық маңында еңбектеніп жүр.
Түбекбай Әубәкіров, Қостанай облысы Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Туған жер» бағыты бойынша атқарылып жатқан ең көлемді іс деп білемін. Табылған экспонаттар ертең өңделіп, Арқалық қаласындағы музейге табыс еткелі отыр. Бұл да болса музей қорының толығуына үлкен көмегі болатын іс. Торғай даласындағы зерттеу жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Археологтар: «ашылмаған жаңалық әлі көп», – дейді.